Журналист Әйгерім Сейфолла Instagram-дағы жеке блогында қазақ тарихындағы меценаттар туралы өзінің ойын тұжырымдапты.
Жазбасында сонау 1841 жылы еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақша-орысша білім беретін мектеп ашқан Жәңгір ханнан бастап, бүгінгі күннің атымтай жомарттарына тоқталыпты.
Иә, тарихтан орын алған көптеген жомарт жандардың есімі белгілі. Олар өздерінің қаржылай көмегін көбінесе білім саласына жұмсап отырған, яғни замандастарының білім алуына қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының берік қалыптасуына қолғабыс еткен. Сонымен қатар ел басына күн туған дүрбелеңге толы замандарда аш-жалаңаш, күйзелісті күйге түскен халықтан ауқаты асқан, дәулетті адамдар аянып қалмағандығы ел арасында аңыздай болып тараған. Тіпті, қал-қадірінше ағайын-туысынан бөлек, бүткіл бір рулы елді, ауыл-аймақты қарамағына алып, бар тауқымет-тұрмысын мойнымен көтеріп, жағдайларын қамтамасыз еткендері де аз болмаған. Өйткені жомарттық – қазақтың қанында бар қасиет. Тіпті, шынтуайтына келгенде, жомарттық деген адамның әлеуметтік мәртебесіне де тіреліп тұрған жоқ. Қажет десеңіз, қазақтың жомарттығы байы тұрмақ, кедейінде де бар.
«Үйдегі жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады ертеңінде» деген сияқты өлең жолдары осы жайдан хабар берсе керек. Құдайға шүкір, қазіргі күнде де елдің, ұлттың болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтарымыз жетерлік. Бар болғанына шүкір дейсің. Бүгінгі күннің жомарт жандары туралы толғанысында журналист белгілі кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың соңғы жылдардағы әлеуметтік бастамаларды қолдау барысында 116 миллиард теңге қаржы бөлгеніне жеке тоқталыпты. Шынында да, бұл азаматтың ел басына қиындық туғанда ортақ шаруадан ешқашан шет қалмайтынын аңғарып жүрміз. Сонымен қатар, өзінің бос даурықпа даңғаза туғызатын мақтау мен марапатты да қажет қылмайтыны қуантады. Бәлкім, шынайы риясыз жасалатын жақсылықтың жасандылықтан ада болатындығының бір белгісі де осы шығар. Жүректен жыққан жылы сөздің өзі жүректерді жылытатыны да осынау тәмсілді тұғырландырып тұрған сияқты. Әрине, жүрегі мейірім шапағатына толы, қолы ашық меценаттардың қатары жыл сайын көбейіп, жаңа есімдермен толып жатқаны қуантады. Ал ең бастысы, олардың атқарған меценаттық шаралары даңғаза дақпырт үшін немесе өзін-өзі ел алдында дәріптеуі үшін жасалған емес, шын мәнінде ақадал көңілден шығып, көпшіліктің кәдесіне жарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «Алған жомарт па, берген жомарт па» деген мәтел бар.
Жасалған жақсылықтың жерде қалмасы белгілі. Бұл ретте жомарт жандардың есімдері ел есінде жатталып, жасаған жақсылықтары мен алған алғыстары әрдайым алдарынан шығары ақиқат.
Дереккөз: Әйгерім Сейфолла Instagram