Токио және биылғы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерден кейін дәуірінде аты дүркіреген Қазақстан боксы сынның астында қалып келеді.
Дегенмен қазір жаһандағы спорттың бұл түрі құдды саясат секілді келіспеушіліктерге толы көрінеді. Әділетсіз шешімдері үшін Олимпиада ойындарында бокс бағдарламасын ұйымдастыру құқығынан айырылған IBA әлі де айылын жияр емес. Ал былтыр сәуірде ғана құрылған World Boxing ұйымының ықпалы айтарлықтай арта қоймады. Қазақстан бокс федерациясы қазір аталған екі ұйымның да құрамында жүр.
Жастар екі түрлі жарысқа да барды
Жоғарыда аталған екі ұйым қазір бір-біріне бақталас болып отыр. Мәселен, биыл 22 қазанда Черногорияның Будва қаласында IBA-ның ұйымдастыруымен жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Көп ұзамай, 27 қазанда WB ұйымы да жастар арасындағы әлем чемпионатын АҚШ-та өткізді. Қазақстан алғашқысына 25, Америкаға 4 боксшысын жіберді. Яғни, еліміз екі ұйымның біріне нақты тоқталмағанын анық көрсетті.
Дегенмен өзбекстандықтар мен ресейліктер үстемдік етеді делінетін IBA осы жолғы жарыста Қазақстанның көңілін қалдырғысы келмей, мүмкіндігі болса ұйымда сақтап қалуға тырысқандай көрінді. Өйткені көбіне қазақ боксшыларын жығып беріп отыратын төрешілер бұл жолы аса кедергі келтірмеген. Еліміздің жастары аталған додада 6 алтын алып, жалпы есепте көш бастады. Құдды, осыған дейінгі әділетсіздіктерге өкпелеп жүрген қазақстандықтар ренішін ұмытып, IBA құрамында қала бере ме деп те күмәндандық. Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың пікірінше, АҚШ-та қатар өткен екінші жарысқа боксшыларды жіберу – асығыс шешім болған.
– Спортшылардың 2024 жылғы әр жарысқа қатысатын кестесі 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Спорт министрлігінің ресми күнтізбесіне енгізіліп, ведомство тарапынан бекітіледі. Оған сай әр жарыстың жол шығындарына қаражат бөлінеді. Негізі Қазақстан IBA ұйымдастырған Будвадағы турнирге басымдық бергені анық көрінді, 25 боксшымыз барды. Ал WB ұйымдастырған АҚШ-та өткен турнирге қатысу тез арада қабылданған шешім секілді. Өйткені еліміз бар-жоғы 4 боксшы апарды, – дейді ол.
Бір ұйымнан екіншісіне ауысу – жеңіл процесс емес
Биыл қарашада Қазақстанның бокс федерациясы WB ұйымына қосылды. Алайда IBA-дан да толық шыққан жоқ. Алғашында сарапшылардың көбі құрамы 55 елмен толығып үлгерген World Boxing ұйымына қосылуымызды жақсылыққа балаған. Мысалы, Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі, даңқты бапкер Тұрсынғали Еділов «WB тізгінін нидерландтық Борис ван дер Ворст ұстайды, IBA басшысы Умар Кремлевпен екеуінің арасында келіспеушілік баяғыда туындаған. Тағы бірер жылдан соң WB-нің ықпалы да, күші де IBA-дан әлдеқайда жоғары болатыны анық» деген еді.
Негізі қалай алып қарасақ та, IBA (бұрынғы атауы AIBA) – бокс спорты тарихындағы халықаралық алғашқы ұйым. Ресми түрде 1946 жылы құрылғанымен, 1920 жылдан бастап бұл ұйымның алғышарттары жасалып, Антверпенде өткен Олимпиада ойындарында бокс турнирін ұйымдастырды.
Содан бері ұйым шамамен 1 ғасырға жуық уақыт бойы үздіксіз Олимпиада ойындарының аясында бокс турнирін ұйымдастырып келіпті. Бірақ 2019 жылы бұл ұйым Олимпиадада боксқа жауапты ұйым қатарынан алынып тасталды, аяқ асты беделінен айырылды. Неге? Себебі ұйым әділетсіз шешімдерімен жанкүйерлердің көзіне түсе бастады, ақыры боксшылар мен бапкерлердің де қарсылығын тудырды. Ашық саясат ұстанбауы әуесқой боксқа біраз кесірін тигізді. Осылайша, ғасырдан астам тарихы бар ұйым ықпалды адамдардың уысында кете барды.
Ал World Boxing ұйымы жаңа құрылым екенін білеміз, жұмыс істеп бастағанына 1,5 жылдан енді аспақ. Дегенмен жаңа болса да амбициялары үлкен. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс турнирін өткізуге мүдделі екендерін жасырмайды. Ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде отандасамыз Геннадий Головкин таңдалды. Бокс әлемінде абыройы бар адамның тағайындалуы – бұл ұйымның түпкі мақсатына жетпей қоймайтынын көрсетеді. Дегенмен келешегі уақыт еншісінде.
Әйткенмен жаңа ұйым да кейде сыналып қалады. IBA-ның күмәнді шешімдерін талқылап бітпей жатып, былтыр ғана құрылған WB ұйымының төрешілері де жарыстарында әділетсіз шешімдерге барып жатқаны айтылуда. Алғашқысында ресейліктер мен өзбекстандықтар төреші шешіміне ықпал ете алса, кейінгі құрылғаны ағылшындар мен америкалықтарға жақ болғаны сөз болды. Спорт сарапшысы Айдосы Рымқұлдың сөзінше, бокстағы қазіргі бағалау жүйесін түбегейлі өзгерткен жөн. Әйтпесе даулы нәтижелер көбейе бермек.
– Бокстағы бағалау жүйесін түбегейлі өзгертпейінше, қай ұйым болса да әділетті жарыс өткізеді дегенге сену қиын. Мәселен, мен 5-0 жүйесіне көшіргенді құп көрер едім. Бокста адами фактордың ықпалы қатты, ағылшындар бір-біріне жақтасса, мына жақта түркі елдері бір-бірін қолдап жататыны даусыз. Сол сияқты әртүрлі топқа бірлескен елдердің төрешілері өзіне жақын елдің спортшысына бүйрегі бұрады. Сондықтан бокстағы бағалау жүйесіне түбегейлі реформа жасалмайынша, 100 пайыз әділдік туралы айту әбестік болады, – дейді.
Міне, бокс спорты жыл сайын абыройын жоғалтып келе жатқандай. Касса жинау үшін өткізіліп, мол ақша жүретін кәсіпқой боксты айтпағанда, әуесқой бокс көпшілікті қызықтыра алатындай дәрежесінен түсіп барады. Ал жаңа WB ұйымы келесі Олимпиада ойындарында боксты ұйымдастыруға мүмкіндік ала ала ма – ол жағы уақыт еншісіндегі белгісіз дүние.
Дереккөз: inbusiness.kz