Пн. Ноя 25th, 2024

Сарапшылар орташа айлық ел тұрғындарының нақты тұрмыстық жағдайын көрсетпейді деген пікірде.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың III тоқсанында елдегі айлық жалақының орташа мәні 350 542 теңге болды. Өткен тоқсанға қарағанда айлық жалақының орташа мәні 4,1 пайызға азайған, бірақ 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,9%-ға артты.

Өңірлік бөліністе тиісті кезеңде орташа жалақы Жетісу облысында (21,1%), Алматы қаласында (20,8%), Қызылорда облысында (20,7%) ең көп өссе, ең төменгі өсім Алматы (8,5%) және Солтүстік Қазақстан (11,3%) облыстарында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы жоғары екенін байқауға болады. Жасыратыны жоқ, бұл көрсеткішке күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Мәселен, былтыр депутат Елнұр Бейсенбаев статистика мәліметтерін сынға алған болатын.

«Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз», – деді халық қалаулысы.

Сарапшылардың сөзінше, орташа айлық мөлшері қазақстандықтардың нақты тұрмыстық жағдайын ашып көрсетпейді.

«Бұл – орташа арифметикалық тұрғыдан есептелінген орташа жалақының үлесі. Ол халықтың шынайы жағдайының ешқандай көрсеткіші емес. Бұл тек қана қай өңірде орташа жалақы қай деңгейде екенін білу үшін жасалынатын көрсеткіш. Оның халыққа қарата айтатын ешқандай негізі жоқ. Бұл көрсеткіш шенділердің өздеріне арналған. Өйткені мұнда бір адам 2 млн теңге алады, екіншісі 100 мың теңге алады дегендей. Әр түрлі адамның жалақысын алып қосады да, бәрінің орташасын халықтың санына бөле салады. Сонда орташа жалақы шығады. Бұл реалды жағдайды көрсететін көрсеткіш емес», – деді экономист Мақсат Халық.

Экономист Сапарбай Жобаев та осындай пікірде.

«Әрине көрсетпейді. Себебі бізде 3-4 пайыз олигархтар дейміз, биліктегілер дейміз, квазимемлекеттік кәсіпорындардың бастықтары өздеріне жоғары айлық жазады. Ал қалған қарапайым халықтың айлығы 150-250 мың теңгенің ортасында. Азғантай адам сол орташа айлықты көбейтіп жібереді. Мұнда бір нәрсені айта кету керек. Әр жылы айлықтарды инфляция деңгейінде он пайыз шамасында көтеріп жатамыз ғой, сонда еден жуушының айлығы 100 мың теңге болса, оған 10 мың теңге ғана қосылады, ал 5-6 млн теңге алатын биліктегілерге 500-600 мың теңге қосылады. Сөйтіп олардікі одан да өсіп кете береді, бұл инфляцияға әсер ете береді», – деді Сапарбай Жобаев.

Республика бойынша жалақының медианалық мәні – 230 924 теңге. Бұл ретте оның мөлшері ел тұрғындарының ахуалын ашып көрсете ме деген сұрақ туындайды. Экономистердің айтуынша, медианалық жалақы шындыққа әбден жанасады.  

«Аты айтып тұрғандай, медиандық ортаны білдіреді. Бұл халықтың көп бөлігі алатын жалақыны шамалы болсын сипаттай алады. Мединалық жалақы орташа жалақыдан 100 мыңнан астам теңгеге төмен екенін байқап отырмыз. Сондықтан бұл кішкене болса да реалды жағдайды көрсете алатын жалақы деп айтуға болады. Мұнда да халықтың дені сондай жалақы алады дегенді білдірмейді, бірақ олардың көп бөлігінің алатын жалақысының көрсеткіші», – деп түсіндірді Мақсат Халық.

Сарапшы Сапарбай Жобаев медианалық жалақы халықтың көбінің орташа айлығы екенін жеткізді.

«Мұнай бар батыс өңірлердегі, зиянды еңбекте жұмыс істейтіндердің айлықтары жоғары. Оқытушылардың айлығы жоғары болады. Соларды орта есептегенде 230 мың теңге деген ол дұрыс. Бірақ бізде 2 млн-ға жақын адам ең төменгі жалақы 85 мың теңге, 100 мың теңге айналасында да айлық алатындар бар», – деді экономист.

Соңғы жылдарда орташа айлық мөлшері қалай өзгерген?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылы Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 185 487 теңгені құраған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 212 634 теңгеге тең болса, 2021 жылы 248 791 теңге болды. 2022 жыллдың қорытындысы бойынша халықтың орташа жалақысы 308 033 теңге болғанын көруге болады. Өткен жылдың төртінші тоқсанындағы деректер әлі шыққан жоқ. Сол себептен жоғарыда үшінші тоқсандағы статистикаға сүйендік.

Halyk Finance өткен жылдың үшінші тоқсанында жасаған макроэкономикалық есебінде елдегі орта, медианалық және модальды жалақының арасындағы айырмашылықтың себебін түсіндірді.

«Орташа, медианалық және модальды жалақыдағы осындай елеулі айырмашылықтар Қазақстанда жалдамалы жұмысшылардың жалақысын бөлу біркелкі еместігін әрі адамдардың шағын тобының жоғары айлығының арқасында орташа мән айтарлықтай түзелетінін көрсетіп отыр», – деді сарапшылар.

Айта кету керек, осыған дейін сарапшылар ең төменгі айлық мөлшері 85 мың теңгеден көп болуы керек екенін айтқан болатын.


Дереккөз: Inbusiness.kz