Пт. Ноя 22nd, 2024

«2023 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар алмасу көрсеткіші 1 млрд АҚШ долларын құрады», — деп хабарлайды Finprom.kz.

Сарапшы қауымның айтуынша, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2% деңгейіндегі жоғары көрсеткіш.

Айта кету керек, биыл екі ел арасындағы тауар алмасудың басым бөлігін, яғни 76,7%-ын Қазақстаннан Өзбекстан бағытындағы экспорт құраған.

«Жыл басынан бері экспорт ауқымы 821,3 млн долларға өсті (0,9%-ға), ал импорт – 248,9 млн долларға дейін (22,6%-ға)», — деп көрсетеді өз шолуында Finprom.kz.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанның тауар айналымындағы Өзбекстанның үлесі 3,3% деңгейінде. Өзбек елінен Қазақстан бағытындағы экспорт көрсеткіші 4,4%-ды, ал импорт 1,8%-ды құраған.

«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, ақшалай мағынада алғанда Қазақстаннан Өзбекстанға ең көп ауқымда экспортталған өнім – бидай мен меслина: 237,6 млн доллар – бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 5,3%-ға артық», — деп мәлімдейді сарапшы қауым.

Олар, сондай-ақ Өзбекстанға жөнелтілген өзге де негізгі экспорттық өнімдерге: тыңайтқыштарды, болаттан жасалған бұйымдарды, бидай ұны мен май, тоң май сынды шикізаттарды жатқызады.

Ал Қазақстанға Өзбекстаннан импорт түрінде келген өнімдердің денін әдеттегідей дайын тауарлар құрайды. Мысалға, биылғы жылдың алғашқы үш айында біз өзбек ағайындардан 10,3 млн долларға трикотаж киімін сатып алыппыз – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл 19,5% жоғары көрсеткіш.

Сол сияқты, өзбек елінен импортталған танымал тауарлар қатарында көлік құралдарының қосалқы бөлшектері, тоңазытқыштар, мұздатқыштар, спирт және металдан жасалған тегіс өнімдер де бар.

Айта кету керек, 2022 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында Өзбекстаннан Қазақстанға, жалпылай алғанда, 42,2 млн АҚШ доллары түрінде тікелей инвестиция келген. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда бұл «бірден 62,2%-ға төмен» көрсеткіш.

Сарапшы қауым жария еткен мәліметке жүгінсек, 2021 жылдың сәйкес кезеңінде Өзбекстан Республикасынан Қазақстан бағытындағы тікелей инвестиция ағыны бір жылда 2,2 есеге өсіп, 111,5 млн АҚШ долларына жеткен болатын.

«Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай, Қазақстан резиденттерінің Өзбекстан инвесторлары алдындағы міндеттелемелері 331, 4 млн АҚШ долларын құрады – алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,7% -ға жоғары. Анықтама үшін: былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде аталған көрсеткіш 304,8 млн АҚШ долларын құрады», — мәлімдейді Finprom.kz.


Ақпарат көзі: forbes.kz