Ср. Ноя 13th, 2024

Демократ Харрис үнсіз. Республикалықтар, сонымен қатар, Сенат сайлауында да басымдық байқатып отыр. 

Республикашыл Дональд Трамп 2024 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жеткенін жариялады. Бұл мәлімдеме Fox News телекомпаниясы оның демократ Камала Харристі ұтқанын хабарлағаннан кейін жасалып отыр. Осылайша, Трамп төрт жыл бұрын Ақ үйден кеткеннен кейін саясат сахнасына таңғажайып нәтижемен қайта оралғанын байқатып отыр.

«Америка бізге бұрын-соңды болмаған күшті мандат берді», — деді ол сәрсенбі күні Палм-Бич округінің конгресс орталығындағы жанкүйерлер тобының ортасында тұрып. 

Басқа жаңалықтар агенттіктері Трамптың жеңісін жариялаған жоқ. Бірақ Трамп Пенсильвания, Солтүстік Каролина және Джорджия штаттарында басым түсіп, қалған төрт штатта алға шығып, жеңіске жақындап қалды деп хабарлайды Edison Research.

Харрис өзінің альма-матері — Ховард университетінде жиналған жақтастарының алдында сөз сөйлемеді. Оның сайлауалды науқанының тең төрағасы Седрик Ричмонд түн ортасынан кейін жиналғандардың алдында қысқаша мәлімдеме жасап, Харристің сәрсенбіде көпшілік алдына шығатынын жеткізді.

«Бізде әлі де саналатын дауыстар бар», — дейді ол.

Бұрынғы президент ауылдардан қала орталықтарына дейінгі барлық жерлерде өзінің 2020 жылғы көрсеткіштерін жақсарта отырып, елдің айтарлықтай бөлігінде күшінің басым екенін көрсетті.

Республикашылдар Батыс Вирджиния мен Огайо штаттарында Демократиялық партияны орындарынан ығыстырып, АҚШ Сенатында да көпшілік орынға ие болды. Осыған дейін республикашылдар аз ғана басымдыққа ие болған Өкілдер палатасында ешбір партияның басымдығы байқалмайды.

Трамп бұл сайлауға Ақ үйді қайтарып алуғаі 50-50 пайыз мүмкіндікпен қатысты. Ал 2021 жылдың 6 қаңтарынан бері көптеген сарапшылар оның саясаттағы ғұмыры аяқталғанын жарыса айтқанын ескерсек, бүгінгі сайлау қорытындылары Трамптың билік үшін күресте үлкен бетбұрыс жасағанын білдіреді. Айта кетсек, сол күні оның жақтастары 2020 жылғы сайлаудың нәтижелерін өзгерту үшін Конгреске басып кіргені белгілі.

Edison Research экзит-поллына сәйкес, Трамп осы жолы испандықтардан, яғни, дәстүрлі демократиялық сайлаушылардан және 2020 жылғы президенттік сайлаудан бері қымбатшылықты қатты сезінген табысы төмен үй шаруашылықтарынан көбірек қолдау тапты.

Трамп бүкіл ел бойынша испандық сайлаушылардың 45 пайызының дауысын иеленіпті. Бұл – 2020 жылғы нәтижеден 13 пайыз жоғары. Дегенмен, сол испандықтардың 53 пайызы Харристі қолдады.

Сайлаушылардың 31 пайызға жуығы экономиканы өздері үшін басты мәселе деп атады. Және де сол адамдардың 79 пайызы Трампқа, 20 пайызы ғана Харриске дауыс берген. Бүкіл ел бойынша сайлаушылардың 45 пайызға жуығы отбасылық қаржылық жағдайларының төрт жыл бұрынғыға қарағанда нашарлап кеткенін айтқан. Сонымен қатар, бұл тұрғындардың 80 пайызы Трампты, 17 пайызы Харристі жақтады.

Жаһандық инвесторлар болса, Трамптың жеңісін қошеметпен қабылдайтын тәрізді. «Рейтер» агенттігінің дерегінше, Трамп алға шыққаннан кейін АҚШ-тың биржалық фьючерстері мен доллардың және биткоинның құны күрт көтерілген.


Дереккөз: inbusiness.kz