Чт. Май 9th, 2024

Елордада «IT FEST-2023» инновациялық идеялар фестивалі және EDUFEST білім фестивалі басталды. Бұл іс-шара екі күн қатарынан өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 2 500-дей адамның басын біріктірды. Оған мектеп оқушылары да, студенттер де, тіпті IT саласында өзін сынап көргісі келген кез келген азаматтар да қатысып жатыр.

Іс-шараның ашылуында Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов оқушыларымыз жақында ғана робототехникадан жеңімпаз атанғанын айтты.

IT FEST-2023 фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Мұндай іс-шара балаларымызға, жастарымызға жеңіске жетуге мотивация мен дамуға мүмкіндік береді. Қазан айында ғана оқушыларымыз Сингапурда өткен әлем олимпиадасында алтын жеңіп алды. Бұл біздің балаларымыздың, жастарымыздың өте дарынды екенін көрсетіп отыр. Бүгін баршаңызға уақытты пайдалы өткізіп, жаңа білім алуға және жеңіс тұғырын бағындыра беруді тілеймін, — деді вице-министр.

IT Fest-2023 және EDUFEST фестивальдері «NNEF» қоғамдық қорының 25 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Фестивальдердің ұйымдастырушылары «NNEF» қоғамдық қоры және «University Alliance of Science and Technology» ЖОО Альянсы. 

Бұл альянстың қатарында «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ, «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ, «Алматы энергетика және байланыс университеті» КЕАҚ, Astana IT University, Халықаралық бизнес университеті бар.

Мұндай іс-шарада біз озық технологиялар жайлы пікір алмасып, ойымызды талқыға салумен қатар, ширек ғасырда жеткен үздік жетістіктерді де атап өтеміз. NNEF қоғамдық қорын осы маңызды мерейтоймен құттықтаймыз және озық технологияларға ұмтылу жолындағы ортақ ісімізге қосқан зор үлестеріңізге алғыс білдіреміз. IT FEST-2023 маңызды талқылауларға толы болып, дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын тарихтағы тағы бір маңызды кезеңнің біріне айналсын, — деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Габдуллин.


Дереккөз: BAQ.kz