Пт. Ноя 22nd, 2024

Бүгінге дейін де елдегі көптеген БАҚ мемлекеттік немесе тәуелсіз екеніне қарамастан мемлекеттік тендерге қатысып келеді.

Өткен аптада Президент » Масс- медиа  туралы»  жаңа заңға қол қойды. Жылға жуық уақыт қоғам мен биліктің талқылауында болып қабылданған құжат аталған салаға қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? Кемшім тұстары мен артықшылықтары қандай? Осы сауалдар туралы Inbusiness.kz тілшісі мамандар пікірін біліп, сараптама жасады.

Демократия сөзінің бастауында бірінші сөз бостандығы, яғни БАҚ-тың еркіндігі тұрағандығы анық. Осы тұрғыдан алғанда  аталған заң  жалпы қоғамға оның демократиялық жолмен дамуына қаншалықты үлес қосады? – сауалға саяасттанушы Назерке Еркінқызы аталған заңның белгілі дәрежеде елдегі  демократия көрсеткішіне әсер ететінін айтады.

Қоғамдағы демократия процесі бұл заңға дейін де, кейін де өзгеріске ұшырай береді. Қоғамның демократиялану процесін бір заңның аясында қарастыра алмаймыз.

Бірақ қабылданған  «Масс-медиа туралы» заңның белгілі дәрежеде демократия көрсеткішіне әсер ететінін жоққа шығара алмаймыз. Себебі, баспасөз бостандығы, БАҚ саласындағы азаматтардың құқықтарының сақталуы мен қорғалуы (демократияның басты критерийлерінің бірі), қарапайым азаматтық принцип үшін қудаланбау сынды факторлар елдегі азаматтық қоғамның одан сайын дамуы үшін, азаматтардың (журналистердің) қауіпсіздігі үшін, елдегі қоғамдық-саяси өмірді жандандыру үшін маңызды, дейді спикер.

Ол сонымен қатар аталған заңда қамтылған Журналист мәртебесі  туралы бапты демократия талаптарының бірі ретінде қабылдауға болатындығын  айтады.

«Қазіргі «Журналисттің ерекше мәртебесі» туралы заңдағы түсінікті демократия талаптарының бірі ретінде қабылдауға болады.  Билік пен қоғам арасындағы байланысты дамыту, оның ішінде БАҚ сұрақтарына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімі қысқарды (7-ден 5 күнге дейін). Бұл өзекті сұрақтардың жедел қаралуына, қоғам күткен сауалдарды уақтылы беруге ықпал етеді.

Журналист мәртебесінің ерекше қорғалуы оның сенімділігіне, шығармашылық өркендеуіне ықпал етеді. Қоғамға сапалы әрі интеллектуалды еңбегін ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан аталған заңдағы бұл норманы оптимистік көзқараспен қабылдау қажет. Ал қоғамның демократиялық эволюциясына журналисттің белсендігі, жалпы азаматтардың белсенділігі(адекватты) әсер етеді, мемлекет те оған тосқауыл болмауы қажет, — дейді Н. Еркінқызы.

Бақ-тың жұмысын жүйелендіруге бағытталған жаңа заңда гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі, деп көрсетілген. Осы тұста мамандар арасында , бұл ертең БАҚ-ты биліктің аузына қаратып қоюға әкеп соқтырмай ма?, — деген заңды сауал туындады. Бұған қытысты пікір білдірген жоғарыдағы сарапшымыз бұған дейін де түрлі  БАҚ-тардың құрылтайшылық ерекшеліктеріне қарамастан мемлекеттен әртүрлі жолдармен  қаржы алып келгенін айтады.

«Бүгінге дейін де елдегі көптеген БАҚ мемлекеттік немесе тәуелсіз екеніне қарамастан мемлекеттік тендерге қатысып келеді. Дегенмен, мемлекеттен қаржыландырылса да өздерінің қажет деп тапқан, қоғамға керек контенттерін ұсынып  жүрген  БАҚ-тарда кездеседі. Сондай-ақ, Мемлекеттен қаржыландырылмаса да, қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген, кейде мемлекеттік саясатты да насихаттап жүрген агенттіктер бар. Сондықтан осы өзгерістен соң барлық БАҚ биліктің аузына қарап отырады деп айта алмаймыз. Ал ақпараттық даму қандай жағдай болмасын үздіксіз жүре беретін глобалды процесс, — деп атап өтті Назерке Еркінқызы.

Дәл осы сауал төңірегінде пікір білдіріген беліглі журналист, медиасарапшы Қалима Бұқарқызы тәуелсіз БАҚ-тарға мемлекеттік грант беру мәселесі жақы жаңалық болғанымен, оның іс жүзінде қалай жүзеге асатыны белгісіз дегенді алға тартады.

