Вт. Дек 3rd, 2024

Бір жақсысы, республикамыз өркендеу даңғылына оралды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында өршіл міндет қойды. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемі 2 есеге ұлғайтылып, 450 миллиард долларға жеткізіледі.

Бірақ сарапшылар бұл жоспардың орындалатынына сенбейді. Себебі, бұл биік белес бағынуы үшін Қазақстан экономикасы жыл сайын тұрақты түрде әрі кем дегенде 6–7%-дап өсіп отыруға тиіс.

Ал Үкімет мұны қамтамасыз ете алмайтынын білдіріп алды. Мысалы, жолдау жарияланардың дәл қарсаңында өткен Үкімет отырысында білікті маман, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасының орташа жылдық өсімі 5,8% деңгейінде ғана болжанатынын жариялады.

Еліміздің бас экономисі бұл жерде халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамдарын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны басшылыққа алған. Мысалы, оның айтуынша, базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасы барреліне $80 деңгейінде алынды. Барлық факторларды ескергенде, Қазақстанда 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ды ғана құрайды.

2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3% болады, кейін 2028 жылы 6% өседі. «Сонда Президенттің экономикалық кеңесшілері еліміздің экономикалық ведомствосы мамандарымен кеңеспей ме?» деген сауал туады. 

«Қазақстан жалпы ішкі өнімін 2029 жылға қарай екі есе арттырып, 450 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл екі қисынды сұрақ тудырады. Біріншіден, Президентке бұл есеп-қисапты кім берген және осынша оптимистік болжамның неге құрылғанын, егжей-тегжейлі талдауын халыққа неге қоса ұсынбайды? Екіншіден, оған қалай жетпек, не істемек? Өйткені бұған дейін де биліктің ЖІӨ өсіру жоспары болған және сол үшін қолынан келгеннің бәрі жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде нені қаласа, соны уәде ете сала алады, себебі, 2029 жылға қарай оның президенттік мерзімі бітеді. Мұндай өршіл жоспар құрғанда дүниежүзіндегі ахуалды ескеру керек қой. Әлемдік экономика болса, кезекті ірі дағдарыс кезеңіне, стагнация мен рецессияға кіруде», – деді қоғам белсендісі, кәсіпкер Нұр Қанатұлы.

Шынында, Қазақстан экономикасы алпауыт көршілері Ресей мен Қытайдағы жағдайға қатты тәуелді. Бұл екі елдің де экономикасы қатты күйзеле бастады. 

EnergyAnalytics сарапшылары 1999 жылдан бергі деректерді талдап, Қазақстанның ЖІӨ-сінің мұнай бағасына шектен тыс тәуелді екенін анықтады. Телеграм-каналында соны дәлелдейтін тиісті графикті де жариялады.

«Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің әлемдегі қара алтын бағасына байланысты екені – факт. Алдағы жылдары мұнай бағасы жоғары болып қалса, онда елдің табыстары мен ЖІӨ-сі де серпінді өседі. Сәйкесінше, бұл шикізаттың бағасының құлдырауы қазақстандық бюджетке қатты қысым көрсетпек. Қазақстан билігі экономиканы стратегиялық әртараптандыру, орнықты экономикалық базаға қол жеткізуге бағытталған жаңа реформаларды жүзеге асыру арқылы ЖІӨ көлемін 450 млрд долларға дейін екі есе арттыруға ниетті. Егер ол қолынан келмесе, онда ары қарай мұнайдың тілеуін тілеп, соның бағасының қарқынды өсуінен ғана үміттенетін болады», – деді агенттік сарапшылары.

Алайда бұл үміті ақталмауы мүмкін. Өйткені өркениетті әлем декарбонизация саясаты аясында көмірсутекті қолдану көлемін азайта береді. Мысалы, бензин не дизелмен емес, электрмен жүретін көліктер кең танымал бола бастады. ЭДЫҰ Халықаралық энергетикалық агенттігінің (International Energy Agency) болжамынша және жетекші автоөндірушілердің жоспарына сәйкес, 2025 жылы әлемдегі көліктердің шамамен төрттен бірі электрмен қозғалатын болады. 2030 жылы электромобильдердің үлесі – 41%-ға жетеді. Бұл ретте Еуропада 2030 жылы сатылатын әрбір 3 көліктің екеуі, Батыс Еуропада кем дегенде  75% – электрмен жүретін автокөлік болады.

