Чт. Ноя 12th, 2026

Бүгінге дейін әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту сервисін 729 қазақстандық пайдаланған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыдан 1 ай бұрын «Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисін іске қосты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тетігі атаулылық қағидатына негізделеді. Көмек бірінші кезекте оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталады.

«Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ол тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, жекелеген әлеуметтік қолдау түрлерінен бас тарту туралы электрондық өтінішті өз бетінше беруге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі екенін атап өту керек. Сервис, ең алдымен, материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санатқа жататын, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азаматтар тиісті мемлекеттік қолдауды қайта тағайындау туралы өтініш беруге құқылы. Өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сервистің тек электрондық үкіметтің ресми платформаларында – eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді екенін еске салады.

Азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге және тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырамыз», – деп ескертті жауапты мамандар.

Мұндай төлемдерді алмайтындар сервисті пайдалана алмайды.

«Әлеуметтік төлемнен немесе жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдау алу үшін қайта өтініш беру құқығын шектемейді. Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азамат тиісті төлемді қайта тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Өтініш қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және төлем тағайындау талаптарына сәйкес қаралады», – деп хабарлады министрлік.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу