Вт. Дек 3rd, 2024

Үш айыпталушы бас бостандығынан айырылды.  

Азаматтық істерді талдау нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы нарықтық құны 300 млнтеңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке меншік құқығын заңсыз иемдену схемаларын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Күдіктілер Тараз қаласында иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, жалған құқық белгілейтін құжаттарды жасап, басқа тұлғаларға сату мақсатында жеке бас пайдасына оларды иемденген.

Аталмыш қылмыстар заңсыз шешімдердің қабылдануына ықпал еткен сотқа қолдан жасалған дәлелдемелерді ұсыну, жалған сот шешімдерін, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырылған.

Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық іс тіркеді.

Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес меншік иелері (өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлер) болмауына байланысты аталған объектілер әкімдіктің талап қоюлары бойынша соттың иесіз деп танылуына және коммуналдық меншікке айналуына жататынын атап өту керек.

Былтырғы жылы 20 объектінің 3-еуі бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ағымдағы жылы Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 6 қазандағы үкімімен 2 пәтерді жымқырғаны үшін екі тұлға 2-ден 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жылжымайтын мүліктің қалған 15 объектісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қазіргі уақытта облыс прокуратурасының ұсынуы бойынша жергілікті атқарушы органдар жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдауда.


Дереккөз: inbusiness.kz