Сб. Янв 18th, 2025

Қазақ азаматы Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалды.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

«Біздің отандасымыз, Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын қуанышпен хабарлаймын! Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады. Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістік мен кәсіби өсу әкелсін!», — деп жазады министр Facebook парақшасында.

Жаңа қызметке тағайындалғанын Әділхан Қопабаев та өзінің Instagram желесіндегі парақшасында растаған. «Apple Inc-ке қосылғанымды қуана хабарлаймын. Орталық Азия және Армения бойынша мемлекеттік саясат және мемлекеттік байланыс бөліміне жетекішілік етем», — деп жазды ол.

«Юрист» ақпараттық жүйесіндегі мәліметке сүйенсек, Әділхан Қопабаев 1995 жылғы 9 шілдеде Ақтөбеде дүниеге келген.

Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтында, АҚШ-тағы Браун университетінде білім алған. Рокфеллер қоры тағайындайтын стипендияның иегері.

Еңбек жолын Оңтүстік Кореядағы және Қытайда компаниялардан бастаған. Кейін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесші болған, Ұлттық банкте, премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеген.

Сондай-ақ Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның бас директоры, «Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы» басқармасының төрағасы болған.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