Сб. Июл 27th, 2024

Мемлекет басшысы қол қойған заңның жаңалықтары көп.

Президент «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

Ақорданың түсіндіруінше, бұл заңның басты жаңалықтары келесідей: біріншіден, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған (педофилдер), қазақ тілін ең құрыса, қарапайым деңгейде білмейтін, сондай-ақ Қазақстан Конституциясының негіздерінен хабарсыз шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын беруден, ал бұрын азаматтықтан шығып, кері оралған отандастарға азаматтығын қалпына келтіруден бас тартылады.

Маңызды бір жаңалық. Қазақстанның көгілдір төлқұжатын иеленгісі келетін жатжұрттықтар бұдан былай Қазақстан тарихынан сынақ тапсыратын болады. Олардың ел тарихынан қандай фактілерді білуі талап етілетінін «ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды».

Қазіргі кезде бұл – Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғарғы білім министрлігі. Егер шетелдіктер Қазақстан тарихы бойынша бұл сынақтан сүрінсе, азаматтық беруден немесе азаматтығын қалпына келтіруден бас тартылады. Бұл қазақ елінің мемлекеттілігін жоққа шығаратындардың елге енуіне бір тосқауыл.

Қазақстан территориясына аттап баса алмайтын «персона нон грата» тұлғалардың санаты кеңейтілді.

«Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған (рецидивист), ұйымдасқан топтың, қылмыстық ұйымның «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде ұсталып, өз еліне тапсырылатын адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынады», – деп түсіндірді Ақорда.

Мысалы, соңғы екі жарым жылда өз елінде саяси және басқа қуғын-сүргінге тап болған ресейліктер Қазақстанға қашып тығылып, паналайтынды шығарды. Алайда екіжақты келісім аясында Қазақстан оларға саяси пана бере алмайды.

Жалпы алғанда, енді сотталып босап шыққан шетелдік педофилдер, экстремистер, терроршылар Қазақстанға кіре алмауы, оның азаматтығын да ала алмауы шарт.

Екіншіден, жаңа заңға сәйкес, қазақстандықтар мен қандастарға жер учаскелері үлестіріледі. «Үкімет айқындаған тізімдегі өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген».

Үшіншіден, Ақорда дерегінше, еліміздің халқы тығыз өңірлерінен жұмыс күші тапшы облыстарға, солтүстікке «қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсетіледі».

Төртіншіден, Қазақстанда да «алтын виза» енгізілді. Ел экономикасына инвестиция салған қалталы азаматтарға, инвесторлар Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін «көпреттік визаға» қол жеткізеді. Сондай-ақ республикада сұранысқа ие кәсіп иелері, мысалы, айтишілер үшін арнайы виза енгізілді.

Бесіншіден, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, түрмедегі, тергеу изоляторларындағы және уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау камералары жүйелерін бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік – бөлек жаза түрі енгізілмек.

Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделген.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Советбек Медебаев бұл заңның тағы бір мықты жаңалығын жеткізді.

Оған сәйкес, жатжұрттық, айталық, ресейлік Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдалану үстінде қолға түссе, онда бұл оның Қазақстанның азаматтығын жоғалтуына соқтырады.

Қос азаматтықты болғызбау үшін мемлекет қазақстандық паспортты тартып алудың осындай жаңа негізін енгізіп отыр. Салыстыра кетсек, бұған дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес, егер қазақстандық шет мемлекеттің азаматтығын алса ғана Қазақстан азаматтығын жоғалтатын. Жаңа талап – жаңа азаматтарға қатысты.

Советбек Тұрсынұлы «жер үлестірудің» мәнін түсіндіре кетті.

«Қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен беріледі. Бірақ бұл жер оның меншігіне және мәңгілікке берілмейді. 5 жылға дейінгі мерзімге, уақытша, әрі ақылы жер пайдалану – жалға алу құқығымен берілетін болады. Егер қоныс аударушы осы өңірден бастапқы бес жыл мерзім ішінде көшіп кетсе, басқа жерде тұрғылықты тұрса, онда жер пайдалану құқығы тоқтатылады, жер кері алынады. Сонымен бірге қоныстану өңірлерінде 5 жылдан артық тұрса, онда жер телімі жаңа мерзімге – бұл жолы ұзақ мерзімді пайдалануына беріледі», – деді ол.

С.Медебаев түскейден теріскейге қоныс аударушылар үшін аталған материалдық көмектер бұрыннан барын түсіндірді. Тек оларды қорғау жағы күшейтіліп отыр.

«Ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды жеке сот орындаушылары, коллекторлар, басқасы олардың банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы борышының өтемі ретінде өндіріп ала алмайды. Оны қорғауға бағытталған осындай жаңа норма бекітілді. Қанша жерден борышкер болса да, егер Үкімет белгілеген өңірге көшсе, сол материалдық көмек түрлерін пайдалануына тыйым салынбайды, бұғат қойылмайды және өзге де шектеулер болмайды», – деді ол.

Жалпы, оңтүстіктегі қалың елдің бір бөлігін орыстілді тұрғындары кетіп, жалаңаштанып жатқан солтүстікке өз еркімен қоныстандыру бағдарламасын Үкімет 2017 жылы қолға алған еді. Сенаттың «Өңір» тобы депутаттарының байламынша, жеті жыл өтсе де, бұл бағдарлама айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізген жоқ.

Ендеше еліміздің барлық өңірінің тұрақты, тең дамуын қамтамасыз ету үшін Үкімет халықты көшуге ынталандырудың жаңа шараларын әзірлеуі қажет. Бірақ шенеуніктер оған бармай отыр. Мысалы, көрші Ресей шекараларда халықты көп қоныстандыру үшін Қиыр Шығысындағы (Қиыр Шығыс федералдық округінде) жер телімдерін азаматтарына жекеменшікке, тегін үлестірді. Бұл бағдарлама «Дальневосточный гектар» аталады.

Қазақстанда 5 жылға уақытша әрі ақылы, арендалық жер беру көп адамды қызықтырмасы даусыз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов проблеманың барын мойындады. Алайда бұл істе жасампаздық пен ізденіс таныту орнына ескі сүрлеуден таймайтындарын білдірді.

«Солтүстік аймақтарымызда халық азайып барады. Соңғы жылдарды алсақ, сегіз облысымыздан шетелге 170 мың адам көшіп кетті. Оның бірнеше себебі бар, бастысы – этно-мәдени себептер, бұған қоса осы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамымауына байланысты мәселелер жетерлік. Өткен жылдары оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге 59 мың адам көшіп барды. Бұл тек бір бағдарлама бойынша қоныс аударғандары. Бұдан бөлек, жастарға арналған «Серпін», «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты», «Ана мен бала» сияқты бағдарламалар бар. Оларға 20 мың адам қатысты», – деді бірінші вице-министр.

Оның сендіруінше, қоныс аударушыларды қолдау шараларының арқасында кеткен халықтың орны 40 пайызға толықты. Еңбек министрлігі аталған бағдарламаларды ары қарай жалғастырып, соның есебінен солтүстік Қазақстандағы тұрғындар санын қалпына келтіруден үмітті.

Сарапшылар елдің Ресеймен шектесетін солтүстігі мен шығысы босап қалмауы үшін ол жаққа өз еркімен көшетіндерге бизнесін ашуға, басқасына арзан несие, қайтарымсыз гранттар беру, жоғарғы оқуға оқуға конкурссыз түсуіне, баласын балабақшаға кезексіз орналастыруына мүмкіндіктер беру сияқты ұсыныстар енгізген. Оның бәрі Үкімет тарапынан қабылданбай тұр.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда уақытша тұруға шетелдіктерге 584 мың 588 рұқсат берілді. Елге кіру үшін шетелдіктерге тағы 55 мың 91 шақыру ресімделді. 56 мың 427 виза берілді.

Қазақстан азаматтығына былтыр 26,8 мыңнан астам адам қабылданды. Оның ішінде қандастардың қарасы басым: 20,5 мыңнан асты. Оралмандардың көбі Өзбекстаннан – 13 мың 244 немесе 64%, Қытайдан – 2 мың 768 немесе 13,5%, Түрікменстаннан – 1 мың 778, Ресейден – 1 мың 313, Моңғолиядан – 802. Соғысқа қарамастан, ресейлік қазақтардың жаппай атажұртқа қоныстану үрдісі сол бойы басталмады.  

Өткен жылы 16 мың 28 адам Қазақстан азаматтығынан айырылды. Олардың көбі Ресейге көшті. Inbusiness.kz Байқоңырдан Ресейге үдере көшіп жатқан тұрғындар арасында РФ азаматтығы бар қазақтар жетерлік екенін жазған болатын.

Сонымен, 32 жыл ішінде Қазақстанға 1 миллион 128 мың этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл – ел халқының 5,6 пайызын ғана құрайды.


Дереккөз: inbusiness.kz