Жыл басынан машина жасау саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында жыл басына бері машина жасау саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Біз 2028 жылға қарай отандық машина жасау өнімдерінің көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетіп жатыр. Өз кезегінде машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің 20 пайыз үлесін алады. Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Халықаралық трендтерге сәйкес, машина жасау саласында ашылған бір жұмыс орны қосалқы салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнының пайда болуына әсер етеді», — деді ведомство басшысы.
Сөзінше, машина жасау саласын дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі – оның зор мультипликативтік әсері.
«Осы жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылып, оның өсімі 2 есе болды. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құрады. Машина жасау саласында ең үлкен үлесті автомобиль (39%), теміржол (13%) және электротехникалық машина жасау (9%) секторлары алады», — деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Дереккөз: inbusiness.kz