Сб. Ноя 23rd, 2024

Иран астанасын ауыстыру дайындығына кірісті. Ол елдің оңтүстігінде орналасады.

Иран оңтүстікте Оман шығанағымен және Парсы шығанағымен шектеседі. Араб елдерінен қауіп аздау болғандықтан, осы шешім елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайта түсуі мүмкін.

Мемлекет батысында – Түркиямен және Иракпен (оның ар жағында Израиль тұр), солтүстік-батысында – Әзербайжанмен және Армениямен, шығысында – Пәкістанмен және Ауғанстанмен, солтүстігінде – Түрікменстанмен және Каспий теңізімен шектеседі. Яғни, жаңа астанасы солтүстіктен қарама-қарсы бағытқа орын ауыстырып, Қазақстаннан қашықтайды.

Иранның таяуда сайланған жаңа Президенті Масуд Пезешкиан Үкіметтің отырысында Ислам Республикасының астанасын көшіру жоспарын әзірлеу жұмысы басталғанын жариялады. Бұл туралы мемлекеттік ISNA агенттігі хабарлады.

Жаңа Президент жаңа астанаға арналған жобаны дайындауға жауапты тұлға ретінде өзінің бірінші орынбасары Мохаммад-Реза Арефті тағайындады. Ол осы ұлттық мегажобаның лайықты жүзеге асуына дербес жауапкершілік арқалайтын болады.

Масуд Пезешкиан қаланың ластанып кеткеніне назар аудартты. Астананы ауыстыруға сол да бір себеп болған екен.

Ресей және Солтүстік Кореядан кейінгі әлемдегі ең ауыр халықаралық санкцияларға іліккен Иран экономикасы шатқаяқтап тұр. Мұндай жағдайда астананы ауыстыру шығынын бюджет көтере ала ма?

Иранның бірпалаталы Парламенті Меджлистің ішкі саясат комитетінің мүшесі Сейед Рухолла Мусави бұл идеяны жүзеге асыруға мемлекеттің күш-қуаты жететінін мәлімдеді. Оның пікірінше, тек тиісті алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілуі қажет.

Мысалы, жаңа астананың тұрғындары тұрақтауы үшін оның орнында алдымен заманауи инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, әлеуметтік инфрақұрылым салынып, өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалуға тиіс.

Бірқатар ақпарат құралдары ел астанасы ретінде елдің оңтүстік шекарасы жақтағы қазіргі қалалардың бірі іріктелетінін жазуда.

Түркияның «Анадолу агенттігі» Иран астанасын ауыстыру Пезешкианның төл бастамасы емес екенін еске салды. Иран астанасын өзгертуге бағытталған алғашқы жоспар 2013 жылы қабылданыпты.

Содан бері шегеріле берген. Осы жолы тиісті жұмыстардың басталып кеткені туралы Үкімет отырысында жарияланған шешім «қоныс аудару» процесінің жеделдетіліп жатқанын паш етті.

«Хатам әл-Анбия» штаб-пәтеріне сапары кезінде сөз сөйлеген Президент Пезешкиан бірқатар факторларға, соның ішінде бірінші кезекте экономикалық себептерге байланысты Тегеранды ел астанасы ретінде әрі қарай қалдыра беруге болмайтынын айтты.

«Теһран шешілуі енді мүмкін болмай қалған проблемаларға душар болды. Біз не істесек те, тұйыққа тіреліп, босқа уақыт жоғалтып жатырмыз. Сондықтан бізде еліміздің экономикалық және саяси орталығын оңтүстікке, теңізге қарай көшіруден басқа таңдау қалмады», – деді Иран Президенті.

Түркиялық саяси шолушы Ахмет Тұрсынның (Ahmet Dursun) мәліметінше, Тегеранда қазіргі кезде шамамен 20 миллиондай адам тұрады (яғни, бүкіл Қазақстан жұртшылығы бір қалаға сыйып кеткен). Салыстырғанда, мысалы, әлемнің қаржылық астанасы Нью-Йорктің өзінде небәрі 8,5 миллиондай адам өмір сүруде. Тек «Үлкен Нью-Йорк» атауымен белгілі айналасындағы агломерациясында 26 миллиондай тұрғын тұрады.

