Вс. Июл 21st, 2024

Осы орайда ел Үкіметі Қазақстанда сауылатын сиыр сүтінің көлемін екі есе арттыру жоспарын белгіледі. 

Қорапталған сүт шығару үшін ресейлік арзан сиыр сүтін немесе Қытайдың «порошок» құрғақ сүтін пайдаланатын сүт зауыттары мемлекеттің қолдауынан айрылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізбек. Өйткені шетелден келетін сүттің аталған екі түрі Қазақстанның төл сүт өнеркәсібін «өлтіріп» тынғалы тұр.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың бірінші жартысында елде 2 млн 36,5 мың тонна сиыр сүті сауылған. Былтырғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш 1 млн 973,6 мың тоннаны құраған. Яғни, өсім мүлдем мардымсыз. Жалпы алғанда, қазақстандық ауыл шаруашылығы кері кетіп барады. Ресми статистика бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 2023 жылғы қыркүйектегі 103,4% өсімнен 2024 жылғы маусымда 101,7 пайызға дейін төмендеп кеткен. Өсім – статистикалық ағаттық деңгейінде ғана.

Осы орайда салаға қос алпауыт көрші – Ресей мен Қытай қысым көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, сырттан келетін шикі және құрғақ сүт импортының алапат ауқым алғаны сонша, олар енді Қазақстанның төл сүт өнеркәсібінің дамуына жойқын соққы беруде. Сондықтан бюджет қаражатына ресейлік, қытайлық бизнестің өркендеуіне дем беруді доғарып, тек отандық өндірушілерді ғана қолдау үшін АШМ импорттық шикізаттан сүт жасайтын зауыттарды субсидиялаудан бас тартпақ.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаттары айтқандай, бұл мәселе әсіресе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында аса өткір, ушығып тұр: іргедегі Ресейде фермерлер шикі сүттің әр литрін 160 теңгеден бере бастаған. Бұл ретте Ресей Үкіметі қазақстандық нарықты жаулап алу үшін өз өнімдерінің көлік-тасымал шығындарын тегіс бюджеттен субсидиялайды.

Қазақстанда шикі сүттің литрі орта есеппен 200–214 теңге.

Депутаттардың дерегінше, Қытайдың құрғақ сүті бұдан да арзанға түседі: одан өндірілген сүттің литрінің құны небары 120 теңге ғана болады екен. Кейбір жосықсыз өндіруші қаптамада құрғақ сүтті көрсетпей, табиғи сүт түрінде сатудан да тайынбайды. Содан Қытай және Ресейден (олар да жасайды) тасылған құрғақ сүттің импорты кейінгі бес жылда 6 есеге өсті.

«Тек бір ғана серіктестіктің сүт зауыты айына 190 тонна құрғақ сүт тасып жатыр. Одан 1,5 мың тонна қалпына келтірілген сүт алуға болады. Оларды қолдау арқылы біз бірқатар отандық кәсіпорынды банкрот қылдық және көрші мемлекетті қаржыландырып отырмыз», – деді мәжілісмен Айдарбек Ходжаназаров.

Салдарынан, сүт зауыттары жергілікті сиырлардың сүтін пайдаланудан бас тартып, шикі сүтті цистерналармен, құрғақ сүтті контейнерлермен, не қап-қап қылып көршілерден тасып жатыр. Соның кесірінен өз фермерлеріміздің сүті сұраныстан қағылып, қажетсіз болып қалған.

«Біз отандық өндірушілермен кездестік және шешім қабылдадық: шикі сүтті Ресейден сатып алатын, немесе ұнтақ сүтпен жұмыс істейтін өңдеушілер субсидия алмайтын болады. Бұл үшін біз тиісті өзгерістер енгіземіз. Отандық шикізатты пайдаланатындарын ғана қолдаймыз!», – деп сендірді министр Айдарбек Сапаров.

Бірақ бұған қарсы өңдеушілер өре түрегеліп, өктем дауыс көтеріп, Үкіметке шағымдануда. АШМ басшысы табанының бүрі бар ма, осы ұстанымында табандай ала ма, әлде уәдесін тайқып, көршілердің өндірушілерін жанама түрде демеуін жалғастыра ма, уақыт көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі үш жылда сүт-тауарлық фермалар өндіретін сүт өндірісін екі есе көтеруді жоспарлап отыр. Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, кейінгі үш жылда сүт-тауарлық фермаларда сүт өндірісі 20%-ға жуық өсіп, 600 мың тоннадан асқан. Оны 1,2 миллион тоннаға жеткізбек.

Тұтастай алғанда, былтыр сүт зауыттары 2,1 миллион тонна сүтті өңдеп, одан сүт, айран, қаймақ, ірімшік және басқа тауарлар шығарды.

Оларды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы мемлекет жеңілдікті кредиттеу бағдарламасын іске қосты. Оның аясында жылдық 2,5% ставкамен арзан несие беріп, заманауи 65 сүт-тауарлық ферманың құрылысын қаржыландыру үшін бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінген.

«Салада мұнша көлемде жеңілдікті қаржыландыру бұрын ешқашан болмаған! Алдағы үш жылда бұл бағдарлама аясында 118 жоба жүзеге асырылады. Бұл аталған фермаларда сүт өндірісі көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2023 жылы сүт өндірісінің құнын арзандатуға, жасанды ұрықтандыру кезінде ұрық құнын төмендетуге, асыл тұқымды сиырларды сатып алуға 35 миллиард теңге бағытталды», – деді Айдарбек Сапаров.

