Оның сөзінше, халық қалаулысының мәлімдемесі спортшыларға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Фристайл-могулдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Ең әуелі Қазақстанның жасөспірімдер ұлттық құрамасын 2024 жылы Канвонда өткен жасөспірімдердің қысқы олимпиадасында керемет өнер көрсетуімен құттықтаймын. Бұл дарынды жас спортшылар мақтауға тұрарлық әрі олардың нәтижелері қуанышымыз бен қолдауымызға себеп болуы тиіс. Қазақстандық спортшылардың Канвондағы жетістігі қысқы спорт түрлерінен Олимпиада ойындарындағы ең табысты болғанын атап өткім келеді. Дегенмен, бүкіл ел спортшыларымызға қолдау мен ризашылығын білдірген тұста спорт қауымдастығына күйе жағуға тырысып жатқандар да табылып жатыр. Өзін спорт саласындағы сарапшы санайтын құрметті депутат қазақстандық спортшылардың мұндай маңызды жетістігін байқамай, өзіне қатысы жоқ сала бойынша теріс пікір қалыптастыруға неге тырысуда? Өкінішке қарай, спортқа қатысы жоқ адамдар бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінінен хабарсыз.
Спорт дегеніміз спортшылар, жаттықтырушылар, мамандар, федерациялар, министрліктер, Ұлттық олимпиадалық комитетпен бірлесе жүргізетін кешенді жұмыс. Мәселен, өзім айналысатын спорт түрінде Ұлттық олимпиадалық комитет құрама командаларды даярлауды жүзеге асырған кезеңде ескі қаржыландыру жүйесіне реформа өткізуі нәтижесінде қаражат тікелей спортшыларға түсе бастап, барлығы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу негізінде ашық болды. Әрдайым бізбен тікелей диалог орнатылып отырды, барлық мәселеміз бен қиындықтар тез әрі кедергісіз шешілді. Мұның бәрі спортшыларымның жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал етті.
Енді құрметті депутаттардың соңғы мәлімдемелері спортшылардың жігерін құм қылып, қиын кезеңнен кейінгі соңғы айларда енді ғана қалпына келе бастаған тиімді жұмыстың шырқын бұзатын жағдай қалыптастырып отыр. Иә, соңғы жылдары ҰОК спортшыларды даярлау жөніндегі миссиясын аяқтағаннан бері қиындықтар туындады, бірақ қазір біз күш-жігердің жұмылдырылғанын көріп отырмыз, барлығы бірге жұмыс істеп, алдағы Олимпиадаға бірлесіп дайындалып жатыр.
Біз осы атқарылған үлкен жұмысқа алғыс айтудың орнына керісінше айыптау әрекетін байқап отырмыз. Меценаттар, спорт федерацияларының, Олимпиада комитетінің басшылығы, қоғамдық ұйымдар әртүрлі заңнамалық шектеулерге байланысты мемлекет жасай алмайтын жұмыстарға өз ресурстары мен демеушілік көмек тарту арқылы өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – салмақты үлес. Бізге мемлекет сатып ала алмайтын шаңғылар, велосипедтер, қайықтар сатып алынды. Демеушілердің қаражаты арқылы жарыстар, түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл – үлкен артықшылық. Тағы бір мысал келтіргім келіп отыр. Біздің құраманың бір мүшесі былтырғы жарыс қарсаңында болған апаттан қатты зардап шекті. Федерация, ҰОК және спорт министрлігі басшылығының қаржылай қолдауы арқылы оған Еуропадағы госпитальда алғашқы шұғыл көмек көрсетіліп, Германияға ұшақпен шұғыл эвакуацияланды, содан кейін қымбат оңалту кезеңінен де өтті. Өкінішке қарай, мұндай шұғыл көмек қажет болған жағдайда жеке қаржы ресурстарынсыз оны іске асыру мүмкін емес.
Мемлекеттік ресурстарды пайдалануда көп шектеу бар. Әрине, содан кейін шұғыл мәселелер демеушілер, Федерация президенттері, ҰОК есебінен шешіліп жатады. Бұл спортшылардың алдына қойған міндеттерге қол жеткізуі жолында ресурстарды жұмылдырып жасалатын жұмыс. Бірақ біз көріп отырған мәлімдемелер күтпеген салдарға әкелуі мүмкін. Бұл тәуелсіз ұйымдардың қызметіне араласуға арандатушылық, қоғамдық ұйымдар мүлдем көрмейтін қомақты ақшаны пайдаланды деп арандату. Бұл қаражатты мемлекеттік ұйымдар бөледі.
Құрметті депутаттың қоғам алдында айтқан сөзіне қарағанда ол өзі айтып отырған тақырыпты мүлдем түсінбейді. Спорт қауымдастығымыздың пікірі мүлдем басқа.
Әрине, мәселелері бар федерациялар да жоқ емес, барлығына бірдей федерация басшыларымен табысты жұмыс істеу мүмкін бола бермейді. Бірақ жұмысын жолға қоя білген федерациялардың басшылығында қаржылық жағынан тұрақты, табысты азаматтар тұр. Ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету басты талаптың бірі екені белгілі. Бұл айтып отырғаным жай ғана сөз емес, бұл өз спортшыларының өнер көрсетуі жолында қаржылық жауапкершілік. Адамдардың жоғары лауазымдарға сайлануының жауабы да осы. Олар тек сайланады, бұл – ұжымдық шешім.
Мін тағудың орнына спортшыларымыздың жетістіктерімен мақтанайық, олардың осындай табысқа жетуіне атсалысып жүргендердің еңбегіне зер салайық. Жастарға қанат бітіріп, жаңа биіктерге ұмтылуға мүмкіндік беруіміз керек. Қазір спорт меценаттары секілді серіктестердің арқасында спортшылар өз армандарының орындалуына мүмкіндік алып отыр.
Өз сөзімді қорытындылай келе, аса маңызды жайтқа назар аударғым келіп отыр. Құрметті депутат өз мәлімдемесі арқылы іс жүзінде қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласуға шақырып отыр, бұл елдің спорттық қауымдастығында алауыздық тудыруы әбден мүмкін. Спорт федерациялары, Ұлттық олимпиадалық комитет халықаралық қызметті жүзеге асыратын және өз қызметінде халықаралық ұйымдардың жарғыларын басшылыққа алатын халықаралық спорт институттары болып есептелінеді. Сол себептен олардың қызметіне араласудың соңы қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Осындай мәлімдемелерден кейін кейбір ел спортшыларының ақ ту астында өнер көрсеткенінен тарихтан хабардармыз. Депутат спорттық бірлігімізге зиян әкелуі мүмкін әрекеттерге шақырмас бұрын заңдарды жіті зерттеп алғаны дұрыс болар», — деп мәлімдеді бас бапкер.
Дереккөз: inbusiness.kz