Пт. Окт 4th, 2024

2030 жылға қарай елімізде электрондық сауданың үлесі 20 пайызға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

Осы мақсатта билік қазақстандық онлайн дүкендерді қолдауға ниетті. Электрондық сауда елімізде қалай дамып жатыр? Қандай кедергілер кездеседі? Қазақстандағы e-commerce келешегі қандай? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2022 жылы республикада е-коммерция үлесі 12,5% болып, 2 трлн теңгеге жуықтады. 2023 жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құраған. Еліміздің тұрғындары онлайн желілер арқылы негізінен тұрмыстық заттар, киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік, косметика, дәрі сатып алатын көрінеді.

Қазақстандықтар интернет арқылы сауда жасағанда қандай төлем түрлерін қолданады дегенге келсек, 2022 жылы дебеттік картамен төлеу немесе электрондық банктік аударым жасау (31,5%) бірінші орынға шыққан. Бұдан басқа Интернет арқылы несие картасымен төлеу (23,5%), қолма-қол төлеу (22,6%), онлайн төлемдер (13,9%) де жиі қолданылған. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтіреді.

Отандық е-коммерция нарығында шетелдік интернет-алаңдар да кездеседі. Бүгінде Үкімет отандық онлайн-дүкендерді дамытудың қажеттілігіне баса назар аударып отыр.

«Бұл мақсатта төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек», — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Freedom Pay сарапшыларының сөзінше, Қазақстанда электрондық сауданың дамуына бірқатар фактор әсер етеді. Мәселен, соның біріне интернетке қолжетімділік жатады. Екінші орында смартфонды пайдалану арқылы онлайн сауда жасайтын 25-35 жастағы тұрғындардың үлесі тұр.

«Үшінші фактор ретінде елімізде е-коммерцияға арналған сауда алаңдары мен мүмкіндіктерді атап өтуге болады. Бұдан басқа экономиканың өсімі мен тұтынушылардың кірісінің артуы да электрондық сауданың дамуына ықпал етеді. Технологиялық, демографиялық, экономикалық факторлар e-commerce-тің негізгі артықшылықтарын белгілейді. Электрондық сауданың проблемасы бұл нарықтың енді ғана қалыптасып келе жатқанымен байланысты», — деп жазады сарапшылар.

Соңғы он жылда елімізде онлайн сауда нарығы қалай өзгерді?

Halyk Finance зерттеуінде еліміздегі электрондық сауданың даму қарқыны көрсетілген. Сарапшылар e-commerce адамдардың үлкен тобын жұмыспен қамтып отырғанын жазады.

«Бөлшек саудадағы электрондық сауданың көлемі соңғы он жылда қарқынды дамып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш 2014 жылғы 0,7 пайыздан 2023 жылы 13 пайызға дейін жеткен. 40 пайызға жуығы шетелдік дүкендерден сатып алынған импорттық тауарларға тиесілі. Онлайн сауданың ілгерілеуіне маркетплейстер мен онда тауарларды несиеге немесе бөліп төлеуге алу мүмкіндігі ықпал етті.

2025 жылы бөлшек сауда көлеміндегі интернет сауданың әлемдік үлесі 25 пайыздан асуы мүмкін екенін, сонымен қатар Қазақстанда сандық платформалардың қарқынды дамуын ескерсек, мемлекеттің 2030 жылға қарай электрондық сауданың үлесін 20 пайызға арттыру жоспары жетуге болатын меже», — делінген зерттеуде.

Сарапшылар мемлекеттің маркетплейстер, тауар мен қызметті жеткізушілер арасында бәсекелестікті ынталандыратын реттеуші ортаны құруы керек деген пікірде.

Электрондық сауданы дамытуда қандай кедергілер кездеседі?

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, онлайн сауда әлемдік тәжірибеде ең көп қолданысқа ие.

«Жалпы экономиканың 50-60 пайызға дейінгі мөлшері электрондық саудаға көшкен елдер бар. Қазақстан да қазір осы қарқында келе жатыр. Дамуға негізгі алғышарттар жақсы жасалынған. Заңдар, қандай да бір бағдарламалар, мемлекет ұстанымының барлығы да осыған жауап береді. Яғни оның дамуына саяси, экономикалық, басқа да кедергі жоқ деп айтуға болады. Орталық Азияда Қазақстанның инвестициялық ахуалының тиімді болуы саланың тезірек дамып кетуіне жағдай жасап отыр», — деді ол.

Қаржыгер еліміздегі экономикалық белсенді 9,5 млн адамның 5 млн-ға жуығы электрондық коммерцияда белсенді қызмет ететінін жеткізді. Сарапшы бұл саланың келешегі бар екенін көрсетіп отыр деген пікірде.

«Қандай кедергілер дейтін болсақ, оған сыртқы және ішкі факторларды жатқызуға болады. Сыртқы факторларға логистикалық тораптардың, қызметтердің бір жүйеге енбеуі, қалалардың алшақтығы, жеткізу қиындығы кіреді. Одан кейін климаттық жағдай да бар. Қысқы мезгіл онлайн коммерцияның сапасына, оның қызмет көрсетуіне белгілі бір әсерін тигізеді. Мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігінің болмауы, ірі халықаралық компаниялардың IT саласындағы бағыттарға қаражатты басқа салаға қарағанда аз құйғанының өзі де кедергі келтіріп отыр. Ішкі факторға келсек, көп адам әлі де дәстүрлі сауданы қалайды. Тауарды өз көзімен көріп, қолымен ұстағысы келеді, жеке консультация алғысы келеді. Осындай факторлар саланың толыққанды дамуына кедергісін келтіріп отыр деуге болады», — деп атап өтті Бауыржан Ысқақов.

Экономист 2030 жылға қарай Қазақстанда e-commerce үлесінің жиырма пайызға артуына қатысты пікір білдірді.

«Бұл әбден мүмкін. Оған қажетті алғышарттар, заңдар, халықтың ішкі сұранысы бар. Экономиканың ашықтығы электрондық сауданың дамуына жағдай жасайтын бірден-бір фактор. Еліміздегі электрондық коммерцияның келешегі өте жоғары», — деп қорытындылады спикер.


Дереккөз: Inbusiness.kz