Вт. Ноя 12th, 2024

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Батыс Қазақстан облысының Прокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Орал және Ақсай қалаларында екі қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолын кесу бойынша бір мезгілде арнайы операция жүргізді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бопсалау, бұзақылық және тонау күдігімен қылмыстық топтың 20 қатысушысы ұсталған.

«Бірқатар тінту шаралары өткізіліп, нәтижесінде атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің бас пайдалары үшін бейбіт азаматтарды қорқытқандары белгілі болды. Өз кезегінде жапа шеккендер физикалық зорлық-зомбылықтан қауіптеніп, ішкі істер органдарына жүгінбеген», — делінген хабарламада.

Аталған топтар бұрын сотталғандар және деструктив діни ағым өкілдерінен құралған.

«Қылмыстық топ мүшелері бір бірімен текетіресте болғандары және белгілі бір аймақтарда өз әмірлерін жүргізу үшін қару қолдана отырып қақтығыстарға барғандары белгілі. Іске асырылған шаралар өңірдегі қылмыстық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді деп күтіледі», — делінген хабарламада.

Соталды тергеу жалғасып жатыр.


Ақпарат көзі: Tengrinews.kz