Қазақстанда жақсы белгілі Qiwi тобы мәлімдеме жасады.
Ресейдің Орталық банкі (Банк России) Киви банкті «шектеулерді айналып өту талаптары және көптеген бұзушылықтары» үшін лицензиясынан айырды.
Салдарынан, бұл Ресей тұрғындары, ішінара қазақстандықтар арасында үлкен дүрбелең туғызуда. Өйткені Qiwi-әмияндар, Contact арқылы аударымдар бұғатталып қалды. Солтүстік көршідегі оның барлық офистері жаппай жабылды. Кивидің мобильді банкі де жұмыс істеуін доғарды. Клиенттер өздерінің виртуалды әмияндарын не толтыра алмай, не ондағы қаражаттарын шешіп ала алмай, дағдаруда.
Кәсіпкер, инвестор Александр Столыпиннің түсіндіруінше, ресейліктер Киви сервистерін ақша аударымдарын алу, құзырлы құрылымдардан жасырын криптовалюталар және басқа да активтер сатып алу үшін пайдаланатын.
Сондықтан кәсіби форумдарда сауалнамаға жауап берген сарапшылардың және пайдаланушылардың 61,3%-ы «Qiwi-банктің жабылуының шын себебі» ретінде «Ресейден ақша шығарудың бақыланбайтын жолына тосқауыл қою талабын» атады. Тағы 37,14%-ы Ресейдің банк секторында активтерді қайта бөліс басталды деп санайды. 5,71%-ы «Крипторубльді енгізуге дайындық жасалуда» деген байлам жасады. Тек 28%-ы ғана ресми себептерге сенеді.
Ресей Орталық банкі лицензияны кері алуға аталған қаржылық ұйымның банк қызметін реттейтін федералдық заңдарды бұзуы себеп болды деп, қысқаша қайырды.
«Бұл банк экономиканың нақты секторының елеулі кредиторы болып табылмайды. Киви банктің қызметін тоқтату азаматтардың, кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың есеп айырысу, аударым жасау, соның ішінде шот ашпай ақша аудару мүмкіндіктеріне айтарлықтай ықпал етпейді. Олардың бәрін өзге кредиттік ұйымдар мен төлем жүйелері арқылы жүзеге асыруға болады», – деп түсініктеме берді Ресейдің Ұлттық банкі.
Отанын тәрк етіп, шетелге қоныс аударған ресейліктерге көмектесіп келген банкті бақылауға көндіру үшін Мәскеу былтырдан бірталай талаптанды. Кейінгі 12 айда 5 рет шара қабылдаған, соның ішінде екі рет жекелеген операцияларды іске асыруына шектеу қойды. Алайда Киви банк айтқанға еріп, айдағанға жүрмепті.
Бұл «қиқарлықты» Ресей банкі «тәуекелдерді төмендету үшін пәрменді шара қабылдамады және тәуекелділігі жоғары операцияларды жүзеге асыруын жалғастырды» деп бағалады. Қаржылық реттеуші «Киви банк экстремизмді, терроризмді қаржыландыру, қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру саласындағы федералдық заңнама талаптарын жүйелі бұзуға жол берді» деп отыр.
Бірақ Ресейде Facebook, Instagram, ЛГБТ қозғалысы және басқалары да «тыйым салынған экстремистік ұйымдар» ретінде танылған.
«Бұл банктің қызметі жеке тұлғалар мен көлеңкелі бинес арасындағы есептесулерді қамтамасыз етуге бағытталған жоғары тәуекелді операциялар жүргізуге тартылды. Соның ішінде ол криптоайырбастау арқылы ақша аударымдарын жүргізді. Заңсыз онлайн-казино, букмекерлік кеңселерге сол арқылы ақша аударылды. Сондай-ақ ол ресейліктерге реттеуші енгізетін шектеулерді айналып өтудің жаңа тәсілдерін іздеуге септесті», – деп айыптады Ресей Орталық банкі.
Ресейлік бүкіл банк секторы Кремльдің бақылауына алынғанда, Qiwi қалай осы уақыт бойы азат қимылдады?
Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл – шетелдік фирма саналады. 2024 жылдың қаңтарында Qiwi өзінің «Киви» АҚ-ының қарауында жинақталған бүкіл ресейлік активтерін сатты. Оны Fusion Factor Fintech Limited сатып алды. Бұл компания қытайдың Гонконгінде тіркелгенімен, шынында ресейлік кәсіпкер Андрей Протопоповқа тиесілі.
Мәміле құны 23,75 млрд рубльді құраған. Оның қоластына сонда Киви банк, «Qiwi кошелек», «Qiwi business», Contact ақша аудару жүйесі, Rowi, Realweb, Flocktory, Таксиагрегатор, IntellectMoney және басқа да активтер кірді.
Осы арқылы ресейлік активті Qiwi тобынан ажырату процесі бастау алған.
Ресейде Киви банктің, киви әмияндардың, офистердің жаппай мәжбүрлі жабылуы Қазақстанға қалай әсер етеді?
Qiwi тобы бұдан былай өзінің күш-жігерін Қазақстандағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, өзге де елдердегі халықаралық бизнесін дамытуға шоғырландыратынын мәлімдеді. Осылар енді ең маңызды актив болып табылады және Qiwi plc аясында өркендетіледі.
Бизнесін бөлектеп, реструктуризациялау арқасында Qiwi америкалық NASDAQ қорында ғана қалмай, тіпті Мәскеу биржасындағы листингін де сақтайды. Дегенмен, кеше Мәсбиржада сауда-саттық ашылғанда, Qiwi құнды қағаздары 50%-дан артыққа құлады.
Киви ХХІ ғасырдың басында елімізде Qiwi POS-терминалдары мен скрэтч-карталарды сататын автоматтарымен танылды. 2006 жылы Qiwi Kazakhstan өкілдігі ашылды. Бүгінде ол өзін «Қазақстандағы жаңа буындағы жетекші төлем сервисі» ретінде дәріптейді. Қазақстандықтар оны да криптовалюталарды сатып алу үшін пайдаланып жүр.
Оның интеграцияланған халықаралық төлем желісі жеке тұлғаларға ақша аударуға, бұл үшін байланыстың мобильді және интернет арналарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Компанияның дерегінше, бүгінде онда 17,2 миллионнан астам виртуалды әмиян ашылған. 181 000 терминалы бар. Қазақстанда 30 мыңнан астам төлем қабылдау пункттеріне ие. Елімізде Qiwi-ге небәрі 900-ден аса тауарлар мен қызметтер жеткізуші тіркеліпті. Жалпы әлем бойынша ол арқылы 75 мыңнан астам компаниямен есеп айырысуға болады екен.
Qiwi Kazakhstan Киви-банктің жабылып қалуына қатысты ресми түсініктеме берді.
Компанияның сендіруінше, барлық клиенттердің «теңгедегі есепшоттары сол бұрынғыдай істеп тұр».
«Ресей Орталық банкінің ақпаратына сәйкес, Киви банк лицензиясынан айрылды. Қазіргі уақытта банкте уақытша әкімшілік іске кірісті. Таяуда Qiwi төл бизнесін ресейлік және халықаралық деп бөліп тастады. Бұл ретте Qiwi Kazakhstan ресейлік емес, Qiwi Plc. халықаралық бизнесінің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан ол жаһандық стратегия аясында дами беретін болады», – деп сендірді компания өкілдері.
Бірақ кейбір қазақстандық клиенттер ақша аударуда кедергіге кездескендерін айтады.
«Киви банк – біздің серіктестеріміздің бірі. Түсінеміз, сіздерде өте көп сұрақтар туындап жатыр. Біз қалыптасқан жағдайдың байыбына баруға тырысудамыз. Ары қарайғы іс-қимылдарымызға қатысты ақпарат қолымызға түсе салысымен, біз сіздерге кері ораламыз. Өзіміздің бүкіл сервистерімізді бұрынғы режимге қайтаруға күш салып жатырмыз. Барлық мүдделі тараптарды одан әрі не істейтініміз туралы жедел ақпараттандырамыз», – деді Qiwi Kazakhstan өкілдері.