Онда мұнайға деген сұраныс күрт азаймақ. Нарық заңы бойынша сұраныс кемісе, баға түседі. Ал қазақстандық сарапшылардың байламынша, тек қара алтын арқасында ЖІӨ-ні екі есе арттыру үшін бұл шикізаттың өндірісін күрт ұлғайту қажет және оның әлемдегі бағасы бір баррелі үшін 160–170 доллардан кем болмауға тиіс. Салыстырсақ, қара алтынға деген сұраныс шырқау шегіне жеткен қазіргі кезде Brent маркалы мұнайдың бағасы әзер дегенде 94 долларға жете алды.

Бизнес менеджер Әлім Қырбасов халық пен бизнес үшін бастысы – ЖІӨ көрсеткіші емес, ұлттық валютаның тұрақтылығы екенін айтты.

Әйтпесе, Қазақстан экономикасы импортқа қатты тәуелді. Содан кәсіпкерлер шетелден өнім, жабдық, материал, құрауыш-компоненттер алғызайын десе, бір аптадан соң теңгенің құны не болатынын білмей, дал болады. Мысалы, керекті жабдыққа тапсырыс берсе, ертең доллар бағамы 500 межесіне жетсе, банк пен шетелдік компания оның бағасын да жаңа бағаммен сыпырып алады. Сөйтіп, бизнестің қалтасын қағады.

«Биліктегі азаматтар елді 30 жылдан астам уақыттан бері билеп келеді. 1991 жылы бір доллар 4 теңгені құрады. Бүгінде бір доллар 480 теңгеге жуықтады. Билік ЖІӨ және басқасы туралы не айтса да, экономиканың жағдайының басты, ең нақты көрсеткіші – ұлттық валютамыздың ахуалы. Теңгеміз неғұрлым мықты болса, экономикамыз да күшті болады. Оның әлсірегені халықтың да көңіл-күйін түсіреді. Үкімет девальвацияны тоқтата алмаса, бизнес ақшасын Қазақстаннан шетелге әкете беретін болады. Неге? Себебі, Қазақстанда пайданы да теңгемен табасың. Клиенттерің, қазақстандықтар теңгемен есептеседі. Теңге болса, құнсыздана береді. Ендеше табысың да азаяды. Тиімдісі, долларда ұстау. Немесе шетелдегі бизнеске салып, шетелдік мығым валютада табыс табу. Қазақстан экономикасы доллардың қарқынына ілесе алар емес», – деді Ә.Қырбасов.

2029 жылға дейін қазақстандық жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 6–7%-дап өсетініне Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) сарапшылары да сенбейді. Халықаралық қаржы институты Орталық Азия елдерінің экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты болжамын қайта қарап, жақсартты. Соның өзінде Қазақстан аймақ көшінің соңында қалып тұр.

ЕҚДБ 2023 жыл қорытындысында Орталық Азиядағы ЖІӨ-нің өсімі орта есеппен 5,7%-ды, ал 2024 жылы 5,9%-ды құрайтынын жорамалдады. Мұнда аймақтың алға басқан қадамын кері кетіріп тұрғаны – Қазақстан. Себебі, оның экономикасының өсімі осы орташа межеден де төмен.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы 8 айда Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсімі небары 4,9% болды.

Ал Еуропалық қайта құру және даму банкі сарапшыларының баяндамасына сәйкес, ОА-ның өзге елдері биыл сенімді өсімді паш етуде. Бұған халықаралық сауда мен туризмнің жандануы, сонымен қатар миграция ағынының жоғарылауы ықпал еткен. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары Ресеймен шектелмей, әлемнің түрлі елдеріне жұмыс істеуге аттанып, сол жақтан еліне валюталық табыстарын көбірек жолдай бастады.

Ресейлік экономист, кәсіпкер Дмитрий Потапенконың айтуынша, орталықазиялық мигранттардың еңбегі енді шетелде бұрынғыдан жоғары бағаланады.

«Мәселен, Сербияда коттедж салғызған ресейлік кәсіпкер сондағы орталықазиялық жұмысшыларды жалдады. Соның өзінде тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның қырық бес пайыздайы жұмысшылардың еңбегін өтеуге кетіпті. Бұл қайта арзан саналады. Егер еуропалық жұмысшыларды тартқанда, еңбекақы шығынының үлесі жетпіс пайызға дейін жетуі мүмкін еді. Ресейдің өзінде өзбек, тәжік мигранттарының сұрайтын ақысы күрт артты. Мысалы, жүк түсіру үшін 5 мың рублден кемге келіспейді. Бұрын бір-екі мыңнан беріп, жалдауға болатын. Ресейде қол-аяғы сау ер-азаматтардың күрт кемігенін, өздерінің РФ еңбек нарығында «монополиялық» үстем жағдайын мигранттар да біледі», – деді экономист.

