Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.
Сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылып, депутаттар каникулға кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Бүгін сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл – бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың маңызды кезеңі, межелі белесі. Шын мәнінде, қазіргі сайланым – Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады», – деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Сөзінше, осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді.
«Біз әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеміз. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған», – деді ол.
Дереккөз: inbusiness.kz