Чт. Ноя 21st, 2024

Қазіргі журналистикада қандай мәселелер бар?  

Журналистік этика, фактчекинг,  кәсіби біліктілік — бұл  «Қазақстан медиа альянсы» қоғамдық бірлестігі мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының ұйымдастыруымен  өткен  іс-шарада талқыланған  тақырыптар.  Жиынға БАҚ басшылары, британдық сарапшы,  отандық медиа саласының басқа да өкілдері қатысты.

Аталмыш тақырыптардың қайсысын алып қарасаң да,  бүгінгі медиа саласындағы маңызды мәселелер.  Одан қалды цифрлық технологиялардың өмірімізге етене енуі  журналисттердің, медиа саласы мамандарының жаңа қабілет-дағдыларды игеруіне талапты жылдан-жылға арттырып отыр. Әлеуметтік желінің қолданыс аясы артқан сайын кез келген ақпараттың таралу жылдамдығы тіпті үдей түскен. Бұл, әрине, ақпарат саласындағы журналистің  осы жылдамдыққа ілесуін талап етеді.

Кейінгі кезде ақпарат айдынында хайп пен жалған ақпараттың тым көп болуы да үдеріске айналып бара жатқандай. Ал шенеуніктердің баспасөзбен байланысқа түсуінде қиындықтар туындауы — өзекті мәселенің бірі. 5 маусымда «Журналистік этика. Фактчекинг және манипуляциялар» атты жиында сарапшылар, журналистер мен шенеуніктер арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсартуға болатынын, медиа саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру маңыздылығын талқыға салды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Парламент және Үкімет үйі дәліздерінде түсірілген күнделікті бейнероликтерді шолып өтті, онда журналистер спикерлерді лифтілер мен баспалдақ өткелдерінде қуып жетіп, контент алу үшін әрекеттері таспаланған. Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушыларына күлкілі болып көрінері ақиқат, сәйкесінше жүздеген лайк жинайды. Алайда, мұндай «қызықты» оқиғалардың артында маңызды мәселе қаперден тыс қалады. Ал мұның салдарынан қоғам елде болып жатқан оқиғалар туралы сапалы  әрі маңызды ақпаратты ала алмай қалып жататыны мәселенің бер жағы ғана.

— Екі тарап та кінәлі. Біз, медиа қауымдастығы, қазір бұл мәселені қалай шешу керектігін түсінуіміз керек. Журналистиканың негізгі мақсаты, өздеріңіз білетіндей, қоғамды ақпараттандыру, маңызды мәселелер бойынша пікірталастарға қатысу және қоғамнан билікке дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін ақпаратты жеткізу. Азаматтарға шаршаған шенеуніктер мен оларды қуалап жүрген журналистер туралы даулы оқиғалар қажет емес. Халыққа сапалы, сенімді ақпарат қажет, ал бұл ақпараттың қайнар көзі билік органдары, олар өз жұмысында ашықтықты ұстануы тиіс, — дей келе «Қазақстан Медиа Альянсы» ҚБ атқарушы директоры Қанат Сахариянов медиа саласына ортақ Этика кодексі керек екенін айтып отыр «Біздің медиа салада көптеген ұйым бар. Бірақ біріккен журналистік этика кодексі жоқ. Біз 2020 жылы этика кодексін дайындаған едік. Ендігі ретте оны жетілдіру қажет. Бүгінде жасанды интеллектті жұмыс барысында пайдалануды этика стандартына сай жүргізу қажет. Медиа этика мәселесі билік деңгейінде көтеріле бермейді. Көбіне медиа қауымдастықтың ішінде ғана талқыланады. Мақсатымыз — осы тақырыпты ортаға салып, этика кодексін ұстануды насихаттау.  Көп жағдайда ақиқатқа жанаспайтын ақпараттарды таратып, сенсацияны қуалау арқылы осы этика нормаларынан аттап жатамыз. Сол себепті мәселеге бей-жай қарамаған жөн. Себебі журналистер — қоғам айнасы, интелегенция өкілдері».

Ал британдық сарапшы, Журналистік этика желісінің (Ethical Journalism Network) президенті Айдан Уайттың айтуынша, коммуникациялар мен қоғамдық сенім дағдарысы ақпараттық технологиялардың дамуымен көптеген елдерде байқалады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті мен жауапкершілігі — тәуелсіз форматта жұмыс істей отырып, этикалық нормаларды сақтау.

«Адамдар естігендеріне мүлдем сенбейді. Олар теледидар жаңалықтарына сенімсіздікпен қарайды. Жалпы, біз ақпараттық білім дағдарысы туралы айтып отырмыз және әр адам ақпаратты қабылдаған сайын, ол шатасып, естігендеріне күмәндана бастайды, бұл насихат емес пе, әлде біреудің алдын ала пікірлері ме, немесе адам қандай да бір қорлау манипуляцияларының объектісіне айналды ма деген күйге түседі. Осы белгісіздік күйінің, жүйке қозу күйінің саны мен пайда болуы жиілеп келеді, және біз бұл туралы айтуымыз керек, — дейді  Журналистік этика желісінің (Ethical Journalism Network) президенті Айдан Уайт.

«Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім медиа қауымдастық  бұл ретте  ақпараттық нарық бір қоғамдық келісімге келіп, ортақ ереже түзіп, осы құндылықтарды қалыптастыру  керек екендігін айтты.

«Біздің жалпы медиа қауымдастық, бұқаралық ақпарат  құралдары, әртүрлі ұйымдар, бәрі бір осы медиа этикаға қатысты бір қоғамдық келісімге келу керек. Қандай формада болатынын білмеймін, бірақ бір қоғамдық келісімге келу керек, біз этика нормаларын сақтаймыз деген. Жаңа Уайт мырза да айтып жатыр, дүниежүзінде 400-ден астам этикалық кодекс болса, бірақ оның негізгі айтылатын құндылықтары ортақ, бұл дүниежүзінде қай қай мемлекеттін қарасаңызда бәріне ортақ, сондықтан біз осындай құндылықтарды қайта-қайта айтып, осы әртүрлі ұйымдар арқылы немесе медиасыншыларымыз айтып, осы құндылықтарды қалыптастыруымыз керек»,—  дейді Болат Мүрсәлім

Жиынға жиналғандар фейктер мен тексерілмеген ақпараттардың қоғамға тигізіп жатқан кері әсері жайлы сөз қозғап, жалған ақпарат әсіресе биыл су тасқыны кезінде күшейе түскеніне мамандар назар аударды. Ал оның салдары баршамызға аян, ресми органдар дүрбелең тудыратын хабарламаларды жоққа шығарумен әлек болғаны рас. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова БАҚ саласында өздігінен реттелудің маңызды деген пікірін ортаға салды.  Журналистердің этикалық әрі кәсіби мәселелерді  медиа қауымдастық талқылап, сала мамандары оның шешу жолдарын өздері реттеуі керек деген ой айтты.

— «Журналистиканың миссиясы — ол азаматтарды дер кезінде объективті, толық және жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз ету. Осы миссия жағынан қарасақ, сонда біздің нарықтағы қазір көбінесе инфорейтерлердің жасап жатқан жұмыстары өтірік журналистика сияқтыдай көрінеді. Менің ойымша, нағыз сөз бостандығына кедергі көрсетеді. Менің ойымша, біз өзіміз нарықты өзіміз реттемесек, заңға ғана сүйеніп, реттеуші органға сүйеніп отырсақ, онда біздің сөз бостандығымызда, журналистикамыз да шектелуі мүмкін»,- дейді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова

Оның айтуынша, ең маңыздысы, нақты қандай шараларды институционалдық жағынан өзін-өзі реттеу арқылы қарастыруды анықтау керектігін айтты.

«Қазақстан медиа альянсы осындай медиатор болатын платформа болуды ұсынады, сондықтан бұл қызметті жарнамалауды ең алдымен көрермендер мен оқырмандарға бағыттау керек. Яғни, аудитория медиацияға келгендердің барлығы этика стандарттарын сақтайтынын, олар үшін «уақтылы, объективті, толық және алуан түрлі ақпарат, ең алдымен азаматтарға» деген миссияны ұстану маңызды екенін түсінуі тиіс. (…) Біз қарастырып отырған осы механизмнің құрылымында маңызды деп ойлайтын екінші аспект — бұл жалған және жартылай БАҚ-ты қаржыландыру. Олар мүлде журналистикамен айналыспайды,, былайша айтқанда, ақпараттық рейдерлікпен, ақпараттық алып-сатарлықпен, бопсалау және манипуляциямен айналысады, — деді Қарлығаш Жаманқұлова.

 «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі ақпараттың нақтылығы, сипаты алаңдатып отырғанын жеткізді.

«Бүгінде БАҚ-тың ақпарат таратуда тың форма, жаңа мүмкіндіктері бар. Алайда деректің сапасы мен мазмұнында, кез келген жобаны жүзеге асырарда ұлтқа қызмет етуді негізге алуы керек. Әрине, журналистика саласында біраз өзекті мәселе бар. Бірақ тіл мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Өйткені сауатты ақпарат, сауатты тіл – төл мәдениетіміздің қозғау­шысы, арқауы,деді Дихан Қамзабекұлы.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов БАҚ-та реттелу идеясын қолдайды. Оның айтуынша, парламентте талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасында тиісті механизмдерді енгізу көзделген.

Заң жобасы осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге ықпал етеді, өйткені журналистік этика мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың қатысуын қарастыратын нормалар қарастырылған. Ешқандай мемлекеттік органдар араласпайды, — деді Ахетов.

Талқылау барысында дөңгелек үстел тақырыбының қарапайым шешімдері болмайтыны айқындалды. Журналистер елде болып жатқан оқиғалар туралы сенімді және толық ақпарат беру үшін, тек кәсібилік пен этикалық стандарттарды сақтау ғана емес, биліктің ашықтығы да қажет.

«Хабар» агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев журналистік сауалдарға жауап беру мерзімін бір-екі күнге дейін қысқарту мәселесін талқылауға шақырды, бұл жалған ақпараттың, хайп пен болжамдардың таралу қаупін азайтады. Оның айтуынша, коммуникация сапасын жақсартуға журналистерді ғана емес, шенеуніктерді де оқыту көмектеседі.

— «Менің ойымша, журналистерді де, мемлекеттік қызметкерлерді де оқыту керек, — деді Кемелбек Ойшыбаев. — Мұнда министрліктің (Мәдениет және ақпарат министрлігі – Ред.) рөлі өте маңызды. (…) Мемлекеттік қызметте жүріп, адамдар сұрақтарға жауап беруге, түсініктеме беруге дайын болуы керек. Мемлекеттік қызметте жүргенде белгілі бір ішкі ережелер мен талаптар бар екені түсінікті, мысалы, олар журналистке жүріп бара жатып қандай да бір ақпаратты айта алмайды, бірақ менің ойымша, мемлекеттік қызметкердің (баспасөзге қатысты – Ред.) сыпайы қарым-қатынасы және сыпайы мінез-құлқы болса, бұл мәселе шешілер еді. Жалпы, менің ойымша, біздің кездесуіміздің қорытындысы бойынша біз этикаға: журналистер мен мемлекеттік қызметкерлердің этикасын сақтауға шақыруымыз керек», — деді Кемелбек Ойшыбаев.

— Шенеуніктерді дәлізде неге қудалаймыз? Бұл журналистер мен мемлекеттік органдар арасындағы қарапайым байланыстың жоқтығы. Журналистік сауалдарға бес-жеті күн ішінде жауап беру – жаңалық журналисті үшін өте ұзақ, өйткені осы уақыт ішінде ол жиі өзектілігін жоғалтады. Екінші маңызды мәселе — сұрауларға жауаптардың сапасының төмендігі. Көп жағдайда бұл тек бос сөздер. Сондықтан мемлекеттік органның басшысын дәлізде көріп, мен өз сұрағыма жауап алу үшін оның артынан жүгіремін, — деді Atameken Business телеарнаның арнайы тілшісі Фариза Болатбек.

Коммуникациялар мен медиаэтикаға оқыту миссиясын «Қазақстан медиа альянсы» өз мойнына алуға дайын. Дөңгелек үстел барысында оның өкілдері жаңадан бастаған және тәжірибелі журналистерге арналған арнайы тренингтер өткізетіні туралы жариялады.

— «Қазақстан Медиа Альянсы» қазір еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерімен жұмыс істеуге дайын. Сондай-ақ біз арнайы сыныптарды жабдықтап, заманауи монтажға үйретуге дайынбыз, — деді тележүргізуші және блогер Динара Сәтжан.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша сарапшылар билік пен медиа қауымдастық арасындағы коммуникация сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.