Сб. Июл 27th, 2024

Коррупционерлердің басым көпшілігі темір тордан құтылып кетеді.

Inbusiness.kz кеше Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылғанын хабарлады.

Дегенмен, әлеуметтік желіде пікір бөліскен қазақстандықтар бұл тұрғыда біраз мәселенің басы ашылмай қалғанына назар аудартады.

«Сот шешімімен Мырзахметовтың 5,8 миллиард теңге сомасындағы қаражаты мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл ретте оның Талғат Боранбаевтан 13,9 миллиард теңге пара алғаны сотта дәлелденіпті. Қалған миллиардтар қайда?», – деп сауал тастады Данияр есімді пайдаланушы.

«Жемқорларға қатысты ылғи осылай! Бес жылдың үшеуін отырып, мерзімінен бұрын шартты босап шығады да, шетелде тыққан қалған миллиардтарын шетелде шашып, шалқып өмір сүреді ме?», – деп күмәнданады Ерлан есімді азамат.

Соттың мәліметінше, «А.Мырзахметовтің мүлкіне салынған тыйым сақталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ». Яғни, оның мүлкіне бұғат қойылған, бірақ тәркіленбеген. Мүлік кез келген мезетте тұтқыннан босатылуы мүмкін.

Мырзахметовтың айыпталған бабы он жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастыратын.

Осы орайда Қазақстанда жемқорлардың көбі сотталудан да құтылып кететіні белгілі болып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Tengrinews.kz журналистерінің сауалына жауабында осы мекеме құрылғалы қанша коррупционерлерді ұстап алып, жазаға тартқанын әңгімелеп берді.

Атап өтетін жайт, бұл ведомство 2014 жылы таратылған Қаржы полициясының (финпол) орнына құрылған болатын.

Содан бергі 8 жылда – 2015 жылдан 2023 жыл қорытындысында Қазақстанда жалпы саны 19 мың 778 коррупциялық қылмыс тіркелді.

Жемқорлықты әшкерелеудің шырқау шегі 2016 жылға келді: бір жылда 2 807 қылмыс ашылған. Содан бері жылына орта есеппен 100–200 іске қарқынды төмендеп келеді.

Ақыры жемқорлық қылмыстардың ең аз ашылған кезі қаңтар оқиғаларының қарсаңына – 2021 жылға тұспа-тұс келді: сонда небары 1 557 іс қозғалған. Одан бері шамалы өсті: 2022 жылы – 1 724, 2023 жылы – 1 692 іс тіркелді.

Бірақ коррупция бойынша ашылған істердің бәрі бірдей сотқа жеткізілмейді. 8 жылда тіркеліп, тергеу жүргізілген 19 мың 778 істің ішінен 14 мыңнан астамының ғана материалдары сотқа табысталды.

Бұл тұрғыда белсенділік пен өнімділіктің шырқау шегі тағы да 2016 жылға, яғни, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы аталған ведомствоны Қайрат Қожамжаров (2014–2017) басқарып тұрған тұсқа келген: 2 128 іс сотқа жетті.

Ол замандағы істер арасында көрмеге жауапты ұлттық компанияның басшысы Талғат Ермегияев (14 жылға сотталды, сол бойы отыр), оның ымыраластарын түрмеге тоғытқан «Астана ЭКСПО-2017» ісі, шекарадағы «крышаларды» біршама қиратқан «Қорғас» ШЫХО ісі және басқа атышулы жемқорлық дау-жанжалдарын атауға болады. Тіпті экономика министрі Қуандық Бишімбаев та «аса ірі көлемде пара алды, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, шығындады» деген айыппен 2017 жылы тұтқындалған еді.

Ары қарай соттардың алдына тартылған коррупционерлер істерінің қатары күрт сұйылып, саны кеми берді: 2017 жылы – 1 981 істен 2020 жылы – 1 767 іске және 2021 жылы – 1 150 іске дейін құлдырады.

Кейінгі екі жылда соттар қараған коррупция туралы істер саны сонша көп өсе қоймады: 2022 жылы – 1 267, 2023 жылы – 1 221 іс қана.

Елде билік транзиті өткелі «Астана LRT» ісі, Қайрат Сатыбалдыұлының ісі, денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановтың ісі, бизнесмен және олигарх Қайрат Боранбаевтың ісі, әділет экс-министрі Марат Бекетаевтың ісі, Мәжіліс экс-депутаты Нұржан Әлтаевтың ісі ел есінде қалды.

Статистика жемқорлық істері бойынша фигурант болғандардың басым көпшілігі еркіндікте ары қарай тайраңдап жүретінін көрсетті.

·      2016 жылы – 2 807 коррупциялық қылмыс тіркелсе, ақыр соңында 903 тұлға ғана сотталған;

·      2017 жылы – 2 452 іс тергеліп, 1 001 тұлға ғана сотталды;

·      2018 жылы – 2 375 іс, 1 079 тұлға;

·      2019 жылы – 2 245 іс, 1 002 тұлға;

·      2020 жылы – 2 193 іс, 1 021 тұлға;

·      2021 жылы – 1 557 іс, 892 тұлға;

·      2022 жылы – 1 724 іс, 725 тұлға;

·      2023 жылы – 1 692 іс қозғалып, 916 тұлға сотталды.

Қорыта айтқанда, өткен 8 жыл ішінде 19 778 коррупциялық қылмыс тіркелсе, осы кезеңде сыбайлас жемқорлық және сонымен байланысты қылмыстар бойынша 7 539 адам сотталды. Оның арасына пара алғандар да, пара бергендер де кірді.

Жемқорлығы үшін сотталғандардың көптігі жөнінен шырқау шек – 2018 жылдың үлесіне тиді. Содан бері түрмеге қамалған коррупционерлер саны азайып келеді.

Қазақстан билігі коррупционерлерге қайырымдылық танытып, қылмыстық қудалауды біршама ізгілендірді. 2015 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыстарға айыпталғандарға айыппұл төлеп құтылуға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілді. Оған сәйкес, парақорлықпен байланысты қылмыстар үшін «еселенген айыппұлдар» қарастырылды.

Қылмыстық кодексте көзделген айыппұлдар пара сомасынан 80 еселік мөлшеріне дейін баруы мүмкін. Бірақ соттар көбіне бірнеше есемен шектеліп, ең шекті межеге жетпейді.

2016 жылдан 2019 жыл аралығында 1,5 мыңнан астам коррупционер айыппұл төлеп, абақтыдан сырт қалған. Олар мемлекетке жалпы жиынтығы 13,4 миллиард теңгеден астам қаражат аударыпты.

Тағы бір бетбұрыс жасалды: егер бұрын жаза мөлшері қылмыскердің атқарып отырған лауазымына байланысты белгіленіп келсе, осыдан кейін жаза параның сомасына сәйкес тағайындалатын болды.

Заңнаманың ізгілендірілуінің салдары ұзақ күттірмеді. 2018 жылы 10 жылға сотталған мемлекеттің бас экономисі Қуандық Бишімбаев 2019 жылғы қыркүйекте босап шықты. Міне, енді қазақтың бойжеткенін азаптап өлтіріп, 24 жылға түрмеге кері оралып отыр.

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов бүгінде бостандығы шектеліп, еркіндікке шықты. Сол сияқты 3,5 жылға бас бостандығы шектелген Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов 2023 жылы толық ақталды.

Мемлекетке 2,2 миллиард теңге шығын келтіргені үшін 2015 жылы 10 жылға сотталған экс-Премьер Серік Ахметов 2017 жылы бостандыққа шықты.

252 миллион теңге пара алған Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеев 2014 жылғы маусымда 6 жылға түрмеге аттанды. Бірақ «ауруына байланысты» 2015 жылғы ақпанда босап шықты.

6,9 миллион теңге пара алу кезінде тұтқындалған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Умирьяев 2014 жылы 10 жылға сотталған болатын, 2027 жылғы қаңтарға амнистияға ілігіп, құтылды.

Елдің бүкіл қорғаныс саласының тапсырысына жауап берген «Қазақстан инжиниринг» төрағасының бұрынғы орынбасары, қомақты пара алу үстінде ұсталған Қанат Сұлтанбеков 2 миллиард 139 теңге теңге айыппұлды әп-сәтте төлеп тастады. Айыппұл жемқорлардың аранын ашпаса, ақ жолға оралтпайды екен.

Бүгінде елордалық ЛРТ ісі бойынша «LRT» ЖШС басшысы Талғат Ардан және Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков сол бойы іздеуде жүр.  

Сондай-ақ Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевке де ірі көлемде бюджет қаржысын ұрлады және қылмыстық топ құрды деген айып тағылып, іздеу жарияланған. Мұндай тізімді жалғастыра беруге болады және мысалдар жыл өткен сайын көбеюде.


Источник: Inbusiness.kz