16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді
Заң кеңесшісі Мейірман Шекеевтің айтуынша, Эльмира Нұрбекова сот тергеуінде қазақ тілін білмейтінін және полицияның қысым көрсеткенін айтып, өзінің бастапқы куәлігін өзгерткен.
«2025 жылы 28 сәуірде куә ретінде жауап берген Эльмира Нұрбекова алдын ала тергеуде берген жауабын өзгертіп, айыпталушы Абзал Шынасылдың кәмелетке толмаған Шерзат Болатқа пышақ салғанын көрмегенін айтып, айғақ берді.
2024 жылғы 5 қазандағы жауап алу кезінде хаттамада не жазылғанын түсінбегенін сылтауратты. Бұл түсінбеушілікті ол хаттаманың қазақ тілінде жазылғанымен, қазақ тілін толық түсінбейтінімен байланыстырды.
Сонымен қатар жауап алу хаттамасына қол қою кезінде полиция тарабынан қысым жасалғанын айтты.
Алайда сот барысында куә Нұрбекованың қазақ тілін білмейтініне және қылмысты тергеу материалдарымен нақтырақ айтқанда, оның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен толық жоққа шығарылды.
Бұл бейнежазбаларды зерттеу кезінде куә Нұрбекованың қазақ тілінде еркін сөйлейтіні, қойылған сұрақты түсініп, оған жауап беретіні сот тергеуі барысында анықталды деп есептейміз.
Сонымен бірге полиция қызметкерлерінің қысым көрсеткені туралы дерек те расталмады.
Егер тергеу барысында куә Нұрбекованың құқықтары бұзылса, оның немесе қорғаушысының қазіргі уақытқа дейін құқық қорғау органдарына арыз-шағыммен жүгінуге еш кедергі болмаған деп есептейміз.
Куә ретінде жауап алынбас бұрын сот тарабынан Нұрбековаға куә ретіндегі құқықтары мен міндеттері түсіндірілген және Қылмыстық кодекстің 420-бабына сәйкес, жалған айғақ бергені үшін жауапкершілікке тартылатыны да ескертілген.
Сонымен бірге куә Нұрбекова сотта шындықты ғана айтуға ант берген және бұл туралы құжатқа қол қойған. Сонымен қатар іс материалдарында сот тергеуі барысында және Нұрбекованың өз жауабына сай, оның қозғалысына сотталушылар тарабынан шектеу қойылмағаны сондай-ақ сотталушыларға тікелей тәуелді болмағаны анықталды.
Куә Нұрбекованың жанында үнемі ұялы телефоны болған. Бұл тұжырым куә Нұрбекованың қылмыс жасалғаннан кейін сотталушылардың бір бөлігімен жүрген Toyota Land Cruiser Prado автокөлігіне орнатылған бейнетіркегіш арқылы жасалған бейнемен танысқаны туралы хаттамаға негізделіп жасалған.
Бейнежазбамен танысу барысында куә Нұрбекова аталған көлікте болғанын растаған.
Аталған бейнежазбада куә Нұрбекова өз ұялы телефоны арқылы еркін сөйлесіп отырғаны көрінеді. Сондай-ақ сотталушылардың қалжыңдарына араласып, күліп отырғанына, оқиға болған жердегі мән-жайды талқылауға өзінің пікірін білдіріп, әңгімеге араласып отыруы автокөлікте сотталушылардың тарабынан қандай да бір қысым болмағаны анық көрінеді..
Бұл сот барысында берілген Ілиясов Нұрқиястың жауабымен де сәйкес келеді.
Осыған орай куә Нұрбекованың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 421-бабы 2-бөлігіне сәйкес аса ауыр қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша сот тергеуінде куәнің көрінеу жалған айғақ беру, Қылмыстық кодекстің 434-бабына сәйкес, жасалған ауыр қылмысты хабарламау бойынша құқық бұзушылықтың белгілері бар деп санаймыз», — деп өтінішхат мәтінін оқып берді жәбірленушінің өкілі Мейірман Шекеев.
Жәбірленуші тарап өкілі Эльмира Нұрбекова сотта қасақана көрінеу жалған айғақ бергені үшін және аса ауыр қылмысты хабарламағаны үшін жеке қаулы шығарып, аталған қаулыны Алматы облысының прокурорына тиісті процестік шешім қабылдау үшін жолдауды сұрады.
Сондай-ақ куә Дана Жақсыгелдіге қатысты да дәл осындай жеке қаулы жіберуге өтініш білдірді.
Тараптардың пікірін тыңдаған судья шешімді кеңесу бөлмесінде қабылдайтынын айтты.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