Пт. Ноя 20th, 2026

Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жазып отыр.

2026 жылғы жаһандық климаттың жай-күйі туралы жаңартылған деректерде әлем үшін маңызды ақпараттар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баяндамасына сай, кейінгі 12 жылдың барлығы метеобақылау тарихындағы ең ыстық 12 жылдың қатарына енген.

Ал ең қызығы – мынада. Кейінгі 4 жыл температура көрсеткіші бойынша алғашқы төрт орынды иеленді.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Жер бетіндегі ауаның орташа жаһандық температурасы индустрияға дейінгі кезеңдегі көрсеткіштен шамамен 1,47 градус Цельсийге жоғары болды.

Сондай-ақ, Жердің энергетикалық теңгерімсіздігі артып келеді. Планета жылуды бұрынғыдан да жылдам жинақтап жатыр. Бұған – парниктік газдар концентрациясының рекордтық деңгейге жетуі себеп. Олар Күннен келетін энергия мен Жерден тарайтын жылу арасындағы тепе-теңдікті бұзуда.

Артық жылудың шамамен 90 пайызын Дүниежүзілік мұхит сіңіреді.

Бейресми деректерге қарағанда, 2026 жыл мұхиттағы жылу мөлшері рекордтық деңгейге жеткен оныншы жыл қатарынан болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда климатты үздіксіз бақылап, алдын ала болжам жасау қоғам мен экономикаға төнетін қатерлерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу