Пт. Апр 19th, 2024

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр киберқылмыскерлерден опық жегендердің қатары 23 мыңнан асқан. 

Алаяқтар сырттай рәсімдеген несиелер өтелуі мүмкін. Қазір заң жобасы мәжіліс қарауында. Жалпы соңғы 7 жылда кибер қылмыс саны 10 есе өскен. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 1 жылда 20 мыңнан астам адам алаяқтардың құрбаны болады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Елімізде киберқылмыс үдеп барады. Күн сайын көзге көрінбей, адамдарды арбайтын ұрыларға алданғандар толастар емес. Арнамызға жан айқайын жеткізіп, араша сұраған астаналық Айнұр Қалданова да айлакердің құрығына тап болған. Жыл басында екінші деңгейлі банктердің бірінің атынан қоңырау түсіпті. Жалғызбасты анаға көмек берем деген желеумен сеніміне кірген көрінеді. Жеке куәлігін алып, 4,5 млн теңгеге несие рәсімдеген. Енді қолға тимеген берешекті қалай өтеймін деп сары уайымға салынып жүр.

«Ұлттық банктің қызметкерімін деп, сіздің атыңызға кредит рәсімдеген деп мені алдап, удовтоверения түсіріңіз деді. ++01/59 Счет ашпағам, мұндай банктің барын да білмегем. Ол жерге барып заявление жаздым, ровд-ға бардым. Прокуратураға бардым. Ешкім ешқандай іс қозғалғанда жоқ. Айлығым 60мың, өзім жер сыпырып жүрген адаммын. Маған кім мұндай 4,5 млн рәсімдейді? Мұндай айлықпен?», — дейді интернет алаяқтың құрбаны Айнұр Қалданова.

Шырылдаған ананың шағымына қатысты тиісті қаржы ұйымы еш көмек бере алмайтынындарын жеткізді. Өйткені, несие биометриялық тексеруден өткеннен кейін ғана рәсімделді, — дейді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр киберқылмыскерлерден опық жегендердің қатары 23 мыңнан асқан. Олар жалпы сомасы 17 млрд теңгеге шығынға батты. Ал, банк қызметкерінің атын жамылып, елді сан соқтырған 4,5 мың жағдай тіркелген.

«Киберқылмыстың өсуі және оның жаңа түрлерінің пайда болуы тек ҚЗ мен ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан да оларды ашу қиынға соғып жатады. Өздеріңіз білетіндей, интернетте шекара жоқ. Қылмыскерлер түрлі анонимді, шет елдерде орналасқан сервистерді пайдаланады»,- деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай.

Жалпы өткен жылы мүдделі органдар 3 мыңнан астам интернет алаяқтық жасаған 828 адамды қолға түсірді. Олардан 80 млн теңге мен бағалы техникалар тәркіленген. Мамандар жүйелі жұмыстың арқасында 43 млн-нан астам қоңырауды бұғаттадық деп отыр. Сондай-ақ, қарыз алу рәсімдері смс арқылы растау және биометрия жүйесімен күшейтілгенін айтады. Алайда, оның өзі де кибералаяқтарға тұсау болмай тұр.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі бассыздықты бәсеңдету бойынша биыл Ұлттық банктің банкаралық төлемдер базасында «антифрод» жүйесін құрмақшы. Яғни, ол күдікті адамдар мен алаяқтық операциялардың типологиялары туралы барлық деректі жинақтайды және кез келген алдамшы операцияларды алдын ала блоктауға мүмкіндік береді.

«Жол картасы шеңберінде телефон нөмірлерін ауыстырудың алдын алу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін, SIM-карталарды беру ауыстыру кезінде жеке басын тиісінше тексермегені үшін және тіркелмеген SIM-карталарды пайдаланғаны үшін байланыс операторларының жауапкершілігі қатаңдатылды», — дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің директоры Александр Терентьев.

Мәжілісмен Магеррам Магеррамов Парламент қабырғасында осы мәселені көтеріп, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, интернет кеңістігінде алаяқтардан зардап шеккендердің шығынын банктер мен байланыс операторлары жабуы керек.

«Екінші деңгейлі банктер мен байланыс операторларының инфрақұрылым көмегімен киберқылмыскерлер қитұрқы әрекеттерін жасап жатыр. Сондықтан, құрбан болған адамның қарызын банк пен оператор толтыруы тиіс. Бұл сол ұйымдардың қуатты технологиялық ресурстарын іске қосуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Магеррам Магеррамов.

Алаяқтың арбауына түспес үшін қазір бір ғана шешім бар. Ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгілізді. Ол 11 ақпаннан бастап күшіне енді. Енді жеке тұлға Егов порталында 6 айға микрокредит алудан ерікті түрде бас тарта алады. Нормаға сәйкес бас тартқан адамға да, бетперде киген алаяққа да қаржы ұйымы несие беруге тыйым салады.


Дереккөз: inbusiness.kz