Пт. Ноя 28th, 2025

Қазақстан қымбатшылық көрсеткіші бойынша Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдерін басып озды. 

Алыс-жақын көршілерімізге қарағанда неге бізде жағдай күрделі?

Күз басталмай жатып-ақ елімізде ішкі нарықтың толқығанын біреу білсе, біреу білмес. Қыркүйекте инфляция деңгейі 12,9 пайыз болып, кейінгі 2 жылдан астам уақыттан бергі жоғары көрсеткішке барды. Еліміз 6 пайызды құрайтын экономикалық өсіммен мақтанып отырғанда, қымбатшылық ол өсімді екі орап жатыр.

Бұл жолы біз қымбатшылық қарқынын аймақтарға жіктеп немесе нақты қай өнімдердің белгілі уақыт аралығында қанша есе қымбаттағанын сөз етпейміз. Құлдыраудың қайдан шығып отырғанына зер саламыз.

Жасырары жоқ, қымбатшылық жайлы әңгіме қозғалғанда сан түрлі болжам айтылады. Біреулер делдалдарды, енді бірі онлайн сауданы айыптап жатады. Бірақ шындығы жасырулы күйде.

Негізі проблема кейінгі 2-3 жылдықта емес, билік жылдар бойы назар аудармай келген салалардан шығып отыр. Бұған дейін де талай айтқанымыздай, ең әуелгісі – импортқа, яғни, шетелдік өнімдерге тәуелді болғанымыз. Қазір ел тұтынатын жалпы тауардың шамамен 60 пайызы сырттан кіргізіледі. Оны теңгемен емес, доллар бағамымен сатып алатынымыз анық жайт. Жасыл қағаз қымбаттаған кезде, ішкі нарықтағы баға лезде құбыла қалатыны осыдан. Оған логистика мен тасымалдардың шығынын қосыңыз.

– Қазақстан нарығында бәсекенің әлсіз, оның үстіне жекелеген салаларда монополия бар. Әсіресе азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары секілді стратегиялық нарықтарда санаулы ғана ірі ойыншы бар. Бәсекелестік аз болған жерде бағаны тұтынушы емес, сол ірі компаниялар өз қалағанынша қояды, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Қазақстан кейінгі екі жылда астық өндіруден өзіндік рекорд орнатып жатыр. Мал басы да қыруар. Бірақ осынша қарқыны бар агроөнеркәсіптің өзі терең өңдеуге бағыт алмады. Ішкі нарықта отандық өнім аз, импорт көп.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросы азық-түліктің қымбаттауына бәрінен бұрын ет бағасының өскені себепші болғанын алға тартады. Расымен де, биыл ет бағасы аяқ асты еселеп өсті. Кейінгі онжылдықта келісі 1500-2500 теңгеден аспаған өнім 5 мыңға бір-ақ жетті. Алайда бұл тұтынушыға қиын соққанымен, ауылда мал өсіріп жан баққан жұртқа қолайлы болды.

– Ішкі өндіріс көлемінің азаюы, егіс алқаптарының қысқаруы және мал шаруашылығының баяу дамуы – негізгі себептердің бірі. Нәтижесінде, ет, сүт, жұмыртқа сияқты тауарлардың тапшылығы пайда болып, баға өседі. Сонымен қатар, елімізде қант, күріш, құс еті және сүт өнімдерінің басым бөлігі импортқа тәуелді, сондықтан сырттан келетін тауарлардың бағасы валюталық ауытқулар мен әлемдік нарықтағы өзгерістерге тікелей байланысты болып тұр, – дейді экономист Бекнұр Қисықов.

Біз осы арқылы мәселені Қазақстанда ғана бар секілді етіп көрсеткіміз келмейді. Иә, бізде ғана емес, инфляция жаһандық деңгейде де өсіп жатыр. FAO дерегі бойынша, 2025 жылдың маусымында әлемде азық-түлік бағасы 28 пайызға қымбаттаған. Дегенмен өзін Орталық Азияның озығы санайтын еліміз көршілеріне қарағанда неге зардабын көп тартып отыр?

Trading Economics дерегінше, қазір майданды бастан өткеріп жатқан Ресейдің өзінде инфляция деңгейі – 8,1 пайыз. Ал Өзбекстанда – 8, Қырғызстанда – 9,5, Беларусьте – 7,1, Арменияда – 3,7, Тәжікстанда – 3,1 пайыз ғана. Соңғысында қымбатшылық қарқыны бізден 3-4 есе баяу.

Ол аз десеңіз, дамыған елдерде инфляция деңгейі 2 пайыздан аспай жатады. Еуроодақтың түгел қамтығандағы көрсеткіш 2,4 пайыздан көп емес.

– Өзбекстан мен Тәжікстан өздеріне азық-түлікті көбірек өндіреді, Ресейде үлкен өндірістік экономика бар. Халқы көп болған соң нарық та үлкен, бәсеке жоғары. Армения мен Қырғызстанда шағын бизнес жақсы дамыған. Ал Қазақстанда кейбір салаларда монополия әлі де көбейіп келеді. Валютамыз мұнай бағасына да, геосаяси жағдайға да тәуелді, – деп келтірді мұның себебін Бауыржан Ысқақов.


Дереккөз: inbusiness.kz