Пн. Окт 7th, 2024

Ислам Республикасы еврей мемлекетінің аумағына 180 ракета жіберді. Қарсы жақ Тегеранның құн төлейтінін ескертіп отыр.  

Иран сейсенбі күні кешке Израильге кемінде 180 зымыран ұшырды. Бірақ Израиль билігі зардап шеккендер жоқ дейді. Израиль қауіпсіздік қызметкерінің айтуынша, зымырандардың көпшілігі атып түсірілген. Дегенмен, кейбіреулері жерге қонып үлгеріпті. Және де Израиль басшылығы Иран бұл соққының құнын төлейтінін ескертті.

Зымырандық шабуыл Израильдің жаяу әскері Ливанға басып кіріп, «Хезболла» жауынгерлері мен инфрақұрылымын жою үшін шектеулі операция бастағаны хабарланғаннан кейін  жасалып отыр.

«Хезболла» болса, Ливан жерінде Израиль күштерінің байқамағанын айтады. Дегенмен, шииттік қозғалыс ЦАХАЛ-мен шайқасуға әзір екенін хабарлады.

Соңғы күндері Израиль әуе шабуылдарынан «Хезболла» жетекшісі Хасан Насыралла мен бірнеше жоғары лауазымды командир өлтіріліп, жүздеген мың ливандық үйлерін тастап кетті. Израильдің мәлімдеуінше. 8 қазаннан бері «Хезболланың» үздіксіз зымырандық шабуылдарынан зардап шеккен ондаған мың израильдікті солтүстіктегі үйлеріне қайтару үшін енді құрлықтық операция қажет.

Аймақта қалыптасқан жағдай жайлы не білеміз? Бұл сауалға жауаптардың қысқаша мазмұны төмендегідей:

Неліктен Иран Израильге зымыран жаудырды?

Израиль армиясы кешкі сағат 19:30-дан кейін Ираннан ұшырылған 180 зымыранды анықтағанын айтты. Ел бойынша сиреналар шырылдап, израильдіктерге қорғаныс зоналарына жасырынуға бұйрық берілді. Израильдің қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, елдің әуе күштері АҚШ-пен ынтымақтасып, зымырандардың көбін ұстаған. Дегенмен ракеталардың кейбірі ғимараттарға зақым келтіріп, кей жерлерде өрттің басталуына себеп болыпты.

Кейінірек АҚШ пен Британия ресми өкілдері Иранның 200-ге жуық зымыран атқанын хабарлады.

Иран ракеталық шабуылды өткен аптада Бейрутте Израиль әуе күштерінің соққысынан қаза тапқан «Хезболла» жетекшісі Хасан Насыралла мен Революция Сақшысы генерал Аббас Нилфорушанның өлтірілуіне қайтпарылған жауап деп атады. Сондай-ақ, шілдеде Тегеранда Иранның тағы бір одақтасы — «Хамас» ұйымының жетекші Исмаил Хания да мерт болғаны белгілі. Оның өліміне де Израиль кінәлі деген болжам бар. Қарсы жақ бұл оқиғаларға қатысты не мойындап, не жоққа шығарып мәлімдеме таратпады.

Сәуір айында Иран Израильге 300-дей дрон мен баллистикалық және қанатты зымырандарды ұшырды. Олардың көпшілігі Израильден тыс жерде құлатылып, бір қыз бала ракета сынығынан зардап шекті.

Израиль жауап беруге ант етіп, екі бітіспес жау аймақты ауқымды соғысқа ұрындырады деген қауіп күшейіп отыр.

Израиль әскері Ливанға басып кірді ме?

Әскерилердің айтуынша, Израиль жауынгерлері Ливанға дүйсенбі күні кешке кірген. Бірақ сол сарбаздардың Ливанның ішінде қалып қойғаны немесе ел  аумағында жүргені, я болмаса, кері қайтқаны-қайтпағаны белгісіз.

Ливан армиясы мен БҰҰ-ның Ливанның оңтүстігінде орналасқан бітімгершілік күштері – UNIFIL де Израиль әскерлерінің шекараны кесіп өткенін растамады. Алайда, UNIFIL Израиль армиясының Ливанға енетіні туралы ескерту алғанын мойындап отыр.

Израильдің жаяу әскері Ливанға қаншалықты жақын?

Аты-жөнін атамауды қалаған әскери шенеунік Израильдің құрлықтық әскерлері Израиль аумағынан жүздеген метр қашықтықтағы Ливанның шағын ауылдарын нысанаға алып, сол елді мекендерге шекарадан «жаяу жете алатынын» мәлімдеді.

Әскерилердің айтуынша, соңғы бірнеше аптада Израильдің бомбалау операцияларына қарамастан, «Хезболла» содырлары шекара маңында қалып отыр. Олар шекаралас ауылдарды Израильге шабуыл жасау және қару-жарақ сақтау үшін пайдаланып жатыр деген болжам бар.

«Хезболла» мен Израиль сарбаздары арасында қақтығыс болды ма?

Ливанның оңтүстігінде ұрыс байқалмайды, ал израильдік шенеунік «Хезболламен» ешқандай қақтығыс болмағанын айтып отыр.

Бірақ трансшекаралық атыс жалғасып жатыр. «Хезболла» Израильмен арадағы шекара маңында израильдік әскери топтарды артиллериялық снарядтармен, зымырандармен нысанаға алғанын хабарлады. Израиль ешбір сарбазының зардап шекпегенін айтып отыр. Бұл шабуылға жауап ретінде Израильдің артиллериялық бөлімшелері Ливанның оңтүстігіндегі нысандарға соққы берген. Сол атыстың жаңғырығы Бейруттың түкпір-түкпірінде естілді.

Жоспарланған операция қаншалықты ауқымды?

Израиль Ливанға жаяу әскер басқыншылығының қанша уақытқа созылатыны туралы кесте бермеді және жауынгерлерінің көрші елге қанша уақытқа баратынын нақтылаудан бас тартты.

Дегенмен, Израиль Ливанның оңтүстігінде эвакуация туралы ескертулерін кеңейтіп, аймақтан жүздеген мың ливандықты қашуға мәжбүрлеп отыр.

Сейсенбіде Израиль армиясының араб тіліндегі өкілі мәлімдеме жасап, БҰҰ жариялаған буферлік аймақтың солтүстігіндегі ауылдардың тұрғындарын қашуға үндеді. Айта кетсек, БҰҰ-ның 2006 жылғы соғысты аяқтаған қарарына сәйкес, бұл аймақты БҰҰ бітімгершілік күштері мен Ливан әскерилері бақылауы керек.

Кең ауқымды соғыс қаупі

«Хезболла» мен «Хамас» — Иранның жақын одақтастары. Осы діни қозғалыстар мен Израиль арасындағы жағдайдың шиеленісуі Таяу Шығысты кең ауқымды соғысқа ұрындырып, әскери жанжалға Иран мен Америка Құрама Штаттары араласуы мүмкін деген қауіп бар. Қазір АҚШ Израильді қолдау үшін аймаққа әскери активтерін жіберіп жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі сәрсенбі күні таңертең Таяу Шығыстағы ушыққан ахуалды еңсеру мақсатында шұғыл жиын өткізуді жоспарлап отыр.


Дереккөз: inbusiness.kz