АШМ басшысының айтуынша, сүттің өзіндік құнын түсіру үшін азықжем бағасын арзандату керек, өйткені шикі сүттің өзіндік құнындағы қымбат азықжемнің үлесі 70%-ға дейін жетеді. Осы мақсатта министрлік азықжем егілетін егістіктер көлемін арттыру, олардың шығымдылығын ұлғайту, суландыру жүйесін дамыту бағыттарында жұмыс жүргізуде.

«Биылғы жылы тұңғыш рет көктемгі егіс және күзгі ору жұмыстарын жеңілдікті несиелендіру көлемі бірден 3 есеге көбейтілді. Сөйтіп, егіншілерге 580 миллиард теңге беріліп отыр. Бұл барлық егіннің 38%-ын немесе 9 миллион гектарды қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді. Соның аясында азықжем дақылдары себілген егістік алқабы 3,2 миллион гектарға дейін жеткізілді. Бұл 2023 жылғыдан 100 мың гектарға көп. 2026 жылға қарай тек қана азықжем өсімдіктері өсірілетін алқаптардың көлемін 3,6 миллион гектарға жеткізу жоспарлануда», – деді министр.

Оның айтуынша, мемлекет өндірушілермен шектелмей, өңдеушілерге де жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау үшін министрлік 2024–2028 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Соған сай жалпы сомасы 176,2 миллиард теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Республикалық бюджеттік комиссияда 372 миллиард теңге бөлуді қорғап шыға алды. Бұл сома бес жыл бойы өңдеу саласын дамытуға бағытталатын болады. Соның ішінде 222 миллиард теңге қолданыстағы кәсіпорындардың айналым қаражатын толтыруға беріледі. Инвестициялық мақсаттарға 150 миллиард теңге жұмсалады. Осы шаралардың бәрі өңделген сүт өнімдері өндірісін де өрістетуге ықпал етеді», – деді министр.

Қазақстандағы осы салада жылдық қуаты 2,7 млн тонна сүтті өңдеуге жететін 180 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда олар орта есеппен 77%-ға ғана жүктелген. Былтыр елімізде 2,1 млн тонна сүт өңделді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Жалпы сомасы 584,8 миллиард теңге болатын отандық сүт өнімдері өндіріліп, өткізілген.

Биылғы 3 айда 152,4 мың тонна өңделген сүт өнімі шығарылыпты. Соның ішінде 19,4 мың тонна ірімшік пен сары май өндірілді. 

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаровтың пікірінше, елімізде шикі сүттің сүт күйінде сатылып, көп бөлігі өңделмейтініне қаржының аздығы себепкер. Дүкен, базар, гипермаркеттердің сөрелері қалпымен шетелдік, негізінен ресейлік өнімге толып, тұнып тұр. Қазақстанның өзі сиыр бағып, саумайтын сияқты. Кезінде, мыңжылдықтар бойы өзін сүт өнімдерімен жүз пайыз қамтыған еліміз осындай күйге жетті.

Мәжілісмен шарттары мейлінше жұмсақ, мерзімі барынша ұзақ кредиттердің жоқтығы мысалы, қатты ірімшік сияқты кең сұранысқа ие тауарлардың өндірісін іске қосуды тежеп тұр дейді. Ірімшіктің қатайып, «пісіп-жетілуі» үшін жарты жыл уақыт талап етіледі. Осы кезеңде кәсіпкер кредитін қайтара бастауы, ұжымына жалақы төлеуі, салық аударуы керек. Салдарынан, отандық бизнес қатты ірімшік дайындау кәсібіне тәуекел ете бермейді де, оның бәрі дерлік сырттан тасылады.

Eldala порталы Сүт нарығын зерттеу орталығының басшысы Михаил Мищенкоға сілтеме жасап, Қазақстанға Ресей мен Беларусьтен әкелінетін дайын сүт өнімдерінің импорты жыл сайын тоқтаусыз өсіп келе жатқанын жазады. Еуразиялық одақ аясында қойылған кедергілер дамыған елдердің ірімшіктерін, басқа да сүт өнімдерін қымбаттатып, қолжетімсіз етеді. Жалпы, 2023 жылы Қазақстан шетелден, негізінен, «одақтастарынан» 830 мың тоннадан астам сүт өнімдерін сатып алды.

UN FAO ұйымының инвестициялық орталығының экономисі Инна Пунда ауыл шаруашылығы шығындарын, тиісінше, сүттің өзіндік құнын арттыратын тағы бір факторды атады. Басқа барлық елге қарағанда, Қазақстанда көліктерден және ауыл шаруашылығы техникасынан жиналатын утильалым өте көп. Шын мәнісінде, фермерлерден жиналатын осы қосымша салық көрші елдерге қарағанда, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің кері кетуіне ықпал етуде.

Инна Пунда іргелес мемлекеттердегі аграршыларды қолдаудың анағұрлым қуатты екенін де қаперге салды: Ресейде сүт және сүт өнімдері өндірісі саласын мемлекеттік қолдау деңгейі осыдан екі жыл бұрын Қазақстаннан 5 есе асып түсті.


Дереккөз: inbusiness.kz