Ср. Май 8th, 2024

Су тасқынынан Қазақстанның 10 облысы зардап шекті, апат аймағынан 100 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Үкімет пен жергілікті билік құтқарушылармен бірлесіп, су тасқынына қарсы барлық қажетті шараларды қабылдауда, сонымен қатар қаржы секторы да табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Осылайша, барлық екінші деңгейлі банктер оларға несие төлемдерін 3 ай мерзімге – 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Halyk Bank кейінге қалдыруды қалай алуға болатынын көрсетті.

Алдымен не істеу керек?

Halyk -тан несие алған азаматтар су тасқынынан зардап шеккендер тізіміне қосылу үшін жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктерге хабарласуы қажет. Банк облыс әкімдіктері ұсынған тізімдер бойынша өтініштерді қарастыруға қабылдайды.

Егер менің есімім жергілікті әкімдіктердің тізімінде болса, келесі қадамым қандай болу керек?

Су тасқынынан зардап шеккендер тізіміне әкімдіктер енгізген қарыз алушы, банктің ресми сайтында қашықтықтан кейінге қалдыруға өтініш бере алады. Ол үшін тізімде ЖСН бар-жоғын тексеру керек және бар болса филиалды таңдап, телефон нөмірін көрсетіп, SMS хабарламаны күту керек. Өтініш 3 жұмыс күні ішінде қаралады.

Кейінге қалдыруға өтініш бергеннен кейін жаңа төлем кестесін және несие төлемінің сомасын қалай білуге болады?

Төлемнің жаңартылған кестесі кейінге қалдыру туралы SMS-хабарлама алғаннан кейін Halyk қосымшасында қолжетімді болады. Кейінге қалдыру кезеңінде төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар немесе өсімпұлдар алынбауы маңызды.

Қандай несиелерді кейінге қалдыруға болады?

Қарыз алушы «7-20-25» және «Баспана Хит» мемлекеттік бағдарламалары бойынша берілген несиелерді қоспағанда, өзінің барлық несиелеріне өтінім бере алады.

Кейінге қалдыру берілгеннен кейін төлем кестесінің мерзімі ұзартыла ма және ай сайынғы төлем мөлшері өзгере ме?

Банктің жеке бағдарламалары шеңберінде берілген несиелер бойынша несие мерзімі ай сайынғы төлемнің бастапқы мөлшерін сақтайтындай етіп ұлғайтылады, сондықтан ол өзгеріссіз қалады. Несиелік карталарға келетін болсақ, олар бойынша несие мерзімі ұзартылмайды: кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін бірінші төлем жасалған күні есептелген сыйақы және игерілген лимит сомасына негізделген ең төменгі ай сайынғы негізгі қарыз беріледі. Кейінгі төлемдер банктік қарыз шартына сәйкес есептеледі. Пайдаланылмаған несие лимиті кейінге қалдыруға өтініш берген кезде бұғатталады.

Кейінге қалдыру несие тарихыма қалай әсер етеді?

Кейінге қалдыруды ұсыну несие тарихыңыздың нашарлауына әкелмейді. 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін мерзімі өткен ай сайынғы төлемдер болса, мерзімі өткен күндер саны мерзімі өткен қалдық төленгенге дейін жинала береді.

Мен қандай уақыт аралығында кейінге қалдыруға өтініш бере аламын?

Жоспарланған төлем мерзімі келгенге дейін өтінішіңізді жіберуіңіз керек. Өтініштер төлем мерзімі өткеннен кейін қабылданса, кешіктірілген төлем кейінге қалдырылған мәртебеге ауыстырылады және айыппұлдардан бас тартылады.

Мен жіберген өтінішіме жауап алмасам, қайда хабарласа аламын?

Мұндай жағдай туындаған жағдайда сіз банктің байланыс орталығына (жеке тұлғалар үшін 7771) хабарласа аласыз.


Дереккөз: Tengrinews.kz