Пн. Сен 15th, 2025

Ел Президенті халыққа арнаған Жолдауында отандық футбол клубтарына бизнес-индустрия ретінде қарау керегін айтқан еді. 

Сол-ақ екен, жергілікті билік өкілдері инвесторлармен келісім жасап, тез арада әрекет етіп жатқаны байқалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Осы орайда, inbusiness.kz тілшісі елдегі легионерлерге ешқандай қаржы бөлінбейтіні және отандық клубтардың жекеменшікке өтуі турасында спорт сарапшысы, журналист Әлібек Байшүленовті әңгімеге тартқан еді.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазіргі уақытта 4 клубтың жекеменшікке өткенін жеткізгенімен, нақты командалардың атын атамады. Ал күні кеше ғана қазақстандық сегіз футбол клубының жеке меншікке өтетінін жаздық. Ал, футбол клубтарын жекешелендірудің жоспар-кестесі 1 қазанға дейін дайын болмақ.

– Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек.

Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.

Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн, – деп шегелеп тапсырған болатын Мемлекет басшысы.

Кейіпкеріміздің сөзінше, футбол клубы жекеменшікке өтсе, құйылып жатқан есебі жоқ ақша азайып, нақты нәтиже мен талап күшейеді. Өйткені, инвестор бұған бизнес ретінде ғана қарайды. Ал бизнестің заңы басқа.

– Отандық футбол клубтарын жекеменшікке беру қанша жылдан бері талқыланып келе жатқан тақырып. Негізінен, шетелдік клубтардың дені – жекеменшік. Мемлекеттен көк тиын да алмайды, яғни өз-өзін қаржыландырады. Сол арқылы өмір сүріп жатыр. Бұл – үлкен индустрия. Жалпы алғанда футбол деген – бизнес. Оған қанша миллион халықтың көңілі бөлініп жатыр. Өйткені, әлемдегі №1-ші танымал спорт. Әлем футболмен тыныстайды, кәсіпкерлер сол арқылы ақша табады. Мысалы, футбол клубы өз қаржысына стадион салады. Оған өз саласының нағыз мамандарын жұмысқа алады. Себебі, мемлекет меншігіндегі стадиондар секілді емес, жекеменшік саналғандықтан, кәсіпкер сапаны талап етеді, әр қаржының жұмсалу мақсаты дұрыс болады. Мысалы, бір ғана Қазақстанда қанша клубтың директоры, есепшісі істі болды, сотталды, шетелде қашып жүргені қаншама?!

Президент пәрменінен соң легионерлерге еш қаражат бөлінбейтіні де өте дұрыс қадам деп есептеймін. Мұны да ұзақ жылдан бері қаузап келеміз. Әр футбол клубында академия болуы керек. Ол ойыншыларды тәрбиелейді де, келісімшартпен болса да сатады, басқа командаға жалға береді. Сол ақша клубқа түседі де, оны қайта клубтың дамуына жұмсайды. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе, – деп нақтысын айтты ол.

Спорт журналисі Әлібек Байшүленов еліміздегі кез келген футбол клубы жекеменшікке өткен кезде, жұмысы алға басатынын растады. Оған бірден-бір мысал, жоғарыда келтіргеніміздей, клуб басшылығы тек ғана сапалы мамандарға иек артады және талап қоя алады. Сол арқылы клубқа табыс келтірудің жолы қарастырылады. Оның сөзінше, бізде клубтың тарихын да, алаңның көлемін білмейтіндер де жұмыс істеп жүрген көрінеді.

– Футболдың бизнес болғаны өте дұрыс. Оның бірнеше артықшылығы бар. Ешкім өз ақшасын ұрлатпайды ғой. Үкіметтің ақшасы уақытылы келіп тұрған жерде еш нәтиже болмайтынын осыған дейін көрдік. Кеше ғана «Қайраттың» жетістігін көрдік, мұның өзі – академияның арқасы. Алматылық клуб осы арқылы миллиондап қаржы тауып жатыр, бұл таза – бизнес. Ел клубтарына әлі де «пәленбай миллион қарыз екен» деген әңгімелер айтылады. Ал футбол клубы жекеменшікке өтсе, ешкім өз қаржысын ұрлатпайды, бәрі бақылауда болады әрі сапаға жұмыс істейді, футболға бизнес ретінде қарайды.

Қазақстандық клубтар осыған дейін жылына қанша миллиард жұмсады? Бірінші айналымда 10 легионер келеді, екіншісінде де солай. Олар ойнамайды не нәтиже жоқ. Жалпы, 90-жылдары Испанияда, Италияда біздікіндей заң болып жатқанда 3-ақ легионерге рұқсат беретін. Олардың үшеуі де өз елінің ұлттық құрамасында ойнауы керек. Бұл не деген сөз? Әрине, шетелден тек қана сапалы, мықты ойыншылар келеді дегеннің дәлелі. Бір ғана сұрақ бар. Легионерді клуб не үшін алады? Оған тағы бір ғана жауап болуы тиіс. Басқа елден келген ойыншы міндетті түрде нәтиже көрсетуі керек. Қазақстанда ондай жоқ, өзге елде қажет болмай қалған, жарытып нәтиже көрсетпеген, шау тартқан ойыншыларды алдырады. Әрі отандық клубтардың бәрінде кешеге дейін өте көп легионер келді, алаңда дені ойнады да. Жергілікті футболшылар тысқары қалып қоя берді. Одан дамып кеткен қазақ футболын көре алмадық, – деп сөзін қорытындылады спорт сарапшысы.

Қорыта айтқанда, еліміздегі әбден деградацияға ұшыраған футбол енді сөзсіз дамуы тиіс. Өйткені, бұған заңдық тұрғысынан да жағдай жасалып жатыр. Әрі қазірдің өзінде үлкен қозғалыстың бары байқалады.

Inbusiness.kz тілшісі бұған дейін «Бюджетті «сауын сиыр» етіп алған салалар белгілі болды» деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған болатын. 


Дереккөз: inbusiness.kz