Жауыннан кейін лайсаңға батып қалған үш жеңіл автокөлікті құтқарушылар қауіпсіз жерге шығарды.
Қарағанды облысының Балқаш қаласына қарасты Шұбар-Түбек кенті маңында батпаққа батып қалған демалушыларды құтқарушылар эвакуациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға кезінде үш жеңіл автокөлікте болған 10 адам, оның ішінде 7 бала, жағалаудағы құмды жерде батпаққа батып, өздігінен қозғала алмай қалған.
Ведомство мәліметінше, жағдайдың күрделенуіне ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Жауын-шашыннан кейін жер лайсаңданып, көліктердің қозғалысы тоқтаған.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері эвакуациялық жұмыстар жүргізіп, автокөліктерді жолдың қауіпсіз бөлігіне сүйреп шығарды.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.
Дереккөз: inbusiness.kz