Пн. Ноя 25th, 2024

Өткен демалыс күндері Алматы шығыс жекпе-жек өнерінің ошағына айналды. 

Қалада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған каратэнің барлық түрлері бойынша ірі халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жарысқа Қазақстан, Украина, Өзбекстан, Иран, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан сынды 7 түрлі елден 5 пен 17 жас аралығындағы 700-ден астам спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер барлық жас топтары үшін естелік кубоктармен және медальдармен марапатталып, жаттықтырушыларға лайықты сыйлықтар табыс етілді.

Шараны «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен «Қазақстанның барлық стильдегі каратэ федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жиында сөз алған «Халық қоры» Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов салауатты өмір салтын, төзімділікті, тәртіпті және табандылықты насихаттау арқылы балаларды тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

«Балалар спортын қолдау ерекше маңызға ие, өйткені,біздің балаларымыздың бүгінгі алғашқы қадамдары ертең үлкен жеңістерге айналуы мүмкін. Бұл дене шынықтыруды ынталандыру ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды әлемдік аренада танытатын жаңа ұрпақты дайындау», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Бүкілресейлік каратэнің қазақстандық федерациясының атқарушы директоры Талғар Ахмадиев балаларға каратэ стилін таңдауға және олардың мүмкіндіктерін түсінуге мүмкіндік берудің маңыздылығын айтып, «Халық қорының» аймақта жарыстарды қолдауда және спортты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Спорт, білім беру және әлеуметтік сала – «Халық» қоры қолдайтын негізгі бағыттар болып табылады.  Күзде қор «Ауыл футбол» жобасы аясында ауылдық жерлердегі 100-ге жуық балалар футбол командаларына қолдау көрсетіп, осы ұйыммен бас демеушілік көрсетуге арналған меморандумға қол қойды. Мұның аясында балалар командалары қажетті құрал-жабдықтар, формалар мен доптар алды. Жуырда ғана қор УЕФА бағдарламасы бойынша 5 облыстың 20 ауылынан келген 100 футбол бапкерін «D» санаты үшін оқытуға қолдау көрсетті. Келер жылы ауыл командалары арасында облыстық турнирлер өткізу жоспарлануда. Финалдық жарыс Алматы қаласында өткізіледі. Сонымен қатар, «Халық» 2024 жылы Маңғыстау облысында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр.

 «Халық қоры» Тимур мен Динара Құлыбаевтардың бастамасымен 2016 жылы құрылған. Қор жұмысы іске қосылғаннан бері  бүкіл Қазақстан бойынша түрлі әлеуметтік жобаларға 50 миллиард теңгеден астам инвестиция салды.


Дереккөз: inbusiness.kz