Сб. Ноя 9th, 2024

Үкімет жерлер «басқыншылардан» тазартылуда дейді.

Алматы облысында бармақ басты, көз қысты тәсілдермен жерлерді жаппай сату белең алғаны елге бұрыннан белгілі болатын. 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air-дің Fokker 100 ұшағының апатынан кейін бұл былықтарды бүкіл әлем білді. 28 желтоқсанда Президент Аза тұту күнін жариялады. Жердегі әуе апатынан 98 жолаушының 12 адамы қаза тапты. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Украина азаматтары болды.

Бауырын көтере алмай, биіктігін жоғалтып алған авиалайнер қалбалақтаған күйі ұшу жолағына жақын маңда заңсыз салынған коттеджге соғылған. Ешқандай ғимарат салуға болмайтын жер телімін баспана салуға беріп қойғаны үшін Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшылары Рустам Тұрысбеков 4 жылға, Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға, риэлтор Нұрайым Алданыш 2 жылға сотталды. Олар бүгінде бостандыққа шықты. Мәселе болса, шешілмей қалған.

Алматы облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауовтың айтуынша, қияндағы аудандарды қоспағанның өзінде, Алматы қаласының дәл іргесінде тұрған, облысқа қарасты Қарасай ауданының проблемалалары шаш етектен.

«Ол мәселелерді шешуге не облыс, не аудан, не ауыл әкімдері құлықты емес! Әрбір мәселеге тек жалтарма жауап қайтарумен шектеліп келеді. Мысалы, Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Кемертоған ауылында 160-тан астам тоқ подстанциясы бар екен. Оның барлығы – жекеменшіктің қолында. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін соларға 300–500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ техникалық талаптарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп, жарамсыз болуда», – дейді мәжілісмен.

Масқарасы сол, өңірде кең ауқымды тексерістер жүргізген шенеуніктер ол халықты «басқыншы» деп отыр: жерлер заңсыз таратылған, ол жерде рұқсатсыз үй салынған. Өз Отанында отырып, «захватчик» атанудан ауыр не бар? Кейбірінен жер кері қайтарып алынуда.

Депутат тере берсе, былық көптігін айтады. Биліктің бұған жол беріп, неге қарап отырғаны белгісіз.

«Кемертоғандағы көшелердің тозығы жеткен, жол мүлдем жоқ деп айтса болады. Кейбір көше жекеменшіктің қолына өтіп кеткен! Мәселен, Жасқыран, Шапағат көшелеріндегі тұрғындар өз үйлеріне көше арқылы кіріп-шыға алмайды. Себебі, көше түсуге тиіс телімдер бүгінде жекенің қолында. Жергілікті автокөлік жолдары, өндірістік аймақтардың жерлері бөтен біреулердің жер учаскесі болып кеткен», – деді Данияр Алдабергенұлы.

Жалпы алғанда, оның байламынша, Қарасай ауданында, бүкіл облыста жер мәселесі ушығып тұр. Тіпті су қорғау белдеулерінің аумағында, қызыл аймақтарда жаппай құрылыс салынып жатқан көрінеді. Іле-Алатауы ұлттық саябағының қорғау аймағында, мүрделердің санитарлық қорғау аймағында тұрғын үйлер соғылуда. Рекреациялық аймақтар шетінен қысқартылған көрінеді.

Осыған байланысты Мәжіліс таяуда атқарушы-қадағалаушы органдарға бірнеше талап қойды. Біріншіден, Бас прокуратурадан электр жабдықтау ұйымының 2021–2023 жылдардағы шаруашылық қызметін прокурорлық тексеруді сұрады. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын тегіс қайта қарауды тапсырды. Үшіншіден, Үкіметтен облыстағы әкімдердің шешімдерінің Жер кодексіне және басқа заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексерісті ашуды талап етті.

Өз кезегінде ел Президентінің тікелей тапсырмасымен Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) да Алматы облысында төл тексерістерін жүргізді. Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік аудиторлар Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігін жан-жақты тексерген. ЖАП басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылы Алматы облысы екіге бөлінгенін, бұрынғы орталығы Талдықорған енді жаңа Жетісу облысының орталығына айналғанын, ал, Алматы облысының әкімдігі оның жаңа орталығы Қонаев қаласына кеткенін еске салды.

Негізі, Алматы облысында ілгерілеушіліктер байқалады, экономикалық жаңғыру үстінде. 2023 жылы өңірде 30-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды, бұл мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ірі инфрақұрылымдық жоба – ұзындығы 66 км құрайтын Үлкен Алматы айналма автожолы (ҮАААЖ) іске қосылды. Қонаев пен Алматы арасындағы G4 City спутниктік қалалар жобасы қайта жанданды.

Алайда аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы көптеген жөнсіздікті әшкереді.

«Мердігерлік ұйымдардың бюджеттік инвестжобаларды іске асыруды кешіктіруі салдарынан туындаған жүйелі проблемалар жергілікті бюджетке қосымша ауыртпалық түсіруде. Мәселен, 2022 жылы құны 129 миллиард теңгеден асатын – 110 жоба, 2023 жылы 110 миллиард теңгеден асатын – 81 жоба өз мерзімінде аяқталмаған. 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмауына байланысты тоқтап тұр», – деді Ә.Смайылов.

G4 City жобасы аясында 10 жылдан астам уақыт бұрын іске асыру басталған қазіргі Алатау қаласының объектілерімен байланысты бұзушылықтар әшкереленді.

«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны тұрақтандыру тетігін іске асырамын деп, бюджеттен 4 миллиард теңге алған. Соның тек 1,5 миллиардын немесе 38%-ын нысаналы мақсатына жұмсады. Қалған 2,5 миллиард теңгені (62%-ын) тұрақты түрде банктік депозиттерге салып, сыйақысын сыпырып отырған.

Жалпы, аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде Алматы облысында жалпы сомасы 16,7 миллиард теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Бүгінде ЖАП оның 96%-дан астамын орнына келтірді.

Тұтастай алғанда, Алматы облысы әкімдігінің жұмысынан 485 рәсімдік бұзушылық және 20 жүйелік кемшілік әшкереленіпті.

Бұл облысқа төл тексерушілерін жолдаған Үкімет басшысы да біраз былықты біліп, бас шайқап отыр. Оның шет-жағасын жария етті. Мысалы, Үкіметтің ревизорлары Кемертоған ауылының неге электр қуатымен және ауыз сумен қамтылмағанын анықтады.

«Соңғы жылдары Алматы облысындағы Қарасай ауданының Кемертоған ауылында тұрғындар мен баспаналар саны едәуір өскен, соның ішінде бірқатар үйлер ретсіз салынған. Құрылыс жаңадан салынатын жерлерде коммуналдық инфрақұрылым желілерінің болмауына байланысты ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді 4 жеке кәсіпкер өз бетінше жүргізуде», – деді Премьер Олжас Бектенов депутаттарға хатында.

Ауыл халқы осы саланы «басып алған» жекеменшік ұсақ монополистердің құрығынан ұзақ құтылмайтынға ұқсайды. Өйткені, Үкімет басшысының мәліметінше, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін облыс әкімдігі «Кемертоған ауылының су жүйесін жаңғырту және қайта салу» аталатын жобаның 1-кезеңінен аса алмады: әлі күнге оның жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеуде. Құжат жасауға ғана жергілікті бюджеттен 10,9 млн теңге бөлінді.

Қуатпен қамтуда да ұқсас жағдай қалыптасқан.

«Ретсіз салынған үйлерді электр қуатымен жекеменшік 11 электр желісі қамтамасыз етуде. Бұл кемшілікті жою мақсатында облыс әкімдігі ауыл тұрғындарын тұрақты электр энергиясымен жабдықтау үшін ЖСҚ әзірлеуге 6,6 млн теңге қаржы қарастырды. ЖСҚ-ға сараптаманың оң қорытындысы алынса, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру мәселесі бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен пысықталатын болады», – деді Бектенов.

Мәжіліс Бас прокуратурадан өңірді тексеруді сұрағанын әлгінде айттық. Ол не болды? Бас прокуратураның хатында «Қарасай ауданының Кемертоған ауылында орналасқан электр желілердің техникалық талаптарын тексеру прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтіні» айтылған. Сондықтан қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратура өзге меморгандардың функцияларын алмастырмайтынын хабарлап, тексеру тағайындауға негіз жоқ деп қысқа қайырды.

Депутаттар, қоғам өкілдері Алматы облысында тіпті ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың жерін әлдекімдер иемденіп алып, сарай, коттедж, демалыс базасын, тұрғын үйлерді салып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл жағдайды да Үкімет назарға алыпты.

«Заңсыз құрылыстар және жер мәселесіне келсек, облыс әкімдігі тарапынан «Алматы облысының аумағындағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы» 2015 жылғы 15 маусымдағы №255 қаулысы бекітілді. Аталған қаулыға сәйкес, ұлттық парктің күзет аймағында жаңа елді мекендер құруға және қазіргі елді мекендерді кеңейтуге тыйым салынды. Бұл мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауында», – деді Бектенов.

Бірақ әкімнің «бәрі бақылауда» деп сендіргеніне малданбай, Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігіне Қарасай ауданындағы Ақсай өзенінің су қорғау аймағы мен белдеуінде орналасқан құрылыстарға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуді тапсырған екен. Тексеру жұмыстары былтыр басталып, биыл жалғасқан.

Соның нәтижесінде, Су кодексінің талаптарын бұзған азаматтардың 5 заңсыз объектісі мәжбүрлі түрде бұзылып, тиісті айыппұлдар салынды.

2022–2024 жылдар аралығында Қарасай ауданының жергілікті атқарушы органдарына тексеру жүргізу барысында жер заңнамасы талаптарын бұза отырып қабылдаған 16 қаулы анықталды. Оларға қатысты тиісті нұсқамалар енгізілді. Премьердің мәліметінше, кемшіліктерді жою үшін жергілікті әкімдіктер заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Алматы облысында жерлер тек тұрғын үй немесе кәсіпкерлік ғимарат салу үшін ғана емес, сондай-ақ мал өсіріп, бақша, егін салу үшін таратылған. Алайда оның көбі пайдаланылмай, бос жатыр. Қазақстандағы ірі латифундистердің үлкен бөлігі осы өңірде екені бұрын айтылатын. Ел басшылығынан бұл өңірдегі пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма түсіпті.

Тапсырманы орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерінің мақсаты бойынша пайдаланылмауына қатысты шаруашылық субъектілеріне жалпы саны 145 жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексерулер қорытындысында шаруашылық субъектілеріне қатысты 162 әкiмшiлiк іс қозғалып, айыптылар әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде 4-еуі ескертумен құтылды. 158 жер иесіне жалпы сомасы 13,1 миллион теңге айыппұл салынған.

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жалпы ауданы 388 863 гектар жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.

«Алдағы уақытта Алматы облысының жергілікті әкімдіктері немесе Іле Алатауы ұлттық саябағы тарапынан нақты бір жер учаскелерін тексеру туралы құжаттар келіп түссе, заң талаптарына сәйкес салалық министрлік тексеру жұмыстарын жүргізетін болады», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.


Дереккөз: Inbusiness.kz