Пт. Мар 14th, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады», — деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай — Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:

  • І Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытау облысында өтті.
  • ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
  • ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында президент Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын 2025 жылы Көкшетауда өткізуді ұсынған болатын.

«Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады.

Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS