Пікірсайыстың басты тақырыбы – «Қазақстанның болашағы – адам капиталы».
Теледебат барысында көрермендердің сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін қабылдау үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Келіп түскен сауалдар дебат қатысушыларына қойылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
29 шілде күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында ұлттық теледебат өтеді. Теледебат Алматы қаласындағы ұлттық телеарнаның жаңа медиакешеніндегі аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын ауқымды студияда өтеді.
Медиаорталықтың Sky студиясында сарапшылар талқылауы ұйымдастырылады. Тікелей эфир сағат 19:25-те 7 партия өкілінің жеке автобустармен медиакешенге келу сәтінен басталады. Осы уақытта эфир алдындағы талқылау барысында сайлауалды бағдарламалардың негізгі басымдықтары сараланып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу өтеді.
Дереккөз: inbusiness.kz