«Масс-медиа туралы» заңның «ақпарат құралдары мен журналистер мүддесін көздейтіні» айтылып жатыр, мұны жоққа шығаруға болмайды. Иә, журналист материалының ескіру мерзімінің бір жыл деп белгіленуі, жұмыс берушінің қауіпті нысанда жұмыс істейтін тілшісі мен операторын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге, өз міндеттерін орындаған кезде өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің келтірілген зиянды өтеп беруге міндеттелуі, сөз жоқ, маңызды өзгеріс, жағымды жаңалық.

Тағы бір жақсы жаңалық ретінде мемлекеттік емес ақпарат құралдарының республикалық бюджеттен бөлінетін грантқа қатысуын да атап өтуге болады. Алайда дәл осы норма бойынша процестің ұйымдастырылуы сөз жүзінде сенімді болғанымен, іс жүзінде қалай атқарылатынын көрмей тұрып қандай да бір пікір айтуға ерте деп білем,- дейді медиа сарапшы.

Осы заңға қатысты пікрін жалғастырған ол жаңа заңға сәйкес алдағы уақытта  БАҚ-қа билік тарапыан түрлі сылтауларды алға тартуы арқылы бақылаудың күшеюі мүмкін екенін айтады.

«Заңды жіті оқып шыққан адам мемлекет тарапынан БАҚ-қа бақылау күшейе түскенін аңғарады. Мұны заңдағы «БАҚ-тың ақпаратын бақылау», «жарияланған өнімде заңға қайшы, қоғамға зиянын тигізетін, ұлттық-мәдени және отбасылық құндылықтарға жат материалдар сараланып талданады» деген сөйлемдерден көреміз. Соңғы екі ұғым (ұлттық-мәдени және отбасылық құндылықтарға жат материалдар) жаңадан қосылды. Ұлттық-мәдени және отбасы құндылықтарына жат материалдарды қалай анықтайтыны белгісіз. Сондықтан алдағы уақытта биліктің қолайына жақпаған материалдар аталған санатқа ілігіп кетпей ме деген күдік бар. Бұдан былай мемлекеттік маңызды стратегиялық орындардан ақпарат тарататын БАҚ өкілдері белгіленген тәртіпке бағынуға мәжбүр болады. Бұл журналистердің  ақпаратты пресс-релизден ғана таратуына алып келмей ме деген алаң бар, — деп атап өтті Қ.Бұқарқызы.

Сонымен қатар аталған заңды қабылдау кезінде жұмыс тобының мүшесі болған ол жаңа заңның өзі келіспейтін бірнеше тұстарын атап өтті.

«Медиасарапшылар журналист этикасы заңмен реттелмеуі керек екенін бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, жаңа заңда журналист этика сақтауға міндеттеліп отыр. Журналистерге арналған этика кодексі мәселесін алғаш көтерген, алғаш болып журналистің этика кодексін жазған — Louisville-Courier Journal-дың бас редакторы болған Генри Уоттерсон медиаэтика кодексі – ереже немесе заң  емес, ол методикалық ұсыныс екенін айтқан. Журналистер өзге сала өкілдері, мысалы, заңгер немесе дәрігер секілді лицензия алмайды, сәйкесінше этика бұзғаны үшін лицензиядан айырылмайды. Жұмыстан шығып қалуы мүмкін.  Бірақ жұмыстан шыққанымен, ол бұл салада жұмыс істемейді деген сөз емес. Себебі масс-медиа саласы жеке қабілеттерге жүгініп отыратын сала. Журналист этикасын сақтау заңда міндеттелсе және ол талап сақталмаса, журналист жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әрине, салалық министрлік өкілдері этика бұзылса, министрлік тарапынан ұсыным ғана беріледі, ешқандай журналист жауапқа тартылмайды деп сендіріп отыр. Алайда министрліктен жеткен кез келген құжат – ұсыныс бола ма, басқа бола ма, журналистің жұмысына араласу болып шығады, — дейді Қалима Бұқарқызы.

Сарапшы заң жобасын дайындау кезінде журналистердің құқығы мен жеке қауіпсіздігіен қатысты бірнеше қажетті ұсыныстардың өтпей қалғаны айтады.

«Медиақауымдастықтың  журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және журналистер құқығын бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсынысы өтпеді. Бұл ұсыныс журналистің күнделікті жұмыс барысындағы құқының бұзылуына қатысты еді. БАҚ-қа арналған бюджет қаржысын бөлудің ашықтығы туралы ұсынысымызға алдағы уақытта құрылатын медиаплатформаны алға тартты. Редакция тәуелсіздігі, ақылы материалдарға – мемлекеттік тапсырыспен жазылған материалдарға белгі қою,  журналистердің кәсіби құқығы бұзылған жағдайда сала  министрлігінің әрекет ету міндетін айқындау туралы ұсыныстарымыз қабылданбады, — деп сөзін түйіндеді жұмыс тобының мүшесі болған белгілі журналист.


Дереккөз: inbusiness.kz