Вс. Окт 6th, 2024

Цифрлық трансформациялау мамандарының екінші буыны Аstana IT университетін бітірді. Университет «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы ЭКСПО бизнес орталығының аумағында ашылды. Алғашқы жылы оқуды 614 білім алушы бастаса, келесі жылы олардың саны 2000-ға жетіп, қазіргі күні университетте 5 мыңнан астам студент білім алуда. Бүгінгі таңда AITU қабырғасын 1111 маман бітіріп, оның 1082-сі бакалавр және оның ішінде 133 адам үздік дипломға ие болды.

Бұдан басқа, биылғы жылы алғаш рет Project Management, Applied Data Analytics, Computational Science сынды білім беру бағдарламалары бойынша 29 магистр тәмамдағанын атап өткен жөн.

Диплом тапсыру рәсімінде AITU ректорының м.а. Серік Өмірбаев түлектерге жүрекжарды тілектерін арнап, құттықтады. Ол университеттің IT индустрия саласындағы отандық және халықаралық компаниялармен бірлесе қызмет жасайтынын, студенттердің Huawei, Microsoft, Kaspersky, CISCO, Lenovo, HP және басқа да серіктестер базасында тәжірибеден өткендігін атап өтті.

Серік Өмірбаев: Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша серіктестерімізге қолдаулары, ынтымақтастық пен бірлескен жобалар үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде AITU өзінің академиялық және ғылыми дәстүрлері қалыптасқан үлкен отбасына айналғанын нық сеніммен айтуға болады. Құрметті Astana IT University түлектері, сіздерді өміріңіздегі ерекеше сәттердің бірі — IT саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауды жүзеге асыру мен Қазақстанның цифрлы трансформациялаудың драйвері болуға арналған жоғары оқу орнын бітірулеріңізбен құттықтаймын, — деді.

Диплом тапсыру рәсіміне қатысқан мәртебелі қонақтар арасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те болды. Ведомство басшысы құттықтау сөзін үш тілде айтты.

Саясат Нұрбек: Сіздің буын орасан зор технологиялық және ғылыми өзгерістерге куәгер болудасыздар. Өткен жылы әлемде адам сенбес өзгерістер орын алды. Біріншісі, АҚШ энергетика министрі термоядролық реактордың алғашқы жағымды энергия теңгерімі туралы жариялады. Екіншісі — ChatGPT. OpenAi стартапы іс жүзінде барлық үлкен алыптардан озып, алға шықты. Сондықтан, достар, сіздер мүлдем басқаша, жаңа әлемде өмір сүретін боласыздар, – деп атап өтті.

Министр өзінің ақжарма тілек сөздерінен кейін университет қабырғасында үздік жетістіктерге жеткен 13 түлекке диплом табыстады.

Сонымен қатар, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин де түлектерді құттықтады.

Astana IT University – экожүйенің басты элементтерінің бірі, әрі бізге жақын салалық университет. Серпінді дамып келе жатқаны да қуантады. AITU-ды мыңнан астам түлектің тәмамдауы ортақ ісімізге қосылған елеулі үлес деп қабылдауға болады.

Түлектерді Университет құрылтайшылары атынан «NNEF» қоғамдық қорының директоры Светлана Мырзабекова құттықтады. Ол, жоғары білім алу — жаңалықтар мен жетістіктердің бастамасы ғана екенін атады.

Сіздер үшін білім алу мен болашақ еңбек жолыңыздағы аса маңызды да жауапты қадам жасайтын күн туды. Баршаңызды осындай ерекше, әрі тағдыршешті оқиғамен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздер Astana IT University түлектерінің екінші буынысыз. Дүбірлі де қарқынды, қауырт та қайталанбас, қуанышты жаңалықтар мен ұмытылмас кездесулерге толы студенттік жылдар артта қалса, алдарыңызда алғашқы жеңістер, толыққанды өмірге аяқ басу мен маңызды сынақтар күтіп тұр.

Қазіргі уақытта AITU IT-саласындағы мультипәндер бағыттары бойынша зертеулер жүргізуде. Олардың қатарында смарт жүйелер мен технологиялар, цифрлық «ұқсастар», EdTech, FinTech, AgroTech және энергетикалық жүйелер бар. ЖОО-ның ғылыми қызметі бейінді ғылыми-инновациялық орталықтар құруды; жетекші ғалымдарды шақыруды, мемлекеттік құрылымдармен, IT-компаниялармен, жетекші шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен ғылыми жобаларды орындауды; конференциялар мен семинарлар өткізуді; Scientific Journal of Astana IT University ғылыми журналын басып шығаруды және басқаларын қамтиды.


Astana IT University ұсынған материал