Пн. Ноя 25th, 2024

Бір психолог маман 500-ге жуық оқушымен жұмыс істейді.

Оқу-ағарту министрлігі балалар арасындағы келеңсіз құбылыстардың санын азайтып, позитивті ойлауды қалыптастыру үшін педагог-психологтардың жүктемесін азайтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Оқу-ағарту министрлігінің 8 қараша күні таратқан мәліметіне сүйенсек, ведомство педагог-психологтардың жүктемесін азайту мәселесін қарастырып жатыр. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, министрлік жүктемені бір маманға 500 оқушыдан келетіндей етіп бөлуді жоспарлап отыр.

Психологиялық қолдау қызметтерін күшейту балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары, сондай-ақ педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды даярлауға қойылатын талаптарды қамтитын «Педагог» кәсіптік стандарты аясында жүргізілмек.

«Мамандардың неғұрлым тиімді жұмыс атқаруы үшін білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет Ережелері қабылданды. Міндетті құжаттардың тізбесі қысқартылды. 8 өңірде психологиялық қолдау орталықтары құрылып, «Цифрлық кабинет» жұмыс атқармақ. Педагог-психологтардың жұмыс уақыты бекітіліп, оқыту курстары ұйымдастырылды. Мәселен, биыл 4,5 мыңға жуық педагог-психолог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Аталған шаралар балалар арасындағы келеңсіз құбылыстардың санын азайтып қана қоймай, позитивті ойлауды қалыптастыруға мүмкіндік бермек», деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Министрлік бұған қоса білім беру бағдарламаларын жаңарту және білім беру ұйымдарында мамандар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Еліміздің барлық өңірлерінде психологиялық қызмет орталықтарын ашу жоспарланған.

Бүгінде 8 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс атқарса, 4 миллионға жуық оқушы білім алады.


Дереккөз: Inbusiness.kz