Өзбекстанның Орталық банкінің бағалауынша, биылғы жылы шетелдегі отандастары Өзбекстанға кем дегенде 11,5 миллиард доллар табысын аударады деп болжануда. Бұл сома 20 миллиардқа да жуықтауы мүмкін. Бұл – шетелден келген инвестицияларды қоспағанда.

Қазақстан болса, былтыр 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестиция тарта алғанына мәз. Мемлекет басшысы мұны – рекордтық көрсеткіш деп атады.

ЕҚДБ сарапшылары Қазақстан экономикасы 2023 және 2024 жылдары 5% ғана өседі деп отыр. Яғни, 2029 жылға дейінгі онсыз да аз мерзімнің бірден екі жылы серпінді дамудан қалыс қалуы мүмкін. Оның үстіне халықаралық институт Қазақстанның осынша өсімге қол жеткізе алатынына да күмәнданады.

«Өйткені мұнай бағасына қатысты белгісіздік Қазақстан үшін елеулі қауіп факторы болып табылады. Әрине, елде бөлшек және көтерме сауда, құрылыс сияқты салаларда елеулі өсім тіркелді. Қазақстанның Орталық Азия өңірінің барлық нарығына қызмет ететін сауда хабы ретіндегі рөлі күшейді. Нәтижесінде, инфрақұрылымға, көлік пен логистикаға мемлекеттік және жеке инвестициялар артты. Алайда Украинадағы соғыстың созылмалы сипат алуы Каспий құбыр консорциумы терминалының жұмысына төнген қатерді ушықтырады. Қара теңіздегі осы терминал арқылы Қазақстанның мұнай экспортының басым бөлігі тасылады», – делінген ЕҚДБ есебінде.

Қазақстан билігі КҚК-ға лайықты балама таба алмады.

Еуропалық қаржы ұйымы аймағымыздағы өзге елдердің болашағына үлкен оптимизммен қарап отыр. Мысалы, Қырғызстанның ЖІӨ-сінің өсімі алдағы 2024 жылы 7 пайызды құрайды деп болжады. Бұл елдің экономикасын өңдеу өнеркәсібі, ғаламат даму қарқынына шыққан тоқыма, тігін өнеркәсібі өрге сүйреп барады. Сондай-ақ туризм, тамақ өндірісі, бөлшек және көтерме сауда секторлары серпінді дамуда. ЕҚДБ санкцияны айналып өтуде Ресейге белсенді көмегі үшін өзі санкцияға түсіп қалмаса, Қырғызстанның өрге ұмтылуы жалғасады деп сенеді.

Болжам бойынша Моңғолияның ЖІӨ-сі 2023 жылы 7,2 пайызға, 2024 жылы 7,5 пайызға өседі. Моңғол тауарларына, көміріне Қытайда сұраныс еселеп артып барады. Екі елді енді жаңа теміржол тораптары байланыстырды. Моңғолияда да туристік қызмет толығымен қалпына келген. Бүкіл әлемдегі көшпелі мәдениетке қаныққысы келетін туристер соған ағылуда. 

Тәжікстанның ЖІӨ-сі биыл және келесі жылы 7,5% деңгейінде өседі деп тұспалдануда. Тәжік елі су және энергетикалық инфрақұрылымды қуатты дамытып, инвестиция тартуда. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы да жоғары өсімге шығып, дамудың шешуші факторына айналған.

Өзбекстан ЖІӨ-сі 2023 жылы және 2024 жылы 6,5 пайыздап өседі деп күтілуде. Бұған өзбек билігінің жалақыны жаппай арттыруы, арзан несие беруді жолға қоюы да ықпал етеді. Нәтижесінде, Орталық Азиядағы халқының саны жөнінен ең ірі республикада ішкі сұраныс артып, экономикаға дем берді. Еуропалық сарапшылар әсіресе, өзбектердегі сауда, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларының нәтижелеріне тамсанып отыр.

Осы қарқынды өсімдердің жанында Қазақстанның 5 пайызға жетер-жетпес мардымсыз өсімі ұялтады.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz