Вс. Ноя 24th, 2024

Жеке фирмалардың әкелген кірісі мемлекеттік қордан жоғары ма? 

Зейнетақы аннуитеті өнімдеріне инвестициялау үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан – өмірді сақтандыру компанияларының пайдасына шығарып әкетілген зейнетақы жинақтарының көлемі 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында 117 миллиард теңгеге жетті. Осылайша, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтағы 10,5 млрд теңгемен салыстырғанда, сомасы ғаламат 11,1 есеге артып шыға келді. Бұл туралы Standard Life сақтандыру компаниясының шолуында айтылған.

БЖЗҚ-ның лайықты инвестициялық кірісті қамтамасыз ете алмай, болашақ зейнеткерлердің жинақтарын инфляция мен девальвацияға жем қылуы халықты инвестициялық портфельді басқарушылар мен сақтандыру компанияларын таңдауға итермелеуде.

Мемлекеттің инвестициялауы не әперді?

Алдымен, БЖЗҚ арқылы Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне тоқталсақ. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-да жатқан зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 20 триллионға – 19 трлн 988,59 млрд теңгеден асты.

Оларды инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай: Қазақстанның Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (ҚР ҚМ МБҚ) – 44,34%-ы, квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына – 9,91%-ы, отандық банктерінің облигацияларына – 4,08%-ы, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына – небары 3,73%-ы, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 1,89%-ы, микроқаржы ұйымдарына – 1,73%-ы салынған.

Зейнетақы активтері портфелінің басым көпшілігі немесе 63,41%-ы – ұлттық валютадағы, 36,58%-ы ғана – АҚШ долларындағы құралдарға инвестицияланған. Қазіргі уақытша доғарылған девальвация қайта күш алса, қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы жинақтары ары қарай кемиді.

Мысалы, Ұлттық банк дерегінше, теңгенің жыл басынан бергі құнсыздануы нәтижесінде долларда сақталған әлгі 36,58% зейнетақы активтері 148,36 миллиард теңге кіріс әкелген. Салыстырсақ, сыртқы басқарудағы бүкіл активтер бойынша кіріс – 357,44 млрд теңгені құрады. Яғни, шетелдік фирмаларды жалдап, қыруар қаржыға брокер-қаржыгерлердің үлкен тобын ұстамай-ақ, ештеңе істемей-ақ девальвациядан «күреп» табыс табуға болады екен.

Тағы бір мысал: Ұлттық банк жалдаған отандық және шетелдік беделді мамандар кеңесімен БЖЗҚ зейнетақы активтерін салған көптеген құнды қағаздың құны құлдырады. Салдарынан, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан болған шығындар мемлекеттік зейнетақы қорына биылғы бірінші жартыжылдықта 49,79 миллиард теңге шығын әкелді.

Мұның алапат сома екенін бағамдау үшін келесі салыстырманы келтіруге болады: мемлекет биылғы жыл басынан сәби сүйген 136 245 анаға 23,1 миллиард теңге бала туу бойынша жәрдемақы төледі. Олай болса, БЖЗҚ өзін-өзі ақтамаған бағалы қағаздарға инвестициялау арқылы жоғалтқан қаражатқа Қазақстан халқының санын өсірген 293,6 анаға бала туу жәрдемақысын төлеуге болатын еді. Ұлттық банк болса, сол астатөк қаражатты желге шашты.

Мысалы, мықты деп дәріптеген қымбат консультанттарының кеңесімен, 2024 жылғы 15 ақпанда Ұлттық банк БЖЗҚ-дағы қазақстандықтардың зейнетақы қаражатына «Эйр Астана» АҚ-ының ІРО-ға шығарған акцияларының 6,5%-ын немесе 23 168 975 данасын сатып алды. Нақтылағанда, авиакомпанияның әрбір акциясын 1 мың 073,83 теңгеден алды және бұған елдің жалпы сомасы 24,9 миллиард теңге зейнетақы активін шығындады. 18 тамыздағы жағдай бойынша Air Astana 1 акциясының құны 855 теңгеге дейін құнсызданды. Сөйтіп, барлық салған қаржының 20,38%-ын жоғалтты. Бұл ұлттық банк пен оның кеңесшілерінің «шеберлігінің», кемел ақыл-ойының тек бір мысалы ғана.

Соның нәтижесінде, 20 триллион теңгедей зейнетақы активтерінің 2024 жылдың басынан бергі кірістілігі, 1 шілдедегі жағдай бойынша – небары 6,59%-ды құрады. Осы кезеңде девальвацияны қоспағанда, бір ғана инфляцияның өзі 8,6% болды.

Жеке фирмалардың инвестициялауынан не шықты?

БЖЗҚ-дан көңілі қалған халық зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ауыстыруда. Олар кірісті арттырып жатыр ма?

Halyk Finance

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Қазақстан Халық Банкінің» еншілес ұйымы болып табылатын «Halyk Finance» АҚ-ының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – шамамен 33 миллиард теңге болды. Компания осы нарықтың сөзсіз лидері саналады.

Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялардың сипаты мынадай: «кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 25,32%, ҚР ҚМ МБҚ – 15,62%, қазақстандық квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 13,09%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 12,07%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 9,77%.

