Чт. Окт 29th, 2026

Бағдарлама бойынша 50 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.

Қазақстанда “Ұмай” әйелдер ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 3 қарашада басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Отбасы банкінің” мәліметінше, Азия даму банкі Қазақстанға бағдарламаны іске асыру үшін 20 миллиард теңге көлемінде екінші транш бөлген.

Ипотеканың негізгі шарттары өзгеріссіз қалады. Несие мөлшерлемесі жылдық 14,8%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3-16,8% аралығында белгіленген.

Бағдарламаға қатысатын отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар, өтініш беруші соңғы алты айдағы ресми табысын растауға міндетті.

Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй сатып алынатын қалаға байланысты. Астана мен Алматыда баспана құнының кемінде 20%-ын, ал басқа қалаларда 15%-ын төлеу қажет. Бұл ретте банк бастапқы жарнаны есептегенде сатып алу бағасы мен бағалау құнының төменін негізге алады.

Мысалы, Алматыда пәтер 32 миллион теңгеге сатылып, бағалау құны 30 миллион теңге болса, банк несие сомасын екінші көрсеткіш бойынша есептейді. Бұл жағдайда бастапқы жарна 6 миллион теңге, ал несие сомасы 24 миллион теңге болады.

“Ұмай” ипотекасына өтінімді үш жолмен беруге болады.

Бірінші тәсіл – «Отбасы банкінің» кеңесшілеріне жүгіну. Олар төлем қабілетін алдын ала бағалап, құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Кеңесшілердің тізімін банктің ресми сайтынан табуға болады.

Екінші нұсқа – банктің «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы онлайн өтінім беру. Оператор өтініш берушіге кеңес беріп, электронды құжаттарды қабылдайды.

Сондай-ақ құжаттарды банктің бөлімшесіне барып, тікелей тапсыруға болады.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу