Қазір тұмау мен түрлі вирустық аурулар өрши түсетін кезең. Әдетте, тұмау күздің қоңыр суығынан бастап көктемге дейін созылып жатады. Иммундық жүйені күшейтпесе, әлсіз ағза әр вирусқа төтеп бере алмайтыны ақиқат. Cондықтан емделудің емес, ауырмаудың амалын ойлаған әлдеқайда абзал. Әсіресе, тұмау өршіген тұста балабақша жасындағы балалардың саулығына аса мән берген жөн.
ТАЗАЛЫҚ – CАУЛЫҚ НЕГІЗІ
Атыраудағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының мамандары түрлі вирустық аурулар тез тарайтын мезгілде тұмаудың алдын алу шараларын күшейткен. Мекеменің мамандары әр бөбектің саулығына мұқият көңіл бөлу қашанда басты міндет екенін айтады. Тұмаудың алдын алудың әрине ең басты шарасы – тазалық. Балалар бақшаға келмес бұрын әр бөлменің, бүлдіршіндер ойнайтын әр ойыншықтың санитарлық талаптарға сай тазалығы жіті қадағаланады.
«Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Тойған Жарбусынованың айтуынша, балалардың саулығына мән беріп, олардың бір-бірімен еркін ойнап, барлығы бірдей сабаққа қатысып білім алуы мен дамуына қажетті барлық жағдайды қамтамасыз ету бөбекжай-бақшасындағы әр маманның басты міндеті. Әсіресе тұмау өршіген тұста әр баланың саулығын қадағалау күшейе түседі.
«Гигиена ережелерін ұстанып, балалардың жиі қол жуаға үйретеміз. Бөлмелердің терезесін жиі ашып, ауаны тазартып отырамыз. Күнделікті бірнеше рет бөлмелерді дезинфекция құралдарымен тазалаймыз», — дейді «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Тойған Жарбусынова.
ПЕДИАТР ДӘРІГЕРДЕН КЕҢЕС
Бөбекжайға келген бетте әр бүлдіршіннің денсаулығын ең әуелі педиатр дәрігер тексеріп алады. Өйткені бүлдіршіндердің тұмауға шалдығуының алдын алу міндеті басым.
«Бала ауырып тұрғаны бірден байқалады. Егер бала сырқаттанып тұрса, тамағын қарап, жөтелі бар-жоғын анықтап, баланы оқшаулап қараймын. Кейін, ата-анасы келген соң дәрігерге жолдама беремін. Бөбекжай-бақшадағы басқа балаларға тұмау жұқпас үшін бүлдіршіннің үйден ем алуын қадағалаймын», — дейді бөбекжай-бақшаның педиатр дәрігері Гүлсім Абдуллина.
Оның айтуынша, суық тиіп, тұмауға шалдығуды тек салқын түскеннен не аяқ тоңғаннан болатын дерт деп ойлау қателік. Бұл тез тарайтын вирустық инфекция. Тұмау өршіген тұста балаларды далаға шығармай, оқшаулап қоюға да болмайды. Өйткені таза ауаға шығып ойнау бала ағзасы мен денсаулығына өте пайдалы. Сондай-ақ маман өз бетінше ем-дом жасау да қауіпті екенін еске салады.
- Көп жағдайда бала ЖРВИ-мен сырқаттанып қалса, кей ата-аналар өз бетінше балаға антибиотик бере бастайды. Бұл өте қауіпті екенін, балаға дәрі-дәрмекті тек дәрігерден кеңес алған соң беру керектігін ата-аналарға жиі түсіндіреміз, — дейді педиатр дәрігер.
ШЫНЫҒУДЫҢ ПАЙДАСЫ
Бала саулығына аса мән беру тұмау өршіген кезде ғана емес, бөкекжай-бақша мамандарының күнделікті ісі. Мәселен, балалар ұйықтайтын жатын бөлмелерге тұзды шам қолданылып, түрлі вирустардан залалсыздандырылып отырады. Ал балалар ұйқыдан оянған кезде міндетті түрде тұз ерітіндісіне, таза суға батырылған жолдармен жүреді. Бөбекжай мамандары бұл Рига шынықтыру әдісі, оның бала денсаулығына пайдасы оразан екенін айтады.
«Балалардың таза ауада көбірек серуендеуіне, далада ойынауына көңіл бөліп, түрлі қимыл-қозғалыс ойындары арқылы балалардың иммундық жүйесін күшейтуге мән береміз», — дейді «Мирас» бөбекжай-бақшасының әдіскері Тойған Жарбусынова.
Ал егер, баланың сырқаттанып тұрғаны байқалса, бірден педиатор дәрігер баланы ата-анасы келгенше жіті бақылауға алады.
АС — АДАМНЫҢ АРҚАУЫ
Дұрыс тамақтану — бала саулығының бірден-бір кепілі. Бөбекжай-бақшасында балалардың уақытылы тамақтануы мен ас мәзіріне мұқият қарайды. Ас мәзіріне дәруменге бай жемістер мен көкөністер міндетті түрде қосылған.
«Балалардың күнделікті ас мәзірінде жеміс пен көкөніс түрлері қосылады. Бұл біздің бөбекжай-бақшасының ас мәзірін жасауда міндетті түрде ескеріледі. Бүлдіршіндердің ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысының қалыптасуына аса көңіл бөлеміз. Өйткені денсаулықтың жақсы болуы дұрыс тамақтануға тікелей байланысты», — дейді «Мирас» бөбекжай-бақшасының директоры Светлана Ильясова.
БАЛАЛАРДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМЫТУ
«Мирас» бөбекжай-бақшасында бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы үшін барлығы қарастырылған. 350 балаға арналған бөбекжай-бақшасындағы әр топта екі тәрбиешіден қызмет етеді.
Балалар музыка, спорт зал, хореография, ағылшын және орыс тілі, бейнелеу өнері, психолог, логопедтің дәрісін алады. Ұлттық құндылықты бүлдіршінге ерте жастан сусындататын қазақы арнайы бөлме де бар. Тіпті бүлдіршіндерге қызықты кітаптар жинастырылып, кітапхана да ашылған. Балалалар тыңдау мен көру арқылы оқу дағдысын қалыптастырады.
«Балалардың абстрактілі ойлау қабілеттерін дамытатын түрлі танымдық ойындар, инженерлік қабілетті ерте жастан қалыптастыруға септігін тигізетін LEGO-ның түр-түрі бар. Әр ойыншық, әр ойын балалардың бойында жаңа дағды мен қабілетті дамытуы керек. Сондықтан балаларға қажетті ойын түрлері мен ойыншықтарды аса тиянақты таңдаймыз», — дейді бөбекжай-бақшасының директоры Светлана Ильясова.
«Мирас» бөбекжай-бақшасы директорының айтуынша, оқу процесі халықаралық IB PYP бакалавриаты мен Монтессори педагогикасының тәсілдеріне негізделген.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасы «NNEF» қоғамдық қорына қарасты білім беру ұйымы. Бұрын бұл бөбекжай-бақшасы «Теңізшевройл» қызметкерлерінің отбасыларының бүлдіршіндеріне арналған болса, қазір «Мирас» бөбекжай-бақшасының есігі бес жасқа дейінгі әр балаға ашық.
Дереккөз: Ақ Жайық