Пт. Сен 20th, 2024

Халықаралық резервтер жинағында Қазақстан қаржысы едәуір көбейді.

Ұлттық қор жинақтары есебінен құралған Қазақстанның алтын-валюта активтері Халықаралық резервтер жинағында соңғы 10 жыл ішінде 103,1 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Есеп бойынша, олардың қатарында – еркін айырбасталатын валюта қоры (ЕАВ) – 19,213 миллиард АҚШ долларын, монетарлық алтын қоры – 23,447 миллиард АҚШ долларын, таза халықаралық резервтер (ЕАВ және алтын) – 40,523 миллиард АҚШ долларын, оның 55%-ы алтынға тиесілі, ал ЕАВ үлесі 45%-ды құрайды және Ұлттық қордың валюталық активтері – 62,581 миллиард АҚШ долларына тең қазына бар.

Қазіргі таңда қаржыгер мамандар Үкіметтің бюджет тапшылығын жабу мақсатында Ұлттық қордан қаржы алып келгеніне қарамастан, мемлекет қазаны ортаймай, керісінше өсім көрсеткіші жоғары дегенді айтуда.

Бұдан өзге, 2024 жылғы ақпаннан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндеттемелерді шегергенде көрсетілетін қордың активтері бір айда 2,3%-ға өсіп, 2017 жылғы сәуірден бергі ең жоғары деңгейге жеткен.

2024 жылдың сегіз айы бойынша еліміз бұған дейін Ұлттық қордан бюджетке түскен қаражаттың денін сарқа жұмсағанын тілге тиек еткен болатынбыз. Сол себепті күздің алғашқы айларында қазынадан қаржы алу көлемінің ұлғаятыны жөнінде хабарлануы мүмкін екенін де ескерттік.

Республикалық бюджет туралы қолданыстағы заңға сәйкес, 2024 жылы кепілдендірілген трансферт 2 триллион теңге көлемінде, ал көзделген қаржы 1,6 триллион теңге мөлшерінде жоспарланған болатын.

Алайда, Ұлттық банктің ақпараты бойынша, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттердің көлемі ағымдағы жылдың алғашқы 8 айында 3,45 триллион теңгені құраған.

Мамандардың пікіріне жүгінсек, экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бюджетке түсетін салық түсімдері жылдық жоспарға 38,5% ғана орындалған. Бұндай көрсеткішпен мемлекеттік бюджеттегі тапшылықты жою мүмкін емес. Сол себепті де, Үкімет жыл соңына дейін Халықаралық резервтер жинағындағы 103,1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражаттың белгілі бір бөлігін пайдалануға мәжбүр.

Естеріңізге сала кетейік, 10 жыл ішінде Ұлттық қордан 100 миллиард АҚШ доллары шығарылғаны белгілі болған. Ал жинақтардың ең көп сомасына тек 2014 жылы – 70 миллиард АҚШ долларына толған кезде ғана қол жеткізілген болатын.

Ұлттық қордың қаржысы қайда кетіп жатыр?

Негізінде, ресми түрде Ұлттық қор дегеніміз, тек мұнайдан түсетін  долларлық алымдар түсетін Қазақстан Үкіметінің халықаралық банктік шоттары болып табылады.

Сарапшылар Қазақстанның Ұлттық қорын 1990 жылы Норвегия мемлекеті мұнай өндіруден түсетін қаржыны жинақтау мақсатында құрылған – Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорымен салыстырады.

Соңғы 8 жылда мұнай өндірудің деңгейі Норвегия елінің мұнай өндіру деңгейімен бірдей бола тұра (тәулігіне 1,8-2,0 миллион баррель), Қазақстанның шет ел есеп-шоттарында жинақтаған қаржылық қоры көлемі жағынан әлдеқайда аз болып шықты. Бүгінгі таңда Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорының есебінде 1,4 триллион АҚШ доллары бар, ал бізде 103,1 миллиард АҚШ доллары ғана.

Telegram әлеуметтік желісіндегі Finance.kz арнасының жазуы бойынша, Ұлттық қор 2019 жылы 65,5 милииард АҚШ долларына дейін көтеріліп, қалған үш жыл – 2020-2023 жылдар аралығында айтарлықтай төмендеген.

Мәселен, шетелдік Резервтер жинағындағы Қазақстан мемлекетіне тиесілі қаржы 2020 жылы 61,4 миллиард АҚШ долларына, 2021 жылы 59,5 миллиарды долларға, ал 2022 жылы 57,9 миллиард АҚШ долларына дейін азайған. Тек, 2023-2024 жылдар аралығында ғана бұл көрсеткіш 103,1 АҚШ долларына дейін көбейді.

Ұлттық қордағы қаражаттың өспеу себебін қаржыгерлер Қазақстандағы мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында пайдаланылғандығымен түсіндіреді.


Дереккөз: Inbusiness.kz