Сб. Ноя 23rd, 2024

Депутаттар утиль алымды төмендету мәселесін көтерді.

Қазақстанда утиль алым бойынша ешқандай өзгеріс күтілмейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін Мәжіліс мінберінде депутат Нартай Сәрсенғалиев утильалым мәселесін көтерген болатын. 

«Біздің елде шешілмей жатқан бір мәселе бар. Оны өзіңіз жақсы білуіңіз керек. Бұл – утиль алым мен алғашқы тіркеу мәселесі. Қазір ондаған мың қазақстандық осы мәселемен алаңдап, талай жерде бастама көтеріп, мәселенің шешілуіне талап етіп жатыр. Бұл жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Бірқатар депутатпен арнайы дөңгелек үстел өткіздік. Сол жерде Ішкі істер, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Экология, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдерінің барлығы да осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек қана Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі, комитет төрағасы ғана бұл төлемдердің қажет, осы күйінде сақталуы керек деп қалды. Одан кейін депутаттар 7 күн мерзім бердік. Нақты себептерді тізіп, ресми түрде беріңіздер деп. Сіздердің министрліктен бірде-бір хат алған жоқпыз. Бір ресми жауап алмадық. Бұл төлемдердің төмендеуіне неге қарсысыздар? Қандай негіздемелер бар? Жауап беруден бас тартып, халықпен ашық әрі түсінікті диалог неге жүргізілмейді?», — деді мәжілімен.

Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл сұрақ бүгінгі күн тәртібіне сәйкес келмейтінін алға тартып, мардымды жауап бермеді.

«Бұл (сұрақ) бүгінгі тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ. Жеке кездесіп, сізге жауап береміз», — деп қысқа қайырды ол.

Тілшілер Мәжіліс кулуарында ведомство басшысынан осы мәселе бойынша қосымша сұрақ қойды.

«Біз утиль алым бойынша қазіргі таңда ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Ең әуелі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуатын арттыру. Қазір Қазақстанда екі автокөлік зауытын салып жатырмыз. Автокөлік өндіру саласында қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім санап жатқан жоқ. Мысалы, 2025 жылы Kia зауытының құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар Алматы қаласының жанында 90 мың көлік өндіретін зауыт салып жатырмыз. Ол жерде жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осындай сұрақ қойдым. Меніңше, Қазақстан азаматтарының жұмыс орындары мен кәсіпорындар сақталу үшін бізге аз да болса протекционизм жасау керек», — деп жауап берді Қанат Шарлапаев.


Дереккөз: Inbusiness.kz