Астанада полицейлер дроппердің қылмыстық схемасын әшкереледі
Жедел-іздестіру барысында «Anti-fraud» жедел алдын алу шарасы аясында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 20 жастағы дропперді ұстады.
«Ол қылмыстық топқа шоттарға қолжеткізу үшін деректер мен банк карталарының реквизиттерін берген. Бұл алаяқтық схемаға қала тұрғыны тап болған. Жәбірленушіге белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар оның шотына кибершабуыл жасалғанын айтып, оны болдырмау үшін қаражатты қауіпсіз шоттарға аудару керектігін хабарлаған. Жәбірленуші сеніп, алаяқтар көрсеткен шотқа 1 миллион теңге көлемінде ақша аударған. Алайда ақша аударылғаннан кейін, күдіктілер байланысқа шықпай қойған», — делінген хабарламада.
Қылмыстық істі тергеу барысында елорда киберполиция қызметкерлері алаяқ көрсеткен шоттардың бірінің иесін және оның орналасқан жерін анықтады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді.
«Полицейлер ұсталған азаматтың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды».
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS