Пн. Окт 7th, 2024

Соған жеткізбеу үшін Ұлттық банк бір топ экономистің ұсыныстарының бір бөлігін мақұлдады.

Зейнетақы жүйесіне қатысты кейінгі жылдардағы ең ауқымды реформа пысықталуда. Биліктің ұстанымынша, ол осы жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттырып, заман талабына сайма-сай етуі қажет. Сондықтан реформаның нәтижелері мемлекетке де, қарапайым қазақстандықтарға да, жұмыс берушілер мен бизнесмендерге де салмақ салады.

Бұған дейін inbusiness.kz сараптағандай, отандық қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрған, атақтарында «экс» деген айқындауышы бар бір топ қазақстандық сарапшы Президентке хат жолдап, еңбек жолын аяқтаған қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандырудың лайықтылығын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар жолдады.

Атап айтқанда оның қатарында бұрынғы Ұлттық банк төрағалары Қадыржан Дамитов, Григорий Марченко мен Әнуар Сәйденов, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің экс-төрағасы Елена Бахмутова, қаржы экс-министрлері Болат Жәмішев пен Ораз Жандосов, қаржыгер Гүлфайрус Шайқақова бар. Олар реформаны талқылайтын топ құрамына енген.

Басты проблема сол, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өз салымшыларын – болашақ зейнеткерлерді лайықты инвестициялық кіріспен қамтамасыз ете алмауы және зейнетақы активтерінің басым көпшілігін, 63,41%-ын теңгедегі құралдарға салуы кесірінен, азаматтардың қордағы жинақтары еселеп көбею орнына, қалпымен инфляция мен девальвацияға қатар жем болуда.

БЖЗҚ-ның биылғы бірінші жартыжылдықтағы зейнетақы активтерінің кірістілігі небәрі 6,59% болды. Бұл – инфляциядан келген шығынды да «жаппайды». Ұлттық банктің дерегінше, биылғы маусымда жылдық инфляция 8,4%-ды құрады.

Салдарынан, сарапшылардың айтуынша, 2040 жылдан кейін бейнетінің зейнетін көретін жасқа жеткен қазақстандықтар кедей емес, қайыршыға айналуы мүмкін. Олардың алатын зейнетақысы қырық-елу мыңдай ғана болмақ. Өйткені қазіргі зейнеткерлердің алатынының басым бөлігін – үштен екісін құрайтын «ынтымақты зейнетақы» (биыл орташа сомасы 89 479 теңге болды) 2040 жылы жойылады. Содан кейін зейнеткерлерге тек базалық зейнетақы (2024 жылғы орташа көлемі 42 631 теңге) және БЖЗҚ төлейтін тиын-тебен қалады.

Сондықтан биліктен кеткен экономистер мен қаржыгерлер тығырықтан сәл де болса шығатын бір жолды ұсынып отыр.

Біріншіден, ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) зейнетақы жүйесіндегі барлық төлемдерді есептеудің бірыңғай ең төменгі стандарты ретінде бекітуді ұсынды. Өйткені бүгінде базалық зейнетақыны есептеуде «ең төменгі күнкөріс» деңгейі қолданылады.

Салыстырсақ, 2024 жылы ЕТЖ – 85 мың теңгеге тең. Ал, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңге ғана. Қазақстандықтардың көпшілігі базалық зейнетақыны соның 65%-ы көлемінде (28 мың теңгедей) ғана алады.

Сарапшылар ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде зейнетақы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) шамамен 60%-ын құрайтынын алға тартты. Егер Қазақстан осы стандартты қабылдаса, онда базалық зейнетақы қазіргі шамамен 51 мың теңгеге дейін елеулі өсер еді. Бірақ Ұлттық банк 60 пайызды көпсініп отырған көрінеді. Сарапшылар ең құрыса, ЕТЖ-нің 50%-ын құрағаны жөн деп отыр. Бұл 42 500 теңгеге тең.

Екіншіден, ұсыныс иелері Президентке базалық зейнетақының мөлшерін тең арттыру жолымен мемлекеттік зейнетақыға жұмсалатын бюджет шығыстарының көлемін ЖІӨ-нің 3%-ынан төмен емес деңгейде сақтауға кеңес берді. Өйтпесе, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі бар қазақстандықтарға ғана төленетін ынтымақты зейнетақы жойылған соң, ғасыр ортасына қарай мемлекеттің зейнетақыға шығыстары ЖІӨ-нің 1%-ынан да төмен түсіп кетпек. Ұқсас жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізген, бірақ аса кедей Мексика, Чили сияқты елдердің өзі зейнеткерлеріне ЖІӨ-нің 3-4% деңгейінде бюджет қаражатын шығындайды. Егер дәл қазір жүйені өзгертпесе, болашақта әлемдегі жағдайы ең нашар зейнеткерлер Қазақстанда тұратын болады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, базалық зейнетақының минималды сомасы ең төменгі күнкөріс (ЕТК) деңгейінің 65%-ын, максималды шамасы – 105%-ын құрады. Алдағы уақытта айтарлықтай өспейді. 

Әлеуметтік кодекске сәйкес, 2024-2027 жылдар аралығында базалық пенсияның минималды сомасы ЕТК деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары сомасы 120%-ына дейін артады.

Соның өзінде ең көп дегенде, елу-алпыс мыңның айналасында қалады. Осы «базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері» делінетін, алайда ауыз толтырып айтуға келмейтіндей аз қаражатты алу үшін зейнеткердің жалпы еңбек өтілі 35 жылдан кем болмауға тиіс.

Бұл елге ұзақ жыл еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға емес, мазақтауға ұқсайды. Сондықтан Ұлттық банк пен БЖЗҚ мамандары экономист-қаржыгерлер тобының ұсынысын құптаған жөн деген байламға келді. Соңғы сөз – ел басшылығында.

БЖЗҚ мамандары: «Сарапшылардың бұл ұсыныстарын елемеу неге соқтырады?» деген сұрақ қойып, оған өздері жауап берді.

«Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттің базалық зейнетақыға жұмсайтын шығыстары болашақта ынтымақты зейнетақыға жұмсалатын шығыстардың төмендеуін өтей алмайды. Бұл жағдайда мемлекеттік зейнетақыға жұмсалатын жалпы шығыстардың үлесі ағымдағы 3%-дан 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-ынан да аз деңгейге дейін құлдырайды. Өйткені 2040 жылдан кейін ынтымақты зейнетақы төлемдерін төлеу тоқтатылады. Ал, базалық зейнетақы мөлшерінің өсу деңгейі – жеткіліксіз. Сонымен бірге, базалық зейнетақы нақты емес, тек болжамды инфляция деңгейінде ғана индекстеледі. Бұл халықтың зейнетақы кірістерінің еңбек табысынан жүйелі түрде арттап қалуына және зейнеткерлердің әл-ауқатының құлдырауына соқтырады», – деп түсіндірді БЖЗҚ.

Қор мамандары дамыған елдер мүше Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында (ЭЫДҰ) бюджеттен зейнетақы төлеуге кететін шығыстар ЖІӨ-нің 16%-ына дейін жететініне назар аудартты. Мысалы, Италия, Грекия, Францияда – 14-16%, Австрия, Португалия, Финляндия, Испания, Польша, Бельгия, Германия, Жапония, Түркия, АҚШ және басқа да көптеген озық елде – ЖІӨ-нің 8-13%-ы көлемінде.

Оның қасында Қазақстанда зейнетақылық төлемдер шығысы 0,5 пайызға дейін түсіп кетсе, онда республика «әлеуметтік бағдарланған мемлекет» болудан қалады. Ал, Қазақстан Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп нық жазылған.

Олай болса, егер Үкімет ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) зейнетақы жүйесіндегі барлық төлемдерді есептеудің бірыңғай ең төменгі стандарты ретінде бекітпесе, сондай-ақ зейнетақы төлеу шығындарын ең құрығанда, кедей елдер деңгейінде, 3 пайыз көлемінде сақтап қалмаса, онда оның әрекеті Ата заңға қайшы келуі мүмкін.

Ұсыныс авторларының бірі Григорий Марченконың пікірінше, зейнетақымен қамсыздандырудың қазіргі жүйесі елді жарға жығуы ықтимал. Өйткені 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі барларға ғана берілетіндіктен, әрі еңбек жолы соған дейінгі заманға тұспа-тұс келген азаматтардың саны азайып бара жатқандықтан, бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы мөлшері де тұрақты түрде қысқаруда.

«2040 жылдардың басында соңғы азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындау тоқтатылады. Бұл ретте бюджеттен төленетін базалық зейнетақының ағымдағы өсу параметрлері зейнеткерлердің болашақта лайықты өмір сүруін қамтамасыз етпейді. Базалық зейнетақы тек болжамды инфляцияға индекстелген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Салдарынан, зейнеткерлерге мемлекеттік зейнетақы төлемдерінің мөлшері объективті түрде төмендейді және құнсызданады», – дейді сарапшы.

Ел Үкіметі болашақ зейнетақы көлемін ұлғайту үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық жұмыс берушілерді өз жұмысшыларының зейнетақы жинақтарына «жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын» (ЖМЗЖ) енгізуге міндеттеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл да болашақ зейнетақының төмендеуін өтей алмайды. Себебі, ЖМЗЖ 1975 жылдан кейін туған азаматтар үшін ғана енгізілді және алғашқы төлемдер тек 2038 жылы төлене бастайды. 

ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтардан төленетін алдағы төлемдердің мөлшері өте аз болады. 2040 жылы орташа төлем 2024 жылдың бағасымен алғанда 8-10 мың теңгені ғана құрамақ. Ендеше батыл қарекет-қауқар танытып, қазірден жүйені күрт жақсартпаса, болашақ Қазақстанда зұлмат проблема туындауы мүмкін.