Пн. Июн 9th, 2025

ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернетте сатқан қылмыстық топтың жолын кесті.

«Ақпараттар мемлекеттік базалардан заңсыз алынған және Telegram арқылы таратылған, оның ішінде кейбір коллекторлық компанияларға берілген.

140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынды.

Тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленді», — дейді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Оның айтуынша, аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі (ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу), 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі (шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдардың толық шеңбері анықталуда», — деп қосты Жандос Сүйінбай.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