Ұлттық валютадағы құралдарға портфелінің 67,98%-ы, АҚШ долларында – 32%-ы, еурода – 0,02%-ы инвестицияланды.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде 2024 жылдың басынан, 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 1 миллиард 914,96 миллион теңге болды. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 6,50%.

«Halyk Finance» АҚ және басқасының басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттеріне дейін көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.

«Jusan Invest»

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Jusan Invest» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 9 миллиард теңге болды. Компанияның негізгі инвестициялау құралдары келесідей: ҚР ҚМ МБҚ – 33,99%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 31,64%, отандық банктерінің облигациялары – 7,74%, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 6,82%, РЕПО – 3,46%. «Жусан Инвест» зейнетақылық портфельдің басым бөлігін немесе 59,34%-ын – теңгедегі, 40,66%-ын – доллардағы құралдарда ұстауда.

Инвестициялық қызмет қорытындысында, 2024 жылдың басынан 1 шілдеге дейін есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 631,18 миллион теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 7,64%.

Halyk Global Markets

2024 жылғы жартыжылдық қорытындысында «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 4,1 миллиард теңгеден асты. Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар: «кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 17,91%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 17,09%, қазақстандық квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 16,75%, ҚР ҚМ МБҚ – 10,97%, ҚР ұйымдарының корпоративтік облигациялары – 8,02%, шетелдік эмитенттердің үлестік құралдары (ETF пайлары) – 6,37%.  

Инвестициялар портфельдің 69,05%-ы – ұлттық валютада, 30,95%-ы – АҚШ долларында.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2024 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 259,09 миллион теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 6,44%.

BCC Invest

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «BCC Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – шамамен 4,8 миллиард теңге болды. Инвестицияларының негізгі бағыттары: Қазақстанның квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 34,43%, ҚР ҚМ МБҚ – 12,71%, банктердің облигациялары – 9,37%, ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 9,29%, пайлар (ETF индекстеріне) – 6,59%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 6,85%.

Ұлттық валютадағы құралдарға портфелінің 84,72%-ы, АҚШ долларындағысына 15,28%-ы инвестицияланды.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2024 жылдың басынан 1 шілдесіне дейін есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 335,23 миллион теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 7,37%.

Сентрас Секьюритиз

«Сентрас Секьюритиз» АҚ-ының сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 1,31 миллиард теңгеден асты. Соның ішінде ҚР ҚМ МБҚ-ға активтерінің 26,06%-ы, РЕПО-да – 19,24%-ы, квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына – 14,43%-ы, инвестициялық шоттарда ақшалай күйде – 11,99%-ы, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 9,59%-ы, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына – 7,76%-ы инвестицияланды.

Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 72,04%-ын, АҚШ долларына – 26,35%-ын, канадалық долларға – 1,60%-ын салды.

Инвестициялық қызмет және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2024 жылдың басынан бастап 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 101,30 миллион теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 8,28%.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылғы 1 шілдеден бері салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. ИПБ-ны өз бетінше таңдайды. Ал, ерікті зейнетақы жинақтары бар, яғни, өзіне өзі аударатын салымшылар оны БЖЗҚ-дан ИПБ-ға 100% көлемінде аудара алады.

Қорытындысында, бүгінде ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы сомасы шамамен 52,2 миллиард теңге болды.

Сақтандыру ұйымдарының нәтижесі қандай?

Бұдан бөлек, сақтандыру ұйымдарына жыл басынан 117 миллиард теңге аударылған. Соның арқасында зейнетақы аннуитеті өнімдерінің отандық нарығының көлемі бір жыл ішінде 2,6 есеге – 53,7 миллиардтан 142,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Ал, әрідегі 2022 жылмен (37,1 млрд теңге) салыстырғанда, көрсеткіш шамамен 4 есеге дейін ұлғайған.

Биылғы І жартыжылдықта 2,8 есе көп келісім бекітілді: былтырғы ұқсас кезеңде 6,4 мың зейнетақы аннуитеті жасалса, биыл бұл сан 18 мыңнан асты. Осынша адам ерте пенсияға шыға алады. Дегенмен, 1 келісімшарттың орташа құны 8,4 миллионнан 7,9 млн теңгеге дейін төмендеді.

Зейнетақы аннуитеті өнімін ұсынатын үш ірі ойыншының: Nomad Life, Халык-Life пен Freedom Finance Life-тың үлесі нарықтың 84,5%-ын құрайды.

Зейнетақы аннуитетін өмірді сақтандыру компаниялары ұсынады. Ол БЖЗҚ салымшыларына жинағы белгіленген көлемге жетсе, зейнетақыны мерзімінен бұрын ала бастауға мүмкіндік береді. Мұнда азаматтың жинаған зейнетақы жинақтары ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен емес төлемді өмір бойы қамтамасыз ету үшін жеткілікті болған кезде, ерлер 55 жасқа толғанда, ал, әйелдер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 53,5 жастан (2025 жылғы 1 қаңтардан – 54 жастан, 2026 жылғы 1 қаңтардан – 54,5 жастан, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 55 жастан) бастап аннуитет негізінде зейнетақы ала алады.


Дереккөз: Inbusiness.kz