Пт. Окт 18th, 2024

Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында инвестициялар айтарлықтай төмендеген. 

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,0%-ға өскенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,0%-ды құрады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде үшінші ай қатарынан өсудің жеделдеуі байқалып отыр. Нақты сектордағы өсу 5,0%-ды құрады, көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 3,8%-ға артты. Биыл  экономиканың өсуі толығымен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде», — деді министр Үкімет отырысында.

Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы ең жоғары өсімді көрсетті. 

«Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өсті. Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65%-ы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ға, білім беруде – 79,3%-ға, көлікте – 31,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ға, денсаулық сақтауда – 4,8%-ға өсті», — деп атап өтті ол.

Ұлттық экономика министрі үздік көрсеткіштер Алматы, Жетісу, Павлодар, Қызылорда және Түркістан облыстарында байқалатынын, Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында инвестициялар айтарлықтай төмендегенін баса айтты.


Дереккөз: inbusiness.kz