Пт. Ноя 22nd, 2024

Бүгін Маңғыстау облысының әкімдігі өңір басшысының бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев пен «KazPetroDrilling» АҚ вице-президенті Қайырбек Елеусінов Жаңаөзен қаласының аумағында сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангалары зауытын салу туралы меморандумға қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экономиканың өсуі мен әртараптандырылуына қол жеткізудің негізгі факторларының бірі инвестициялар тарту және индустрияны дамыту болып табылады. Маңғыстау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын Қазақстанның жетекші және маңызды өңірлерінің бірі. Соңғы бес жылда өңірге 4 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылған.

Бұған дейін, ағымдағы жылдың 23 тамызында біз Маңғыстау облысында құбыр өнімдерін шығаратын зауыт салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Тағы бір маңызды жоба – Жаңаөзен қаласындағы сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын зауыттың құрылысы.

Фото: «KazPetroDrilling» АҚ

Өз тарапымыздан біз ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастаманы қолдауға әрқашан дайын екенімізді атап өткім келеді.

Жаңа өндіріс құрылысына «KazPetroDrilling» АҚ 17,3 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып отыр. Зауыт жылына 51 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырлар мен 540 мың сорғы штангаларын өндіретін болады.

«Өндіруші қор тербелмелі станоктар арқылы пайдаланылады, ал жерасты жабдықтары сорғы-компрессорлық құбырлар мен штангалар болып табылады. Ұңғымалардың тоқтаусыз жұмыс істеуі зауытпен тікелей байланысты. Уақтылы жеткізу, уақтылы ауыстыру өндіріс деңгейіне оң әсер етеді», — дейді «KazPetroDrilling» АҚ вице-президенті Қайырбек Елеусінов.

Фото: «KazPetroDrilling» АҚ

Зауыттың құрылысы Жаңаөзендегі жұмыссыздық проблемасына да оң әсер етеді. Құрылыс кезінде 150-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда, ал пайдалануға берілген кезде шамамен 285 жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданады. Сонымен қатар тамақтану орындары, клининг, көлік қызметтері сияқты сервистік қызмет көрсету де дамитын болады. Бұл – тағы 45 тұрақты жұмыс орны.

«Жаңаөзенде өндірісті іске қосу бірнеше өзекті мәселені шешуге көмектеседі. Экономикалық тұрғыда бұл бізге импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, біз шетелдік компаниялардан өнімді сатып алу емес, өнімді өзіміз өндіруге және қайта өңдеуге көшеміз. Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаруға арналған желілерді іске қосу бізге өңірді дамытуға, осы салаға қажетті кадрларды дайындауға мүмкіндік ашады», — дейді Қайырбек Елеусінов.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімдігі жер телімін бөлу, инженерлік коммуникациялар жүргізу мәселелерін шешті. Компания өкілдері барлық мерзім бойынша үлгеретіндіктерін және 2024 жылдың соңында зауыт пайдалануға берілетіндігін атап өтті.


Ақпарат көзі: kaz.nur.kz