Чт. Ноя 21st, 2024

Парламенттің бірлескен отырысында осы мәселе қаралды.

Парламент Қазақстан Қарулы Күштерінің 430 әскериге дейінгі бітімгершілік контингентін БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Күн тәртібінде бір ғана мәселе – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы жөнінде. Конституциямыздың 53-бабының 5 тармақшасына сәйкес Президенттің ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды», — деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан әскери қызметшілерін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясына жіберуге қатысты баяндама жасады. 

«Әскери қызметшілерді бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына жіберу Парламенттің бұрын қабылдаған бірнеше қаулысына сәйкес жүргізіледі. 2014 жылдан бастап 57 офицер ұйымның Батыс Сахарада Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африкадағы, Ливандағы миссияға әскери байқаушы, штабтық офицер ретінде қатысты. 2017 жылдан бастап – әскери қызметші Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысты. Қазір Батыс Сахарада 6 офицер, Орталық Африка республикасында 2 офицер, Конго демократиялық республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет өткеріп жатыр», — деді министр.

Ведомство басшысының сөзінше, ұйым басшылығы офицерлердің жауынгерлік машығына жоғары баға берген.

«Ұйымның миссиясында Қазақстан бітімгерінің санын ұлғайтуды қолдауға дайын екенін білдірді. Көптеген офицеріміз бітімгершілік қыметке үлес қосқаны үшін медальмен наградталып, алғыс хатқа ие болды. Бітімгершілік қызметті қолдау, жанжалды реттеу әлемдік қоғамдастық назарында екенін атап өту маңызды. Контингетті миссияға жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді», — деді Қорғаныс министрі.

«БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері» миссиясына резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес ұлттық бітімгершілік контингентті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберілмек.

«Өрістетуді 2024 жылғы наурыздан бастап жүргізу жоспарлануда. Ол үшін БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт жасалады (ратификациялануға тиіс). Контингентті және мүлікті тасымалдау Қазақстан тарабының есебінен жүзеге асырылады. Өрістету мерзімі белгіленген нақты бөлімшелер мен операциялар БҰҰ-ның хатшылығымен жұмыс барысында айқындалатын болады», — деді ведомство басшысы.

Әрбір жеке өрістету (бітімгершілік операция) үшін тиісті нормативтік-құқықтық база (меморандум) әзірленеді.

«Осы айтылғандардың негізінде Конституциясының 53-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰҰ-ның мына миссияларына: «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне» (UNDOF, Сирия – Израиль); «БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына» (UNTSO, Палестина – Израиль); «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына» (UNMISS, Оңтүстік Судан); «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне» (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгіземін», — деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.


Дереккөз: Inbusiness.kz