Теміртауда зейнеткердің пәтеріне алдап кіріп, оны қорлап, соққыға жыққан жасөспірімдер қамауға алынды. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, жасөспірімдерге қатысты ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігі 3-тармақшасы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Барлық тоғыз күдікті, соның ішінде кәмелетке толмаған жеті адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Теміртау қалалық соты оларға екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады», — деді облыс прокуратурасы өкілдері.
Ең қатаң бұлтартпау шарасын таңдауға жасалған қылмыстың ауырлығы себеп болған.
«Бұл іс бойынша қажет сараптама тағайындалды, жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр», — деді прокуратура өкілдері.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Бұл дерек бойынша жеке тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Теміртауда жасөспірімдер зейнеткерді аяусыз соққыға жығып, видеоға түсіргені хабарланды. Видео әлеуметтік желілерде жарияланды.
Кадрларда жасөспірімдер зейнеткердің бетінен ұрып-соғып, түкіріп, балағаттағаны көрінеді.
Кейінірек Қарағанды облысы Полиция департаменті өкілі жасөспірімдер анықталғанын мәлімдеді.
Осы оқиғадан кейін шенеунік пен педагогтер жазаланды.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS