Вт. Окт 8th, 2024

Жыл соңында, компаниялар көбінесе қаржылық және экономикалық көрсеткіштерін талдап, қорытынды жасап жатады. Бұл ретте әлеуметтік және қайырымдылық жұмыстар көбінесе назардан тыс қалып жататыны рас. 

Дегенмен,  дәл осы бағыттағы жұмыстар кез-келген компания үшін  ең маңызды іс, өйткені бұл бағыттағы жұмыс компанияның өз қызметкерлерінің ғана емес, компания қызмет етіп отырған  тұтас өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да қосқан үлесін көрсетеді.  Бұл сөзімізге GASENERGY жанармай құю кешені желісі мен AYALA қайырымдылық қорының бірлесіп атқарып келе жатқан игі істері бірден-бір мысал.

Бірлесіп атқарылған игі істер жайлы AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және қордың президенті Айдана Сүлейменовамен сұқбат құруды жөн көрдік.

 — AYALA қайырымдылық қорының GASENERGY ЖҚК желісімен игі істегі ортақ жобалар қалай басталды? Нәтижесі қандай?

— GASENERGY ЖҚК желісімен ұзақ уақыттан бері ортақ жобаларды іск асырып келеміз. GASENERGY ЖҚК желісі жұмыс істей бастаған сәттен бастап бізге жанармай құю кешендерінде қайырымдылық қаражат жинау үшін стансаларда бокс-жәшіктер орнатуға рұқсат етілді. 2019 жылы бірінші қайырымдылық акциясын бастадық, онда сенбі және жексенбі күндері  клиенттер құйған жанармайдың әр литрінен 1 теңге біздің Қорға аударыла бастады. Бұл бір қарағанда аз қаражат ғана болып көрінуі мүмкін, бірақ дәл осы акция бойынша AYALA қорына жылына ондаған миллион теңге қаражат түседі. 2020 жылдың желтоқсанында оған «Қамқорлық күшіне +10 теңге» акциясы қосылды және бұл арқылы  GASENERGY клиенттері сатып алған әр кофе, гамбургер және хот-догтан біздің Қорға 10 теңге аударылатын болды. Сонымен қатар, GASENERGY ЖҚК желісінің серіктестері – GASENERGY суын өндірушілерімен, әйнек жууға арналған сұйықтық өндірушілерімен, Starbucks кофесінің жеткізушілерімен бірігіп жүзеге асқан ортақ акцияларымыз да бар. Олардың әрқайсысы өзінің қайырымдылықты қолдайтын акциялық тауарының сатылған әр бірлігінен AYALA қорына 1 теңгеден 15 теңгеге дейін аударады.

Біз барлық демеушілік көмекті мұқият жинақтаймыз және жеткілікті сома жиналған кезде бұл қаражатты медициналық жабдық сатып алуға жолдаймыз. Осылайша, GASENERGY ЖҚК қолдауының арқасында 2020 жылы – Атырау облыстық перинаталдық орталығының реанимациясында автоматты гипотермия аппараты, Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының реанимациясында қарқынды терапияға қажетті инкубатор, 2021 жылы – Талдықорғандағы Облыстық перинаталдық орталығында ұрықтың дамуын қадағалауға арналған мониторлар мен реанимациялық құрылғы, 2022 жылы – Теміртаудағы Ана мен бала орталығының реанимация бөлімшесінде салмағы небары 300 грамнан асатын нәрестелердің өкпесін инвазивті емес желдету функциясы бар  жасанды желдету аппаратын сатып алдық, ал биыл Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жаңа туған нәрестелердің көз торына операция жасауға арналған лазерлік қондырғы орнатылды. Бұл медициналық құрылғылардың барлығы жыл сайын дәрігерлерге жүздеген жаңа туған нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі.

Талдықорған қаласындағы Облыстық перинаталдық орталығындағы ұрықтың дамуын қадағалауға арналған мониторлар мен реанимациялық құрылғы

— AYALA қайырымдылық қоры 2023 жылғы қандай жобаларды жүзеге асырды? Сіздің ойыңызша осы жобалардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталып өтсеңіз.

— Соңғы алты жылда AYALA қайырымдылық қоры балалар арасындағы мүгедекті барынша азайту бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. 2023 жылы біз «Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы» республикалық жобасын сәтті дамытып, «Ұрық хирургия» атты жаңа жобаны бастадық. GASENERGY ЖҚК желісі осы екі жобаға да демеуші ретінде атсалысып отыр.

AYALA қоры серіктестері мен демеушілері, соның ішінде GASENERGY қолдауымен  «Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасы арқылы екі жыл ішінде мемлекетке ретинопатияға байланысты шала туған нәрестелердің көру қабілетінің кемістігін барынша азайтуға, дәлірек айтсақ, 0,6% дейін азайтуға көмектесті. Біздің серіктестеріміз Қазақстанның неонаталдық офтальмологиясының өте қысқа мерзімде алға басуына, айтарлықтай серпіліс жасауына өз үлесін қосты деп сеніммен айта аламыз. Олай дейтінім – бұл жоба қолға алынғанға дейін жыл сайын  елде 1000-нан астам шала туған нәресте көру қабілетінен толық айрылып жататын, өйткені оларды уақытылы диагностикадан өткізуге мүмкіндік болмаған. 2021 жылы еліміз бойынша ретинопатияға диагностика жасау және емдеумен тек 4 неонатальды офтальмолог қана айналысатын. Арнайы жабдықтармен қамтылу деңгейі өте төмен еді – бірнеше офтальмоскоп, 4 ретинальды камера және бір-екі лазер ғана болды. Әрине, мұндай ресурстармен жылына шала туатын 20 000 нәрестені уақытында тексеріп, диагноз қою мүмкін емес еді. Өйткені, мұндай балаларды тексеру нәресте дүниеге келген сәттен бастап 21 күн аралығында жүргізілуі керек. Нәресте мерзімінен ерте туса, ретинопатияның өршу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Оның үстіне, Қазақстанда агрессивті ретинопатияның өте жылдам дамитын формалары көп, дерт өте тез өршиді. Бұл дегеніміз нәрестені соқырлықтан құтқаруға, яғни көру қабілетін сақтап қалу үшін дәрігердің бар-жоғы 24-72 сағат қана уақыты бар екендігін білдіреді.

Екі жыл ішінде 15 неонаталдық офтальмологты оқытып шығарған медицина ғылымдарының кандидаты Әсел Үсенбайқызы Шәріпованың күш-жігерінің арқасында және көптеген ірі компаниялардың, соның ішінде GASENERGY-дің демеушілігімен біздің Қор Қазақстанның 17 ғылыми және перинаталдық орталықтарын 25 диагностикалық және лазерлік-хирургиялық жабдықтпен қамтамасыз етті. Соның ішінде 2023 жылы AYALA қоры GASENERGY демеушілігімен сатып алынған төрт ретинальды камера мен бір лазерді медициналық орталықтарға тапсырылды. GASENERGY демеушілігімен алынған лазерлік қондырғы осы жылдың тамыз айынан бастап Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жұмыс істеп тұр. Осы қондырғының көмегімен офтальмологтар отаны сәтті жасап, шала туған нәрестелерді соқырлықтан құтқарып келеді.

Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы GASENERGY демеушілігімен алынған лазерлік қондырғы

Қазақстанда ұрық хирургиясын дамыту бағытындағы жобаларды AYALA қоры биыл алғаш рет бастады. Бұл жобаны қолдау арқылы балалар мүгедектігі деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етеріміз анық. Елімізде ұрық хирургиясы сияқты денсаулық сақтаудың жаңа әрі маңызды  бағыттын дамытуға қолдау білдірген GASENERGY компаниясының басшылығына айтар алғысымыз зор. Қазақстанда мүгедектігі бар балалар санының өсуі өте алаңдарлық жағдайда – соңғы 10 жылда жаңа туған нәрестелерден бастап 18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалардың саны бірнеше есеге көбейген. Қазір мүгедектігі бар балалардың саны 100 мыңнан асты, қарап отырсақ бұл шағын бір қала тұрғындарының санынан да асып түседі ғой.

Алматыдағы Перинатология және балалар хирургиясы орталығының базасында осындай күрделі операцияларды жүргізуге арналған құрылғылармен жабдықталды. Бұл көмек – болашақ ұрпақтың барынша салауатты болып өсіп-өнуіне қосылған зор үлес деп айтуға болады. GASENERGY-дің көрсетіп отырған қолдауының арқасында осы Орталықтың дәрігерлері жатыр ішінде жатқан ұрықтың патологияларын емдеуге, небір ғажайып оталар жасауға мүмкіндік беретін лазер мен фетоскоптар сатып алынды. Бұл құрылғыларды орталықтарға  алда жеткіземіз.

— Бизнестің әлеуметтік жауапкершілік танытуы қазіргі уақытты қаншалықты маңызды?

— Әлемдегі көптеген озық елдер сияқты, Қазақстан ірі бизнеске ESG тәжірибесін енгізуге белсенді түрде ынталандырып отырған ел. Бұл термин «Экология, Әлеуметтік жауапкершілік және Басқару» дегенді білдіреді. Бұл аббревиатура өз болашағына сеніммен қарайтын компаниялардың әлеуметтік жауапкершілікке аса назар аударғанын айшықтай түседі. Ірі компаниялардың әлеуметтік жауапкершілікке ден қоюы компанияның беделін арттырумен қатар, сол компанияның серіктестері мен клиенттерін жақсы жобаларға атсалысуына ықпал етіп,  мыңдаған адамның өмірін өзгертуге септігін тигізеді.

Сондықтан GASENERGY-дің AYALA қайырымдылық қорымен бірлесе атқарып отырған игі істерді халықаралық әлеуметтік жауапкершіліктің жақсы тәжірибесінің бірден-бір үлгісі деп айтуға болады. Біріншіден, барлық іске асырылған жобалар тұрақты, ал тәжірибелі дәрігерлерге берілген медициналық жабдықтар 5 жылдан 10 жылға дейін қолданылып келеді. Ал бұл көрсеткіштер бенефициарлар қатарын кеңейтуге, компанияның әлеуметтік инвестицияларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, GASENERGY өз клиенттеріне AYALA қорының жобалары туралы ақпарат беріп, оларды қайырымдылық жобаларына арналған жиындарға қатысуға ынталандыруда, бір сөзбен айтқанда қайырымдылық мәдениеті мен дәстүрі осылай тәрбиеленеді. Үшіншіден, AYALA қорын қолдауға GASENERGY желісі өз серіктестерін де тартуда, осылайша серіктертер де өз компаниясының әлеуметтік жауапкершілігін үздік тәжірибелер арқылы дамытуға мүмкіндік алады.

Теміртау қаласындағы ӨЖЖ аппараты

— AYALA қоры мен GASENERGY ЖҚК желісі бірлесіп іске асыратын алдағы жобаларға тоқталып өтсеңіз

– GASENERGY ЖҚК желісіне AYALA қорының алдағы бес жылға қойған аса маңызды міндетін қолдағаны үшін – мемлекетке Қазақстандағы балалар мүгедектігінің деңгейін төмендетуге көмектескені үшін алғысымыз шексіз. 2024 жылы бұл Астана мен Алматының екі медициналық орталығында ұрық хирургиясын қалыптастыруға қолдау көрсетілмек. GASENERGY-дің  осы  қолдауы елімізде ұрық хирургиясы бағытын қысқа мерзімде сапалы әрі жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі деген үміттеміз. Айта кетейін, осы мақсатта AYALA қоры арнайы хирургиялық құралдар мен лазерді сатып алумен қатар, дәрігерлерді де оқыту ісін қолға алған. Қаңтар айында Астана мен Алматыдан келген дәрігерлердің алғашқы тобы Ресей Федерациясының дәл осы бағытта мамандандырылған жетекші орталығы – Екатеринбург ұрық хирургиясы орталығына екі апталық оқуға барады. Мұндай кешенді тәсілді біз тиімді қайырымдылық деп атаймыз. Ал тиімді қайырымдылық елімізде мүгедектігі бар балалар санын азайтуға, сапалы нәтижеге жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

— Сұхбатыңызға рақмет, игі істеріңізге тек  сәттілік тілейміз!


Дереккөз: Inbusiness.kz