Шетелге қаржы шығарғысы келетін «кивилік» клиенттер, соның ішінде Қазақстанда тұрақтаған ресейлік релоканттар мен бизнесмендер делдал ретінде австриялық «Райффайзенбанкті» пайдаланатын. «Интерфакс» мәліметінше, Qiwi банк жабылып тынғалы, Raiffeisen Bank клиенттерінің кейбірінің де төлемі өтпей қалып жатқан көрінеді.
«Ресей банкінің Qiwi банктің лицензиясын таптып алуы кесірінен «Райффайзенбанк», «Точка» банктерінің клиенттерінің бір бөлігі зардап шегіп жатыр. «Райффайзенбанк» клиенттері онлайн сервисте мобильді байланыс пен қызметтер үшін төлем жасау алмай қалғанына шағымданды. Австриялық банктің ресейлік еншілес ұйымының баспасөз қызметі проблеманы шешіп жатқандарын, ақаулардың бір бөлігі жойылғанын хабарлады. Алайда бірқатар операция тұрақсыздыққа тап болды. Qiwi-дің лицензиясынан айрылуы «Точка» банкіне де соққы болды. Оның көптеген клиенті қаржыларын шешіп ала алмауда. Ақша аудару, валюта айырбастау мүмкін болмай қалды», – деп жазды «Интерфакс».
Бұл тек Qiwi арқылы есептесетіндерге ғана емес, өзге клиенттерге залалын тигізген.
Сонымен қатар Qiwi-ге тиесілі Contact төлем жүйесі жұмысын доғарды. Мәскеу тағайындаған банктің уақытша әкімшілігі барлық электронды әмияндардан (киви-кошелек) қаржыны шығарып алуды бұғаттап тастады. Ол қаржыны шешіп алуға, басқа банктердің шотына аударуға, өзге банктердегі кредиттерді өтеуге бағыттауға тыйым салыныпты. Киви банктегі шотпен байланысты болған карталар да жарамсыз болып қалды.
Әмиянын рубльде ұстаған қазақстандықтар соған шағым қылады. Qiwi Kazakhstan-ның «теңгедегі есепшоттар сол бұрынғыдай істеп тұр» деуінің бір мәнісі осы болса керек.
Ресей банкі «алдын ала дерек бойынша банкроттау процесі кезінде киви-әмияндардағы ақшаларды қайтаруға Киви банктің қаражаты жететінін» мәлімдеді. Әзірге уақытша әкімшілік ликвидатор тағайындалғанға дейін қаражатты қорумен, сақтаумен айналысуға тиіс. Алайда Ресейде де, Қазақстанда да электронды әмияндардағы қаражаттар депозиттерге кепілдік беру (көршіде – жинақтарды сақтандыру) жүйесімен қорғалмаған.
Ресейдің Селлерлер қауымдастығының директоры, заңгер Алексей Васильев Мәскеудің бұл қадамы ҚХР-дан тауар таситындарға қиын болғанын айтты.
«Лицензияны қайтарып алу Киви арқылы жүрген банктік жүйенің мыңдаған байланыстарын әп-сәтте бырт-бырт үзді. Бұл тек Киви әмияндармен шектелмейді. Ірі банктер төлемдердің өтпей жатқаны туралы хабарлауда. Ozon, Wildberries және басқа маркетплейстердің селлер-сатушылары зардап шекті. Олардың бір бөлігі тауарларды Қытайдан сатып алып, Еуразиялық одақ аумағына, Ресейге таситын. Бүгінде олар қытайлық әріптестері алдындағы контракт бойынша міндеттемелерін орындай алмай қалды. Себебі, селлерлердің валюталық есепшоттары бұғатталды», – деді А.Васильев.
Бұл өнімдердің жеткізілімдерінің кешігуіне, Ресейде, одақ елдерінде бірқатар тауарлардың тапшылығына соқтыруы, қымбатшылыққа түрткі болуы мүмкін.
Дереккөз: inbusiness.kz