Сондықтан Иранның бас қаласын шектен тыс қоныстандырылған Тегераннан басқа қалаға ауыстыру туралы шешім 2013 жылғы 25 желтоқсанда қабылданды. Сол кезде бұл шешімді ел Мәжілісінің 290 депутатының 110-ы қолдаған. Шешімді мақұлдауға осының өзі жетіпті. Алайда содан бері бұл бағытта ешқандай қадам жасалмаған.

Осы елге саяхатшылардың сапарын ұйымдастырумен айналысатын белгілі туристік компанияның маманы Галина Большакованың айтуынша, Теһран шынымен қатты ластанып барады. Басқа да проблемалары толып жатыр.

«Тегеранда ең құрығанда бір рет болған адамдардың көбі оны «сұрықсыз», «тартымсыз», «лас» деп атайды. Бұл ретте Теһран 1786 жылы геосаяси себептерге байланысты астана ретінде «тағайындалған». Содан бері ел билеген шахтар жиі ауысты, бірі орнынан тайдырылды, бірі қастандықпен өлтірілді, басқасы елден аласталды. Мұндай аласкүлес, аумалы-төкпелі заманда жаңа шаһардың құрылысын жүйелі түрде жүргізу мүмкін болмаған», – деді маман.

Салдарынан, оның айтуынша, бүгінде Иранның астанасы кеспірсіз, көркемдіктен ада бетон қорапшаларға, сәулет-салтанаты жоқ саман жеркепе үйлерге, әркім өз білгенінше салған қазіргі сарайларға толы. Көшелері иқы-жиқы, бейберекетсіз түзілген екен.

Турфирма маманының айтуынша, соған қарамастан, шаһарда көруге тұрарлық, көз қуантарлық көрнекті орындар жетерлік. Мысалы, туристерге есігі ашық «Асыл заттар музейі» ұлттық қазынасында нағыз гауһар-бриллианттар және одан жасалған бұйымдар – XVI ғасырдан бастап, Иран шахтарының әулеті пайдаланған декоративті тақтар, тәж бен тиаралар, бағалы тастар инкрустацияланған қылыштар мен қалқандар, құнды металдан жасалған ыдыс-аяқтар, мұхиттары зүбәржат-изумрудпен бейнеленген, меридиандары мен параллелдері алмаспен белгіленген алып алтын глобус сияқты ұшантеңіз байлық сақталған.

«Голестан» сарайлар ансамблі де тек Тегеранда ғана бар. Бүкіл Ирандағы ең әсем әрі атақты сарайлар желісі шахтың резиденциясы мен мешіті болған. Іргетасы екі жүз жыл бұрын қаланған. Салтанаты таңдай қақтыратын бұл сарайлар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасына кіреді. Өзге де көрнекті орындары табылады.

Тарихқа жүгінсек, Мидия патшалығы тұсындағы Экбатана, Ахеменид империясы кезіндегі Пасаргады сияқты байырғы Иранның орталық шаһарларын айтпағанда, XVI ғасырдың басынан бері бұл көршіміз астанасын 7 рет өзгертіпті:

  • Тебриз – Сефевид империясы (қазақтарға, түркі әлеміне «қызылбастар», Kızılbaş атауымен белгілі);
  • Казвин – Сефевид империясы;
  • Исфахан – Сефевид империясы, сондай-ақ Хотаки Әмірлігі, қайтадан Сефевид империясы;
  • Мешхед – Афшарид империясы;
  • Шираз – Зенд империясы;
  • Исфахан – Зенд империясы;
  • Тегеран – Каджарлық Иранның, Шаханшах Иран мемлекетінің және қазіргі Иран Ислам Республикасының астанасы.

Келесі жаңа астанасының нақты орны және атауы әзірге жарияланбады.


Дереккөз: Inbusiness.kz