Вс. Май 26th, 2024

Іс-шара екі күнге созылады. 

Елордада «Аялы алақан» акушерлік іс мамандарының І халықаралық конгресі басталды. AYALA қайырымдылық қоры іс-шараны өткізу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына қолдау көрсетті. Халықаралық жиынның серіктестері – NU Medicine (Назарбаев университеті Медицина Мектебі), University Medical Center (UMC) және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау медицина саласындағы ең өзекті әрі көкейтесті мәселе екенін атап өтті. 

Ақмарал Әлназарова 

Оның айтуынша, ұлт саулығы, ұрпақ амандығы аналардың денсаулығы мен көрсетілетін медициналық көмек сапасына тікелей байланысты. Министр жылдар бойы еліміздің босандыру қызметін дамытуға үлесін қосып жатқан AYALA қорына зор алғысын білдірді. Конгресс аясында қаралатын мәселелер ең өзекті, деп атап өтті ол.

«Әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын 300 мыңға жуық әйел босану кезінде қайтыс болады, көптеген жағдайда бұл алдын алуға болатын себептерден болады. Осыған байланысты ДДҰ акушерлік салада біліктілігі бар мамандардың болуына баса назар аударады. Біз босануға дайындыққа және фертильді жастағы әйелдердің денсаулығына баса көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде елімізде нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілді, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметі ұйымдарының инфрақұрылымы мен желісі дамыды, халыққа медициналық қызметтер географиялық тұрғыдан қолжетімді және мемлекет кепілдік берген бастапқы мамандандырылған медициналық көмектің тегін көлемі бар. Қазақстанда жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту 99 пайызды құрап отыр. Десек те, бүгінгі таңда проблема әлі де бар. Соңғы жылдары бала туудың өсуі байқалады, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. 9 мыңнан астам акушер жылына 500 мыңға жуық жүкті әйелдерге білікті медициналық көмек көрсетеді», — деді ведомство басшысы. 

Назарбаев университетінің Медицина мектебінің вице-президенті және деканы, доктор Массимо Пиньателлидің айтуынша, халықаралық акушерлер конгресі әлемдік озық тәжірибелерді жергілікті қажеттіліктермен біріктіру жолындағы маңызды қадам болы есептеледі. 

«Біз әрбір ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға тырысамыз. Бұл конгресс біздің денсаулық сақтау саласындағы білім беруді ілгерілетуге деген ұмтылысымызды көрсетіп, барлық мүдделі тарапқа оң серпін әкелетін көпсалалы тәсілді қолдануда ықпалы зор», — деді ол.

Массимо Пиньателли

AYALA қайырымдылық қоры акушерлердің алғашқы халықаралық конгресін өткізу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына қолдау білдірді. Қордың перинатология және неонатология бағытында жұмыс істегеніне 17 жыл болды.

«Біздің Қор осы бағыттарға маманданған және мемлекетке жүйелі түрде көмектесетін Қазақстандағы жалғыз қайырымдылық ұйым. Біз өз жұмысымызда медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуын қолдауға жітікөңіл бөлеміз. Жыл сайын біздің қор Қазақстанда таяу және алыс шет елдердің үздік тәжірибелі мамандарының қатысуымен тегін шеберлік сыныптарын өткізеді. Сондай-ақ дәрігерлерді шетелге оқуға, біліктілігін арттыруға жібереміз. AYALA онлайн академиясының тегін бейне курстары бар платформамызда 1,5 мыңнан астам неонатолог дәрігерлер мен неонаталды медбикелер тіркелген. Былтыр «Шеврон» компаниясының қолдауымен неонаталды медбикелердің бірінші халықаралық форумын өткіздік. Биыл біз Қазақстанда алғаш рет халықаралық акушерлер конгресін ұйымдастыруға қатыстық», — деді AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Айдан Сүлейменова

AYALA қоры Денсаулық сақтау министрлігімен, Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментімен тұрақты және нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қор ДСМ-мен ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойған.Қайырымдылық қоры отандық перинаталды орталықтар мен ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде өзінің үлесін қосып отыр. 

Соңғы 10 жылда республикада балалар саны 34%-ға артқан

ҚР ДСМ аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова елдегі босандыру қызметінің қазіргі жағдайына тоқталды. Сөзінше, Қазақстан халқының 10,1 миллионнан астамын әйелдер құрайды. Оның ішінде 4,7 млн-ы – фертильді жастағы әйелдер. Соңғы 10 жылда республикада балалар саны 34%-ға артқан. Жыл сайын 400 мыңға жуық жүкті әйел тіркеледі. Жалпы елімізде 240 босандыру ұйымы бар. Оның 57%-ы қалалық жерлерде орналасқан. Акушерлік салада 9,4 мыңнан астам маман еңбек етеді. Бұдан бөлек 9,2 мың перзентхана төсектері бар. Олардың жетіспеушілігі республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларында байқалады. Қазақстан бойынша кадр тапшылығы шамамен 700 адамды құрап отыр.

Қазақстандағы акушерлердің алғашқы халықаралық конгресіне 300-ге жуық медицина мамандары жиналды. Оның ішінде акушерлер, Қазақстан, Швеция, Австралия, Латвия, Беларусь, Литва, Ресей және Қырғызстаннан келген халықаралық сарапшылар мен спикерлер де бар. 

Соның бірі Швециядағы Гетеборг Университетінің акушерлік профессоры Малин Богрен. Шетелдік маман жиналған қауымға акушерлік күтімнің швед моделін таныстырды. Оған сәйкес, акушерлер әйел өмірінің бүкіл кезеңінде басқа медициналық мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Малин Богреннің сөзінше, Швецияда 300 жылдан астам уақыттан бері акушерлер даярланады. Былтыр Швецияда 185 акушер доктор дәрежесіне ие болған.Акушерлік салада мәселелер де жоқ емес, дейді сарапшы. Олардың қатарында акушерлердің тапшылығы мәселесі бар. Мәселен, акушерлердің 50%-дан астамы жоғары жүктеменің болуына байланысты толық емес жұмыс күні бойынша істейді.

Түркістан облысынан келген Әлия Әбетаеваның акушер болып жұмыс істегеніне 30 жыл. Осы уақытқа дейін маман 8 мыңнан астам әйелдің жүктілік есебін жүргізді. Әлия Әбетаеваның саладағы еңбегі еленіп, бүгінгі халықаралық конгресте Денсаулық сақтау министрлігінің қолынан марапат алды. Акушер осындай конференциялардың өтуі әріптестермен тәжірибе алмасуға және халықаралық тәжірибені зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 


Дереккөз: inbusiness.kz